Қазір бізде бүкіл Қазақстан бойынша кәсіби тұрғыда футбол ойнайтындар саны – бар болғаны 5-6 мың адам төңірегінде. Ал басқа елдерді алсақ, шағын ғана Голландияның өзінде 150 мыңдай футболшы бар. Өкінішке қарай, бізде футболшылар тым аз.
– Әділбек Рыскелдіұлы, Қазақстан футбол федерациясының атқару комитеті маусым соңында кезекті отырысын өткізіп, бірталай өзгеріс енгізіпті. Мәселен, Кәсіпқой футбол лигасын құрыпсыздар. Ал төрешілер кімге бағынатын болады?
– Қазақстан футбол федерациясының атқару комитетінде көптеген өзекті мәселе қаралды. Ең бастыларына тоқталар болсам, Кәсіпқой футбол лигасын құру жөнінде шешім қабылдадық. Бұл лиганың басшысы бар. Бірақ оның құрамына ел чемпионатындағы премьер-лига мен бірінші лигадағы клубтардың басшылары кіреді. Өзінің басшы органы – кеңесі болады. Олар ел чемпионатын өздері ұйымдастырып, ақылдасып-кеңесіп отырады. Жауапкершілік жүгін арттыру мақсатында осындай тәуелсіз лига құрып отырмыз. Яғни барлық клуб ел чемпионатының қызықты өтуіне мүдделі болады. Ал төрешілер тікелей атқару комитетіне бағынатын болады. Яғни төрешілер департаменті (комитеті) тәуелсіз болады, тек атқару комитетіне қарайды.
– Биылғы маусымда төрешілердің теңбіл доп додасына қазылық етулеріне байланысты наразылық аз болған жоқ. Тіпті арты дау-дамайға ұласқаны да бар.
– Енді... Төрешілерге наразылық та – футболдың бір бөлігі. Төрешілердің қателігі көптің әңгімесіне арқау болып, сан-саққа жүгіртілуде. Әркім арқалай болжам айтып, отқа май құя түсетіндері де бар. Жалпы, даттайтындары да бар, ақтайтындары да бар. Бұл түсінікті. Бірақ сіздер федерацияның жұмысын жіті қадағалап отырған болсаңыздар, біздің саясатымыз ел біріншілігінде бәсекелестіктің, төрешілерге қойылатын талаптың өте жоғары болып, доп додасының тартысты өтуіне бағытталғанын байқайсыздар. Алайда төрешілердің арасында қателесіп, тіпті өрескел қателік жіберіп, жаза басқандары да бар.
Бұл жерде өзіңіз меңзеп отырған «Тараз» бен «Тобыл» арасындағы кездесуді алуға болады. Бұл ойында төреші Сергей Пасько өрескел қателік жіберді. Жаза басты. Оның жаза басуы, әсіресе таза соғылған голды есепке алмауы, ақылға сыймайды. Ойынның нұсқаушысы да осы ойынға қазылық еткен төрешілердің жұмысын өте төмен бағалады. Сол ойыннан кейін дауды шешу жөніндегі комитет жиналды. Өздеріңіз білесіздер, сол матчта жанкүйерлер наразылық білдірді. Сөйтіп, төрешілер жазаға тартылып, ойынды қайта өткізуге шешім қабылданды. Бұл шешімді аталмыш комитет өз бетінше қабылдады, осындай кесімді шешім қабылдауға оларға ешкім қысым көрсеткен жоқ. Мысалы, мен мұны ертеңінде бір-ақ білдім. Бас хатшы іссапармен Мәскеуде жүрген.
Менің пікірімше, біз бұрын-соңды болып көрмеген шешім қабылдадық. Иә, өте қатаң шешім. Меніңше, түптің түбінде УЕФА-ның өзі осыған келеді, дау-дамайлы ойындар қайта өткізілетін болады. Өйткені қазір бәрі де футболдағы көз қысты, бармақ басты кеселмен күресуде. Меніңше, біз әуелі принципті шешім қабылдадық. «Таразға» да, «Тобылға» да бүйрек бұру болған жоқ. Бірақ артынан бәрін саралап, «ойынды қайта өткізу» керек деген шешімді өзгерттік. Ал «төрешілерді қазылық етуден аластату» жөніндегі шешім сол күйінде қалды. Менің ойымша, бұл – біздегі төрешілерге деген талапты күшейтуге қажет, сабақ болар шешім.
– Сіз «ойынды қайта өткізу керек» деген шешімді қолдадыңыз ба, жоқ әлде, қарсы болдыңыз ба?
– Өз басым бұл шешімге қарсы болдым. Себебі ел чемпионатында болмаған оқиға жүзеге асып, оны сан-саққа жүгіртушілер көбейіп кетер еді. Әзірше біздің футбол осындай дау-дамайлы ойындарды қайта өткізуге әлі дайын емес.
– Жалпы, біздің чемпионаттағы төрешілер мәселесінің төркіні неде? Неге осындай наразылықтар туады?
– Мәселе – төрешілердің біліктілігінің төмендігінде. Мен футболдың ішінде, маңында көптен бері жүрмін. Алты жыл Астананың әкімі болғанымда, біздің командамыз ел чемпионатында ойнады. Сол кезде көптеген келеңсіздіктің куәсі болғанмын. Ол кезде жағдай мүлде басқа еді. Маусым басында қай клубтың чемпион болатындығын білетінбіз. Маған клуб басшысы «барлық жерде осылай» деп, сендіруге тырысқан. Кейін ел футболын басқарғанда, бірінші кезекте мен осы мәселемен күресуді алға қойдым. Содан бері футболымыздағы осы кеселмен күресіп келеміз.
Естеріңізге түсіріңіздерші, қаншама жағдай болды, шатақ шықты. Қанша адамды жазаладық. Қанша адамға футбол саласында қызмет етуге тыйым салдық. Кейбір клубтарды тірнектеп жинаған ұпайларынан да айырдық. Осылай ел чемпионатының әділетті өтуіне күш салып жатырмыз. Әрі матчтардың нәтижесін алдын ала келісуге қарсы күресті бірінші болып біз бастадық. Бізден кейін Ресей де қолға алып, қазір УЕФА-ның өзі бұған айрықша көңіл бөлуде. Осылай біз ел чемпионатына жоғарыдан ықпал етуді жойдық.
Десек те, төрешілер арасында, клубтар арасында бұл кесел әлі жойылмай отыр. Оны несіне жасырайық. Әлі де болса төрешілердің аузын алуға болады. Әлі де болса клубтар арасында көзге көрінбейтін осындай өзара келісімдер бар. Әрине, осыдан төрт-бес жылғы «Шахтер» мен «Восток» арасындағыдай ойындар қазір жоқ деп ойлаймын. Әйтсе де түбегейлі жойылып кетті деп те айта алмаймыз.
Жалпы, төрешілер тек бізде ғана қателесе бермейді. Чемпионатының деңгейі өте жоғары елдерде де төрешілер қателесіп жатады. Мысалы, көпшілік сүйіп көретін Англия чемпионатын алайық. Осыдан бірер күн бұрын «Манчестер Юнайтед» пен «Челси» ойнады. Сол ойында төреші жаза басып, Лондон клубының екі ойыншысын алаңнан аластатқан жоқ па?
Сондықтан премьер-лигадағы клубтардың санын азайтуды қолға алып отырмыз. Көш соңында салпақтаған осал командалар маусым соңында «ойынды сатпасын» деп, олардың сандарын азайтып келеміз. Мысалы, 2014 жылғы маусымда премьер-лигада 12 команда ғана ойнайды. Алдағы маусымда премьер-лигадан көш соңында қалған үш клуб бірінші лигаға түсіп қалады да, бірінші лигадан бір ғана команда келеді.
– Әділбек Рыскелдіұлы, ел чемпионатындағы легионерлер саны көбеймесе, азаймай тұр. Қосалқы құрамдар арасында да біріншілік өткізіп келеміз, қаншама ойыншы сол додада тәжірибе жинақтап жүр. Ендеше, легионерлер санын қысқартуға болмай ма?
– Өкінішке қарай, бізде резерв те жеткіліксіз, жоғары деңгейдегі футболшылар да аз. Соның кесірін ел чемпионатындағы клубтарымыз да, халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрамамыз да тартуда. Премьер-лигадағы клубтар санын қысқартуымызға да жоғары деңгейлі футболшылардың жетіспеушілігі себеп болуда. Қазір бізде бүкіл Қазақстан бойынша кәсіби тұрғыда футбол ойнайтындар саны – бар болғаны 5-6 мың адам төңірегінде. Ал басқа елдерді алсақ, шағын ғана Голландияның өзінде 150 мыңдай футболшы бар. Өкінішке қарай, бізде футболшылар тым аз.
Осыған орай, біздің басты мақсатымыз – бұқаралық футболды дамыту, футболға қызығушылар санын арттыру. Біз футболшылар таңдап алуда қиналамыз. Таңдайтындай футболшыларымыз да көп емес. Ал легионерлер сол олқылықты толтырып, бәсекелестік туғызып отыр. Әрі біздің футболшылар соларға қарап өседі, солармен бірге ойнап (жаттығып) тәжірибе алмасады, үйренеді. Бірақ легионерлерге де шектеу қойып, оларға деген көзқарасымызды өзгерттік.
Осыдан бірер жыл бұрын қалай еді? Отыздан асқан «ардагерлер» қаптап кеткен жоқ па еді. Көбі жасыл алаңдағы карьераларын аяқтауға, тек ақша табуға келген-ді. Қазір 30 жасқа дейінгілермен ғана келісімшартқа отыруды талап етеміз. Әрі өз елінің ұлттық құрамасының сапында ойнаған, тәжірибелі футболшы болсын дейміз. Меніңше, қазіргі легионерлер саны бүгінгі жағдайымызға сай деп ойлаймын (алаңға әр команданың сапында бес легионер шыға алады, ал хаттамаға алты легионер тіркеуге болады).
Есесіне, біз «жасыл алаңға әр команда сапында 21 жасқа дейінгі бір футболшы шығуы керек» деген талабымызды өзгертпей келеміз. Осылай өзіміздің жас футболшыларға тәжірибелі ойыншылар арасындағы додада шеберліктерін шыңдай беруіне мүмкіндік беріп келеміз. Мұндай талап, ереже басқа елдерде жоқ. Бірақ мұны бәрі құптайды, қызығады. УЕФА-ның өзі қолдап отыр. Еуропа елдері өз клубтарына мұндай талап қоя алмайды. Себебі бұл олардың еңбек туралы заңдарына қайшы. Ал біз әзірше осындай қадамға бара аламыз әрі соны пайдаланып жүрміз.
– Құрама сапында экс-ресейлік ойыншылар көбейіп кетті. Олардың деңгейі өзіміздің футболшылардан анағұрлым жоғары болса, дау жоқ қой. Мысалы, Шмидтгаль жөнінде ешкім де реніш білдірмейді. Ал Дмитриенко, Коробкин, Рожков сынды футболшылар ұлттық құраманы күшейтті деп айта алмаймыз. Құрама сапына Ресейден келген, орта деңгейлі алты футболшыны алғанша, «Шахтердің» екі орталық қорғаушысын алған тиімді болмас па еді? Сол екеуінің арқасында «Шахтер» ел чемпионатында голды бәрінен де аз жіберді. Жалпы, орта деңгейлі шетелдік футболшылардың қажеті қанша? «Құласаң – нардан құла» дегендей, алсақ, деңгейі өте жоғарыларын тартайық та.
– Түсінікті. Мен тек сізбен келісемін.
– Біздің клубтарымызда тұрақтылық жоқ. Командалар құрамын жыл сайын жаңартады. Ойыншылар көшіп-қонып жүреді. Мысалы, жақында ғана аяқталған маусым басында «Қайрат» пен «Тараз» 15 трансфер жасады, «Астана» құрамына 12 ойыншы қосты. «Ақтөбе» 11 футболшысын ауыстырды. Футболшылары жиі ауысатын, құрамы сапырылысқан клуб жанкүйерлер сүйіспеншілігіне ие бола алмайды. Сол себептен бізде трансферге шектеу қоюға болмас па екен? Сонда команда сапындағы жастардың да мүмкіндіктері арта түсер еді.
– Өте орынды ұсыныс. Мұны саралап, талқылауға болады. Әрине, біздегі клубтар ойын сапасын арттыру мақсатында көп ойыншы алмастырып жүр. Өйткені бізде бәрі де клубты қаржыландыру мәселесіне байланысты. Қаржының бөлінуі де әр жылы әрқалай. Шындығын айтсақ, әкімге де байланысты. Бұл – біздің футболымыздың буынсыз, сорақы мәселесі. Шетелдердегідей теледидар таратылымынан да ақша табу мүмкін болмай келеді. Себебі жарнама берушілер жоққа тән. Нарық аясы тым тар. Инвестиция құятын жеке тұлғалар жоқ. Мысалы, біз былтыр «Қайрат» клубына «ҚазРосГаз» компаниясы демеуші болғанда қуандық. Футболымызға іргелі инвестор келді деп мәз болдық.
Сіздің айтып отырғаныңызды «Шахтердің» қазіргі жағдайымен байланыстыруға болады. Кеншілер клубы бірінші рет екі жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Бірақ бұл жетістікке «Шахтер» оңайшылықпен жеткен жоқ. Бұл жетістік – соңғы үш-төрт жылғы жұмыстардың жемісі. Кенді өлкенің әкімдері де сүбелі үлес қосты. Әуелі Нұрлан Нығматулин команданың жағдайын түзеп, одан соң Серік Ахметов оны одан әрі жетілдірді. Әзірше біздің футболымыздағы тұрақтылық осы командадан сезіледі. Мысалы, Финонченко басқа клубқа ауыспай, өз клубына адалдық танытуда. Серб футболшылары да кеншілер клубына тұрақтады. «Ақтөбе» клубы да жылда бапкер ауыстырмай, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр.
Бірақ мұның бәрін өткінші құбылыс деп ойлаймын. Уақыт өте келе бізде де жергілікті түлектер саны көбейеді. Бізде 90-жылдары ізбасарлар дайындау мәселесі ақсап қалды. Стадиондар болмады. Қазір бәрі де оңалып келеді. Стадиондар да көбейе бастады. Мысалы, жақында мен Шығыс Қазақстан облысында болдым. Әкім биыл 60 футбол алаңын салдырыпты. Келесі жылы 100 футбол алаңын салдыруды жоспарлап отыр екен.
Сол сияқты бүгінде басқа да облыстарда стадиондар мен футбол алаңдары салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Астанада барлық аулада дерлік футбол алаңы бар. Біз бірнеше аймақта футболдан арнайы мамандандырылған балалар мектептерін (орталықтарын) аша бастадық. Бұл – біздің қолға алған маңызды жобамыз. Қазір біз әкімдіктермен, жергілікті органдармен жұмыс жасап, төбесі жабық футбол манеждерін салуды қолға алып жатырмыз. Бұл футболды қысы-жазы ойнау үшін керек. Әрі біздің алдағы уақытта ел чемпионатын күз-көктем жүйесінде өткізуге мүдделі болып отырғанымызды білесіздер.
– Мүмкін, Елбасы барлық әкімдерге «өз өңірлеріңде футболды дамытуға күш салыңдар» деп нұсқау берсе немесе мемлекеттік бағдарлама қабылданса, ісіміз алға басар ма еді?
– Бұл – әкімшіліктік ресурс қой. Футбол – өте күрделі құрылым. Оны бұйрық беріп, бар мәселесін шешіп тастай алмайсың. Онда Қытай баяғыда әлем чемпионы болар еді ғой. Футболды дамытуға, өркендетуге қомақты қаржы керек. Біздің бюджетіміз бен шетелдік азулы клубтардың бюджетін салыстырыңыз. Бұл – бірден шешіле салатын іс емес. Бірте-бірте жүзеге асатын күрделі құрылым. Президент онсыз да футболға, спортқа көңіл бөліп отыр. Жыл сайын стадиондардың көптеп салынып жатқаны – Президенттің нұсқаумен жүзеге асып отырған шаруа.
– Қаржы, бюджет демекші. Бізге УЕФА-дан көмек ретінде қаржылай қолдау көрсетіле ме? Сол қаржылар қайда кетіп жатыр?
– Иә, ондай көмек көрсетіліп келеді. Әртүрлі бағдарламалар бойынша УЕФА-дан да, ФИФА-дан да қаржы түседі. Бағдарламалар әртүрлі: балалар футболын дамытуға, семинар өткізуге, төрешілердің біліктілігін арттыруға, әртүрлі доп додаларын өткізуге бағытталған, тағысын тағы. Ақшалай ғана емес, алаң немесе доп түрінде де көмек көрсетіледі. Ол үшін сол қаржыны қайда және не үшін жұмсайтындығыңды тәптіштеп жеткізесің, олар бәрін қадағалап, қаржының тек өз орнымен жұмсалатындығына көз жеткізіп барып аударады.
Мысалы, енді бізге Астанада «Футбол үйін» салу үшін 2 миллион евро көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек. Талғардағы базаны салуға 2,5 миллион евро бөлінген. Бұл тұрғыда УЕФА-ның бай екендігін, тіпті ФИФА-дан да қоңды екендігін айта кетуге тисіпіз. Бірақ қаржы оп-оңай беріле салмайды. Нақты бағдарлама бойынша қандай көмек керек екендігін саралау керек. Қаржының өз орнымен жұмсалатындығын дәлелдеу керек. Олар мониторинг жүргізеді. Бәрін тексереді. Қаржының нақты қайда жұмсалатындығына көз жеткізген соң ғана келісім береді. Ал ақша ең артынан аударылады. Ал біз жыл сайын қаржылай есептемелерімізді жариялаймыз. Көпшілік назарына ұсынамыз. Басқа федерациялар бұлай қаржы айналымдарын жайып салмайды.
– Шыны керек, қазір Футбол федерациясын сынаушылар аз емес. «Осы абырой бермейтін істі қолыма неге алдым» деп өкінбейсіз бе?
– Рас, мені қазір футбол үшін көп сынап-мінейді. Қорғаныс министрлігіндегі жұмысымда бұлай емес. Ал менің футбол федерациясына қалай, қандай қиын-қыстау кезеңде келгенімді білесіздер. Осыдан бес жыл бұрын Елбасы маған осы істі сеніп тапсырды. Сондықтан өзіме артылған сенімді ақтауға тырысамын. Өздеріңіз білесіздер, мен футбол мәселелерімен күнде айналыса алмаймын. Футбол – негізінен, менің қоғамдық жұмысым. Менің мақсатым – ел футболын дамытуға жағдай жасау, үлес қосу. Сондықтан футболдағы барлық мәселеге күнделікті көңіл бөліп отыра алмаймын.
Бұл ретте бәрін федерацияда жұмыс жасайтын, өзім сенім артқан вице-президенттерге жүктегенмін. Мен федерацияның қалқаны секілдімін. Жұмыстың бәрін атқарып, басқарып отырған – вице-президенттер мен бас хатшы. Мен оларға көмектесіп, жағдай жасап отырмын. Ортақ ісіміздің аяғына тұрып кетуіне жәрдемдесіп жүрмін. Бірақ ел футболы үшін Елбасы мен жанкүйерлер алдында мен жауаптымын. Білемін, бұл қызметті басқа жұмысқа алданбай, таңертеңнен кешке дейін отырып атқару керек. Күнделікті осы жұмыспен ғана айналысу керек. Ал менің мақсатым – ел футболын белгілі бір деңгейге дейін көтеріп, осы істі атқара алатын іскер адамға тапсыру. Қазірдің өзінде соңғы жылдардағы жұмысымыздың жемісі көріне бастады. Федерация аяғына тұра бастады.
– Ұлттық құраманың бас бапкері жайлы не айтасыз, мүмкін өзіміздің бапкерлердің біріне сенім арту керек шығар?
– Мирослав Беранектің жұмысына биылғы маусымды қорытындылағанда бағасын береміз. Айтарым, жетіле түсуіміз керек, өзімізді-өзіміз қамшылай беруіміз керек. Ал өзіміздің бапкерлер әлі жоғары деңгейге көтеріле қойған жоқ. Оларға әлі шыңдала түсу, үйрену, тәжірибе жинақтау қажет. Бапкерлер ағылшын тілін, халықаралық құрылымды білуі керек. Бізде қазір Талғат Байсуфинов сынды маман өсіп-жетіліп келеді. Ал ұлттық құрамаға келсек, біз жағдай жасамай отырмыз ба? Жоқ, ұлттық құрама үшін бәрін жасаудамыз. База салынды (ең үздік базаның бірі), бапкерлер құрамы жасақталды. Бірақ шындыққа тіке қарауымыз керек, біздің құраманың, біздің футболымыздың деңгейі әлі жоғары емес.
– Ұлттық құраманың қазіргі ойыны көңіліңізден шыға ма?
– Жоғарыда айттым ғой, тоқмейілсуге болмайды. Жетілген үстіне жетіле беру керек. Десек те, ұлттық құраманың қазіргі ойыны жаман емес. Ирландиямен өткен ойында тек бағымыз жанбады, сәттілік жетіспеді. Еуропаның барлық құрамалары да бізге қарсы ден қойып дайындалатын болды.
Дайындаған Нұрғазы САСАЕВ
алаш арена