70-тен аса жапондық журналистер Сассуолоға, 12-ші қаңтар күні кешкісін, “Милан” сапындағы бірінші матчын өткізгелі жатқан Кейсуко Хонданың ойының тамашалауға келген. 66-ші минутта Хонда алаңға шыққан кезде, олардың әңгімесі жерлесі жайлы емес, ал Милан қақпасына ол уақытқа дейін 4 гол салып үлгерген 19 жасар Доменико Берарди жайлы болғаны анық. Ол, әйгілі Сильвио Пиолиден кейінгі “А Сериясында” бір матчта покер еншілеген ең жас ойыншы, және “Милан” қақпасына бір ойында 4 гол салған жалғыз шабуылшы.
3 жыл бұрын, “Сассуоло” командасының скауты Лучиано Карлино, Италияның солтүстік-батысындағы, Модена шаһарындағы көшелердің бірінде футбол ойнап жүрген жас балаға көзі түсіп, команданың басшылығын хабардар етіп, “Сассуолоның” жастар құрамасына шабуылшы етіп алады. Ал, 2012 жылдың тамыз айында негізгі құрамдағы алғашқы ойынын өткізеді. Ол маусымды “Сассуоло” Италияның “Б Сериясында” бастаған болатын. Төменгі дивизионда өнер көрсетіп жүрсе де, “Манчестер Сити”, “Ливерпуль” сияқты алпауыттардың назарын өзіне аудартады. Сол маусымның аяғында команда “Б Сериясын” жеңіп алып, “А Сериясына” жолдама алады. Енді 19 жасар ойыншы тек “Сассуолоның” ғана ойыншысы емес, “Ювентустың” да ойыншысы ретінде маусымды бастайды. Себебі, туриндік клуб футболшыға тиесілі 50 пайыз құқықты сатып алған болатын.
“Милан” қақпасына покер жасап, келесі маусымда “Кәрі Синьора” сапында алаңға шығуға үлкен қадам жасады, Берарди. Қазір маусым аяғына дейін Сасуолоға “А Сериясында” өз орнын сақтап қалуға өз үлесін қосып, алаңға жиі шығып өз шеберлігін арттыруға да мүмкіндігі бар. Негізі, бұл жас ойыншы былтырғыдан биыл нәтижелі ойын көрсетуде. Егер өткен маусымда “Б Сериясында” 37 ойында “Специя”, “Бари”, “Чезена” сияқты командаларға 11 гол салса, осы маусымда “Фиорентина”, “Парма”, “Милан” сияқты командалардың қақпасын дәлдікке алып, жалпы 14 ойында 11 голды өз еншісіне жазған. Бұл прогресс, әрине.
Жақында ғана командаласы, қорғаушы Франческо Маньянелли “Берарди Ювентус сияқты алпауыт команданың сапында өнер көрсетуге әлі дайын емес” деген болатын. “Миланмен” болған ойында, 19 жасар ойыншыны жанкүйерлер қалай қошеметпен алаңнан шығарып салғанын көріп, бәлкім пікірін өзгертер. Берарди бұл қуанышын, қазіргі таңда рак ауруымен күресіп жатқан, команданың орталық қорғаушысы Франческо Ачербиге арнады.
http://www.youtube.com/watch?feature=player_embedded&v=o5jw3x53S3o
Мүмкін, біздің көз алдымызда жанкүйерлер, журналистер аузынан түспес болашақтың Мессиі, Роналдуы өсіп келе жатқан болар. Қазірдің өзінде “екінші Индзаги” деген лақап аты да пайда болды. Иә, Италияның өзі де бір кездері ел мақтаныштары болған Роберто Баджо, Филиппо Индзаги, Алессандро Дель Пьеро сияқты ойыншыларды аңсайтыны анық.
Дайындаған: Фараби ӘБДІХАЛЫҚ