Қазақ футболының тарихында жаңа парақ ашылғалы тұр. Еуропаның 32 үздік командасының арасынан орын алған "Астана" Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойының өткізеді. Станимир Стойлов баптайтын жігіттерді алғаш болып лиссабондық "Бенфика" сынаққа алмақ. Чемпиондар Лигасының үйреншікті қонағы, еурокубоктердің тіс қаққан сақа жігіттері.
"Бенфика"-тарихы тереңде жатқан Португалия алыптарының бірі. "Спортинг", "Портумен" қатар "үлкен үштік" қатарына енеді. Өз елінің 34 дүркін чемпионы. Еуропа Чемпиондарының кубогінде сонау 1961,1962 жылдары 2 мәрте топ жарған. Содан кейін де 5 рет финалда өнер көрсетті. Алайда, 1963 жылы Гутманның аңызға айналған қарғысынан соң клубтың "кәрі құрлық" додасында жолы болмай-ақ қойды. 5 финал, 5 жеңіліс. Соңғы рет 2 жыл бұрын Еуропа Лигасының шешуші ойыныңда "Севильяға" жол берді. Ал, былтыр Чемпиондар Лигасының топтық кезеңі лиссабондықтар үшін өте сәтсіз аяқталды. Өздерімен шама-шарқы шамалас клубтармен(Монако, Байер, Зенит) бір топқа түскен Бенфика соңғы орынға жайғасған еді.
Маусым аралық үзілісте клубта үлкен өзгеріс болған-тұғын. 2009-жылдан бері команда тізгінін ұстаған Жорже Жезуш орнынан кетіп, "Бенфиканың" "Портудан" кейінгі басты қарсыласы "Спортингті" өз қолына алады. Ал, "Бенфиканың" бүгінгі бапкері-португал футболындағы жаңа есім. Былтыр "Гимарайншты" чемпионатта 5-орынға дейін көтерген Руй Виторияға "Бенфика" клуб басшылығы жаттықтырушылық жұмысты жазда сеніп тапсырған еді. Жаңа бапкер маусымды 3 жеңіс 1 жеңіліспен бастады. Жұма күнгі кездесуде өз жанкүйерлері алдында "Белененсиш" клубын 6:0 есебімен ойсырата ұтты.
Жазғы трансферлік маусымда команда сапы айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Негізгі құрамның ойыншыларынан қорғаушы Макси Перейра мен 3 жыл ішінде 90 кездесу өткізіп, 53 голдың авторы атанған Лима кетті. Басшылық команда діңгегін сақтап қалды. Қақпаға, жасы келсе де тәжірбиесін жоғалтпаған Жулио Сезар жауап берсе, қорғаныстың беріктігін капитан Луизао, Жардел, Лисандро Лопес секілді футболшылар қамтамасыз етеді. Жартылай қорғаныста Николас Гайтан мен Сальвио бар. Команданың ойыны осы екі футболшылының төңірегінде өрбиді. Шабуыл шебінде, былтырғы үздік сұрмерген Жонасқа, биыл "Олимпиакостан" келген Митроглу қосылды. Қос шабуылшы чемпионаттағы 4 ойынның ішінде 8 гол салып үлгерді. Витория екі шабуылшыға да алаңда орын тауып беріп жүр. Жонас та, Митроглу да өткен ойындарда алаңға алғашқы минуттардан шықты. "Астанаға" қарсы кездесуде де солай болса, онда екеуі елордалық команданың қорғанысына дамыл тапқызбайтыны анық.
Станимир Стойлов командасы іріктеу кезеңде 6 ойын өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліс тапты. Қонақтағы "Мариборға" қарсы кездесуде астаналықтар 0:1 есебімен жол берген еді. Қалған 5 матчтың 3-еуінде жеңіс, АПОЭЛ-ға қарсы тең түсті. Оның өзі жеңіске пара-пар. Әрине, іріктеу мен топтық кезең екеуі екі бөлек дүние. "Марибор", "АПОЭЛ" секілді еурокубокте бірде өшіп, бірде жанатын командалардан "Бенфиканың" да, "Галатасарайдың" да шоқтығы биік. Ал, "Атлетико" айтпаса да түсінікті.
Португалдықтар бір жылдан бері жеңілістің ащы дәмін татпапты. "Бенфика" "Эштадиу да Луж" стадионына қандай қарсылас келсе де тізгінді бермейді. Шабуыл ізінен шабуыл. Осы маусымда, өз жанкүйерлері алдында қарсыластарға 13 голды(!) салыпты. Сондықтан "Астана" қорғанысқа бекем болмаса болмас. Жылдам гол жіберіп алудан сақ болуы тиіс. Бенфика 20-шы минутқа дейін гол салып алды ма? Онда бәрі бітті. Ары қарай оңдырмайды. Голдарды қарша боратып, жанкүйерлерге шоу сыйлайды.
Астананың топтық кезеңдегі 4 ойынына Твумасидің қатыса алмайтыны өте өкінішті. Гана елінің тумасы команда сапындағы ең шебер деген ойыншылардың бірі. Лиссабонда қорғанысқа бүкіл матч бойы көп күш түсетіні айтпаса да түсінікті. Ал, ондай сәтте допты өзіңде біраз уақыт ұстай алатын жартылайқорғаушы, шабуылшылардың болғаны жақсы. Ганалық азаматтың бір ерекшелігі осы еді. Онымен қоса, Патрик "Астананың" іріктеу кезеңіндегі ең қауіпті ойыншысы. "Марибор" және "ХИК" клубтарына қарсы қарымта кездесулерде голдармен көзге түсті. Әріптестерімен салыстырғанда екі ойын кем өткізсе де, Твумаси қарсылас қақпасына ең көп соққы бағыттаған футболшы.
Бүкіл қазақ елі болып "Астананың" тілеуін тілейміз. Бәйгеге атыңды қостың ба, қалады деме. Сондықтан, 16- қыркүйек Астана уақыт бойынша 00:45-те көгілдір экран алдынан табылып, тақымды қысып, тарихи сәттің куәсі болайық ағайын!
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ