Сейсенбі және сәрсенбі күндері 2014 жылғы әлем біріншілігінен соңғы іріктеу ойындары өтіп, барлық финалистер белгілі болды. Белгілі болған тағы бір мәселе – Бразилияда өтетін сынға Златан Ибрагимович сынды әлемнің ең үздік футболшыларының бірі бара алмайды. Бәрін рет-ретімен айтайық.
І. Еуропа
Швеция – Португалия – 2:3 (Ибрагимович, 68, 72 – Криштиану Роналду, 50, 77, 79)Бірінші матч – 0:1
Еуропа құрлығында қосымша іріктеуге шыққан 4 жұптың ішіндегі ең қызықтысы – осы Швеция мен Португалия еді. Екеуінің сапында да футболды айрықша өнер дәрежесіне көтерген «сиқыршылар» бар. Шынында да, сол екі «сиқыршының» бірі – Златан Ибрагимович пен Криштиану Роналдудың бірі – бармай қалатын болса, әлемдік дода жетімсіреп қалатыны да шын еді. Қазақстанмен бір топта ойнап, Астана төрінде алғашқы минутта-ақ гол соққан Ибрагимовичтің Швециясы да, Ресеймен бір топта ойнап, екінші орынды қанағат еткен Роналдудың Португалиясы да финалистер сапынан табылуға лайық болатын. Дегенмен футбол қаншалықты командалық ойын болса да, матч тағдырын тұлғалар шешетінін осы екі саңлақ дәлелдеп берді.
Өзіне өте сенімді Златан да қарымта матч алдында отқа май құя түскен. «Бұл кездесулердің қорытындысында кім жеңімпаз атанады?» деген тілші сұрағына ол: «Оның жауабын Құдай ғана біледі», – деп жауап берді. «Құдайға бұл сұрақты қою қиын ғой» деп үстемелей түскен тілшіні: «Сен Құдаймен дәл қазір сөйлесіп отырсың», – деп дағдартты. Әрине, Златандікі асылық-ақ. Қарымта кездесуде ол барын салды, қос доп енгізді, бірақ Криштиану Роналду бәрібір өзінің әлемдегі ең үздік футболшының бірі ғана емес, бірегейі екенін дәлелдеді. Тіпті 77-минутта Роналду есепті теңестіргенде, Ибрагимович қол да соқты. Әрине, Ибрагимовичтің «дублінен» Роналдудың «хет-тригі» әлдеқайда салмақты. Өйткені, әуелгі матчтың 82-минутында дәл сол Криштиану Роналду жеңіс голын соққан болатын. Ендеше, португалиялық «сиқыршының» 4 голына Златан кемі 5 голмен жауап беруге тиіс еді.
Матч аяқталған соң да Ибрагимович тыншыған жоқ. «Бұл менің әлем чемпионатына қатысуға соңғы мүмкіндігім еді. Енді бір ғана нәрсеге өкінуге болады – 2014 жылғы әлем чемпионатында менсіз ешқандай да қызық жоқ» деп мәлімдеді. Ал мұндай үлкен мәлімдемелер жасамай-ақ үлкен істер тындырып жүрген Криштиану Роналду Португалия құрамасы тарихындағы ең мерген шабуылшылар санатына қосылды. Швеция қақпасына соққан 4 доп арқылы ол ұлттық құрама сапындағы голдар санын 47-ге жеткізді. Бұрын мұндай көрсеткіш тек Педру Паулетаға ғана тиесілі болатын.
Франция – Украина – 3:0
(Сахо, 22, Бензема, 34, Гусев, 72-өз қақпасына)Бірінші матч – 0:2
Франция құрдым алдында тұрып, жан сақтап қалды. Бірінші матчта 0:2 есебімен ұтылған соң, Дидье Дешам шәкірттеріне шегінер жер қалмаған болатын. Қарымта матчта ірі есеппен ұтылғанына қарамастан, Украина құрамасының жерге қарайтын жөні жоқ. Матч алдында Украина құрамасының бас бапкері М.Фоменко төрешілердің қысымынан іш жиятынын, қалай дегенде де матчтың УЕФА президенті М.Платинидің Отанында өтетінінің өзі үлкен психологиялық жүк екенін айтқан-ды. Бапкер әулие екен. Словениялық қазы Д.Скомина мен оның көмекшілері екінші голды Кәрім Бензема таза офсайттан соққанын байқаған жоқ. Украина құрамасы тағы да қосымша ойындардың құрбаны болды. Бұған дейін бұл құрама 1998 (хорваттардан – 0:2, 0:0), 2002 (немістерден – 1:1, 1:4), 2010 (гректерден – 0:0, 0:1) жылдардағы әлем біріншілігінің қосымша іріктеуінен өте алмаған болатын.
Хорватия – Исландия – 2:0 (Манджукич, 27, Срна, 47)Бірінші матч – 0:0Румыния – Грекия – 1:1 (Торосидис, 55-өз қақпасына – Митроглу, 23)Бірінші матч – 1:3
Еуропа құрлығынан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне Бельгия, Хорватия, Италия, Германия, Голландия, Швейцария, Ресей, Португалия, Босния және Герцеговина, Грекия, Англия, Испания, Франция құрамалары шықты. Кәрі құрлықтан әлемдік додаға өз тарихында тұңғыш рет қатысатын құрама – Босния және Герцеговина.
Сары құрлықтан әлем чемпионатына тікелей жолдаманы Иран, Австралия, Оңтүстік Корея, Жапония құрамалары жеңіп алды. Қосымша іріктеу кезеңіне Йордания құрамасы шықты.
Оңтүстік Америкадан Бразилия (жарысты ұйымдастырушы ел), Аргентина, Колумбия, Чили, Эквадор құрамалары тікелей жолдама жеңіп алды. Қосымша іріктеу кезеңіне Уругвай құрамасы шығып, Азияның бесінші құрамасымен (Йорданиямен) кездесуге мүмкіндік алды. Бірінші кездесу Амман қаласында қонақтардың күмәнсіз басымдығымен аяқталды – 0:5. Қарымта матч кеше түнде ойналды. Уругвайдың әлем чемпионатына ең соңғы болып тіркелетіні күмән тудырмайды.
IV. Мұхиттар аймағы және КОНКАКАФ
Мұхиттар аймағынан Жаңа Зеландия дара шықты. КОНКАКАФ-тан тікелей жолдамаға АҚШ, Гондурас, Коста-Рика құрамалары ие болды. Қосымша іріктеу матчтарында Мексика құрамасы Жаңа Зеландияны 5:1 және 4:2 есептерімен ұтып, әлем чемпионатына жолдама алды.
Сонымен, Бразилия алаңдарында өнер көрсететін 32 құрама да белгілі болды. Бұл құрамалар жеребе барысында 4 қоржынға бөлінеді. Алғашқы қоржынға ұйымдастырушы Бразилиямен бірге ФИФА-ның биылғы қазан айындағы рейтингі бойынша үздік 6 команда біріктіріледі. Басқа қоржындарға кұрамалар жағрафиялық орналасуы бойынша бөлінуі мүмкін. ФИФА бөлу шартын әлі жариялаған жоқ. Әлем чемпионатының жеребесі 6 желтоқсан күні Бразилияның Мата-ди-Сан-Жуан қаласында тартылады. Қазан айының рейтингі бойынша алғашқы себетке Бразилия, Испания, Германия, Аргентина, Колумбия, Бельгия, Уругвай, Швейцария құрамаларының түсетіні күмән тудырмайды.