Әлсіз чех қорғанысы орыс шабуылына ерік берді

09.06.2012, 19:28
Әлсіз чех қорғанысы орыс шабуылына ерік берді

Футболдан Еуропа чемпионатының А тобындағы екінші кездесуде Ресей құрамасы Чехияны ұтты – 4:1. Бұл ойында орыс шабуылшысы Алан Дзагоев екі голдың авторы атанып, мергендер көшін бастады.


Ресей құрамасы Ресей-Чехия матчының алдында суретке түсіп тұр. Вроцлав, 8 маусым 2012 жыл
Есепті 15 минутта Ресей құрамасы ашты. Зырянов алаң ортасынан айып алаңына ұтымды пас шығарған. Бұл пасты қабылдаған Александр Кержаков баспен соққанымен, доп бағанадан кейін серпілді. Ал осы маңға жүгірі жеткен Алан Дзагоев допты шірене теуіп, қақпаның сол жақ бұрышына тоғытып үлгерді - 1:0. КҮТПЕГЕН НӘТИЖЕ Араға тоғыз минут салып Аршавин де айып алаңына әдемі пас шығарды. Допқа Кержаков жете алмай қалғанмен Широков «Тангоны» (чемпионаттың ресми добы) қақпа торында тулатты – 2:0. Матчтың екінші таймында чех Губник орта тұстан Ресейдің айып алаңына пас шығарды. Допқа бірінші жеткен Росицки бірнеше орыс қорғаушысының арасынан Пиларждың дәл алдына пас тастады. Пиларж Малафеевпен бетпе-бет шықты да, оңай алдап кетті – 2:1. 79 минутта Дзагоев осы ойындағы екінші голын соғып үлгерді. Бұл голдың соғылуына қорғаушылар мен қақпашы Чехтің қателігі де себеп болды. Арада үш минут өткенде Павлюченко сол қапталдан пас алып, бірден айып алаңына кірді. Бірнеше қорғаушыны бұлғаңдай алдап өтті де, допты Чехтің басынан асыра салды - 4:1. АДВОКАТТЫҢ ҰТЫМДЫ ТАКТИКАСЫ Ал бұл ойын жайында «Азаттықтың» сарапшылар құрамасының пікірі төмендегідей. Белгілі бұрынғы футболшы, бапкер, бүгінде «Сұңқар» командасының жаттықтырушысы Асқар Қожабергеновтың ойынша, Ресей жеңіске Адвокаттың дұрыс құрған тактикасының арқасында жетті. - Өз басым, Ресейдің жеңісіне сендім. Адвокат шабуыл мен қорғанысты ұштастыра білді. Қақпашы Малафеевтің ойынына да жақсы баға беруге болады. Алан Дзагоевтың екі голы да жоғары деңгейде соғылды. Жалпы, Чехия құрамасынан бүгін біраз жұрт тың серпіліс күткен. Бірақ чехтардың ойыны жүрмеді. Қорғанысы өте әлсіз. Ал шабуыл шебіндегі ойыншыларды жөнді көре алмадық.  Ресей, керісінше, биылғы біріншілікке босқа келмегенін алғашқы ойыннан-ақ  көрсетті. Адвокаттың командасы дәл осы ойынынан таймаса алысқа баратын сияқты, -дейді бапкер.
Чехия құрамасы Ресей-Чехия матчының алдында. Вроцлав, 8 маусым 2012 жыл
x
Чехия құрамасы Ресей-Чехия матчының алдында. Вроцлав, 8 маусым 2012 жыл
Ал телережиссер, футбол жанкүйері Ғалымжан Сайлаубековтың айтуынша, Ресей өте салмақты ойын көрсетті. - Чехия құрамасы ойын басында жылдам есеп ашуға тырысты. Тайлы-тұяғы қалмай шабуылға көшкенде қорғаныстары қаңырап қалды. Ал осы олқылықты ұтымды пайдаланған орыстар есепті ашып үлгерді. Төреші бүгінгі ойында аса қаталдық танытқан жоқ. Жалпы, ойын да тәртіпті өтті, - деді Ғалымжан Сайлаубеков. Оның ойынша тәжірибелі Ресей ұжымдық ойынның арқасында жеңіске жетті. Ал футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеевтың пікірінше, Дзагоев үшін бүгінгі ойын нағыз "жұлдызды матч" болды. - Енді Дзагоевқа "құда түсетіндер" көбеюі мүмкін. Ал Чехия үшін әлі мүмкіндік бар. Бәрін жоғалтқан жоқ. Қорғаныстағы қателіктерден сабақ алу керек. Бұл құраманың бүгінгі ойынында ешқандай байланыс болған жоқ. Қорғаныс пен шабуыл жүйесі шашыраңқы болды. Өкініштісі, чехтардың әрбір қарымта шабуылы да дұрыс өрбіген жоқ. Ресей құрамасы 90 минут бойы Чехияны тұсап тастады. Ал Пиларждың соққан голының еш маңыздылығы жоқ, - деді жанкүйер. ЧЕХТАРДЫҢ ӘЛСІЗ ҚОРҒАНЫСЫ Футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің ойынша, Ресей жеңіске лайық команда болды. - Бүгінгі ойында қақпашы Петр Чехты сынайтындар көбейе түсетіні анық. Бірақ Чехияда қақпашы емес, қорғаныс өте әлсіз екен. Қорғаушылары алаңда алғаш ойын өткізіп жатқандай сасқалақтады. Бойларында сенімділік жоқ. Бүгінгі ойын арқылы Чехия осы жарыстағы аутсайдерлердің бірі екенін аңғартып алды. Енді олардың топтан шығуы қиын. Польша мен Грекияның қорғанысы чехтарға қарағанда сауатты. Демек келесі ойындарда Чехияны бұл екі команда да ұтуға тырысады, - деген пікірде шолушы. Ал спорт комментаторы Рауан Оқастың ойы мүлде бөлек. Оның пайымдауынша, Чехияны әлі қатардан шығаруға келмейді. - Бұл ойында Чехия көп шабуылдады. Алаңда допқа көп иелік етті. Бірақ оларға дәлдік жетіспеді. Алда Чехияның «оянуы» ғажап емес. Жанкүйерлер әліптің артын бағуы керек. Бұл – Еуропа чемпионаты. Демек күтпеген жағдайлар әлі көп болары анық, - деген ойда спорт комментаторы. Рауан Оқас бүгін Ресей құрамасы қысқа пастар мен жүйелі шабуылдар арқылы «Барселона» командасының үлгісіне тән ойын көрсеткенін айтады. «Азаттық» сарапшыларының көбі бұл ойын тең аяқталады деп ойлапты. Мәселен, Ермұхамед Мәулен ойын есебі 1:1 болады деп болжаса, Рауан Оқас пен Мейірбек Нүрекеев қос команда гол соқпай тарқасады деп түйген. Ал Асқар Қожабергенов осы матчта Ресейге бәс тігіпті.
азаттық.орг
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×