"Достастық" кубогының екінші күнінде Қазақстан құрама командасы Тәжікстан командасымен кездесу өткізді. Бұл ойынның нәтижесі жеке мен үшін абыройсыздық болып саналды. Өйткені, басқа-басқа Тәжікстан құрамасынан жеңілуіміз барып тұрған сорақылық еді. Масқарампаз!
Ал барлығын басынан бастасақ. Астанадан 15-қаңтар күні таң ата шығып 4 сағатта Санкт-Петербургтің "Пулкова" әуежайына келіп қондық. Күтіп алған, шикі сары ептілеу келген орыс жігіт біз келген қалада бір ай бойы күн шықпағандығын айтты. Күн нұрынан нәр алмайтын қала. Тым-тырыс, ымырт, үнемі кешқұрым секілді болады да тұрады. Аракідік жаңбыр себелеп, көктемнің лебін сездіреді. Шыршалы-қайыңды бақтың арасын кесіп өтіп "Россия" қонақүйінен "Петербургский" деп аталатын спорт кешеніне барамын. "Победа" деп аталатын бақтың іші батыр қаланы қорғаған жауынгерлердің ескерткішіне тұнып тұр. Қатар-қатар, тізбек-тізбек. Сол жолмен жаяу жүріп бара жатып, бүгінгі матчта Қазақстан жастар құрамасы да жеңіске жететін шығар деп ойлыдым. Нық, сенімді түрде. Тек төрешінің 90-минуттағы соңғы ысқырығын ғана күту керектей.
Ортада Рауан Сариев пен Еркебұлан Тұңғышбаев ойнады. Өздерінің клубтарында олар ортада ойнаған емес. Бірі - шабуылшы, бірі - қапталда. Бас бапкердің ойлағаны бар шығар дедік. Екеуі де әжептеуір ойнап жүрген жігіттер еді. Үмыт артқан болатынбыз. Бірақ, ортадағы ойын ешкімнің көңілінен шықпады. Ортаны берген соң, шаруа құрдымға кететінін футболдың иісі мұрынға баратын көзіқарақты оқырман білетін де болар. Қапталда ойнаған Әлішер Сүлей қайта-қайта қателесе берді. Берік Шайхов болса қорғанысқа көбірек қайта берді. Өйткені, ортадағы Рудосольскийдің іс-қимылы кішкене қауіптірек еді. Кез-келген сәтте қателесе салатын адамдай көрінді. Премьер-лигада ойнаған, кішкене тәжірибиесі бар ғой деген футболшыларымыз ішінде тек Абат Айымбетов қана өзін жақсы сезінді. Екінші таймда Саулюс Ширмялис Абатты кішкене астыға қарай түсірді. Ортаға ойынды ала алатын футболшы керек болатын. Осыдан бір күн бұрын бас бапкермен сұқбаттасқан болатынмын. Сол кезде Саулюс мырза маған Фединді мақтап өткен болатын. "Сербияның "Спартак Златибор Вода" деген командасымен келісім-шартқа отырыпты. Шабуылшы құрамадағы жігіттерден жасы кіші болса да, ешқандай да қалысар емес", - деген. Сол Максим Фединді де шығарды алмастырып. Жылдамдық, техника жағы жалпы жаман емес, бірақ тәжірибенің анық жетіспей тұрғанын байқадық футболшы бойынан.
Бірінші таймда ойынды өз қолымызда ұстағанымызбен, тәжіктердің өткір шабуылдарын байқап қалдық. Ал екінші тайм басталысымен таза шабуылға көшкен Тәжікстан гол соғып тынды. Айып алаңына сытылып кірген Джоһангир Эргашев допты алыс бұрышқа жерлете сылқ еткізді. Осыдан соң, бірен соң бірін футболшыларды алмастырған бас бапкер, есепті теңестіруге асықты. 75-минутта ендігі алаңдағы футболшылар асықты. Негізі шынын айтқанда есепті теңестіретін бір 100 пайыздық мүмкіндік те болған жоқ. Көптеген ресейлік журналистер бұл көрсеткішті турнирдегі алғашқы сенсацияға балап жазғылары да келді. Бірақ, оларды тоқтатып қалған бір ғана фактор бар. Қазақстан шабуылдаған жоқ, гол соғатын матч барысында тек 2-ғана мүмкіндік болған небәрі.
Ойын аяқталысымен болған баспасөз мәслихатын назарларыңызға ұсынамыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Санкт-Петербург