Айбек МІРАБЗАЛОВ: БРАЗИЛИЯДА ТОП БАСТАП ЖҮРМІЗ

19.10.2011, 00:44
Айбек МІРАБЗАЛОВ: БРАЗИЛИЯДА ТОП БАСТАП ЖҮРМІЗ

Осыдан екі жарым жыл бұрын еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша Қазақстан-Бразилия футбол одақтарының келісіміне сәйкес, «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына 25 отандасымыздың аттанғаны белгілі. Олардың арасында тараздық екі жасөспірім А.Мірабзалов пен А.Серікұлы бар. Бір реті келгенде біз ұлы Пеленің елінде доп теуіп жүрген жерлесіміз А.Мірабзаловпен сұхбаттасқан едік.

– Ел ішінде осы академияда оқып жатқан жерлестеріміздің басым бөлігі байшыкештердің баласы деген сөз бар. Бұл шындыққа жақын ба? – Жәй сөз. Бәрі мен сияқты қарапайым қазақтың футболымен «ауырған» балалар. – Сен өнер көрсететін «Оле Бразил» командасы қай лигада ойнайды? – Бұл жақта чемпионат, девизион деген көп. Академия тек жасөспірім футболшылар дайындайды. Жоғары лигаға сол жерден шақырылады. – Команда сапында гол соқтың ба? – Кесте бойынша аптаның әр сенбісінде ойын болады. Сәрсенбі немесе бейсенбі күні академияның кәсіпқой футболшыларымен жолдастық кездесу өткіземіз. Күні бүгінге дейін 8 гол соқтым. – Бразилия мен Қазақстан арасында қандай ерекшелік бар? – Футболға қатысты айтсам, бразилиялықтардың техникасы өте жоғары, жылдам, қай-қайсысының да шеберлігі мықты. Ал табиғатын сөзбен айтып жеткізе алмаймын! Мәселен, Рио-де-Жанейроның жағажайы жұмақ секілді. Алайда елге, жерге деген сағыныш әрқайсымыздың кеудемізде атойлап тұр. – Алдағы жоспарың қандай? Ол жақта "құда" түсіп жатқан жоқ па? – Қай команданың жейдесін киетінімізді елге барғанда көрерміз. Ал бұл жақтан әзірге өтініш түсе қойған жоқ. – Академияда Бразилия мен Қазақстаннан басқа елдердің жастары да шеберлік шыңдап жатқан болар? – Қытайдан, Гаитиден, Түркіменстаннан, Қырғызстаннан келген жасөспірімдер бар. Әр мемлекет бір команда. Біз 8 қазан күні Қытай жастарымен ойнап, 3:1 есебімен жеңіске жеттік. – Онда әр футболшының жеке агенттері болады дейді. Сол рас па? – Әр футболшының емес, академияда бір агент болады. Қалтасы қалыңдардың жеке агент ұстайтыны рас. – Оқу қашан аяқталады? – Желтоқсанда қайтамыз. – Турнир кестесіндегі жағдайларың қалай? – Көш бастап келеміз. Бізден кейін жергілікті «Ботафого», «Тагуаратинга» және «Монти алту» командалары. – Бразилиядан алтынмен оралады деп сенеміз! – Рақмет! Үміттеріңізді ақтауға тырысамыз! Сұхбаттасқандар – Т.АБАИЛДАЕВ, Н.ӘЛДИБЕКОВ Тараз қаласы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×