Левандовксий мен Тытоньның ерлігі Польшаға тең ойын әкелді.

09.06.2012, 09:09
Левандовксий мен Тытоньның ерлігі Польшаға тең ойын әкелді.

Міне құрметті футбол сүйер қауым. Көптен күткен ЕУРО-2012 додасы да басталып кетті. Алғашқы ойынды алаң иелері поляктар дағдарыс елінен келген гректерді қабылдаған болатын. Ойынның алдында футбол мамандары Польшаны өз алаңында ойнағандықтан жеңісті Речь Посполитая құрамасына берген. Десе де, 2004 жылғы еуропа чемпиондары оңай шағылатын жаңғақ емес екендерін матч барысында тырысып бақты. Алғашқы таймда Польша ұлттық құрамасы 2-3 гол ұратын бірнеше мүмкіндіктері болды. Өкінішке орай, алаң иелері керемет сәттерінен бірінен кейін бірі айырылып жатты. Сонда да ақ-қызылдылар алғашқы ойында өз алаңында расымен де фаворит болып көрінді. Ойынның 17-ші минутында әуелете ұшып келе жатқан допты баспен керемет соққы жасап,  Роберт  Левандовский ұлттық құрамадағы голдар санын 15-ке жеткізіп қоймай, аталмыш турнирдің алғашқы голын салды! Ә дегенде абдырап қалған гректер бірнеше минуттан кейін ғана өз-өздеріне келгендей болды.

  35-минутта грек қорғаушысы Сократис Попастатопулос ауада Левандовскиймен соқтығысқаны үшін ЕУРО-2012 турниріндегі алғашқы сары қағазын алып үлгерді. Дәл осы Попастатопулос енді 44-минутта Муравскидің шабуылын тоқтатқаны үшін ойындағы екінші сары қағазын алып, өкінішке орай алаңнан қуылады. Жалпы төреші Карбальо негізінен өзі жүргізіетін әрбір 2-3 ойында бір адамды алаңнан қуып тұратын әдеті бар екен. Дәл сол қалпынан бүгін де таймады испаниялық қазы.   Екінші таймда алаң иелері өздеріне сенімді болып шыққан. Бірақ, гректер ұтылып жатып, 10 адаммен де керемет ойын өрнегін көрсетіп жатты. Алаңнан қуылған әріптестерінің орнын жоқтатпауға барынша күш салды. Ең бастысы қонақтардың мысы басылған жоқ. Грекия құрамасында жеңіске, гол салуға деген құштарлық байқалды. Дегендеріне жетті де. Гол салды бірақ, жеңе алмады. Ойынның 51-минутында оң қанатпен шабуылдаған Торрисидис поляктардың қамалын бұзып жарып Салпингидиске пас береді. Қақпашы Шенсный мен Василевски бір-бірімен түсінісе алмай тұрғанда Салпингидис қақпаның оң жағындағы бос бөлігіне дәл тебеді. Есеп 1-1!   Осылайша қос командаға да ойын жаңадан басталғандай болды. Ал осы ойынды тамашалап отырған әлемнің бұрыш-бұрышындағы 200 млн-нан астам жанкүйерлер үшін ЕУРО-2012-нің шымылдығы сондай тартысты болғаны сөзсіз. Тең ойын гректер үшін тиімді болды және сол есепті барынша сақтап қалуға тырысты. Поляктардың кезекті қауіпті сәтінен сенімді қорғана білген гректер бірден қарымта шабуылдарға шығып отырды. Сөйтіп жүріп, Салпингидис Шенсныймен бірге бір шығып қақпа бұрышына енді тебе бастағанда, "Арсенал" қақпашысы допқа жүгіргендей болып, грек шабуылшысының аяғынан шалып түсіреді. Испаниялық қазы бірден Щенсныйдың дөрекі ойнағаны үшін қызыл карта көрсетіп, алаңнан қуып жібереді. 11-метрліктің тағайындалғанына қатты қуанған гректер жауапты істі команда капитаны Гиоргос Карагуниске сеніп тапсырады. Алаң сыртында бейғам отырған Польша ұлттық құрамасының 25 жасар екінші қақпашысы Тытонь аяқасты Шенсныйдың орнына дене қыздырмастан шығып кетеді.   Төрешінің ысқырығынан кейін стадион бір сәт үнсіз қалған. Гректердің капитаны асықты ма, сасқалақтады ма әйтеуір қақпаның оң бұрышына орташа соққы дарытты. Мұндай допты қақпашының әжесі де алады демекші, Польша ұлттық құрамасының екінші қақпашысы бұл допты оңайлықпен алды. Футбол деп осыны айтса керек. Алғашқы таймда алаң иелері басымдық танытып, дортмундтық Боруссияның жұлдызы Левандовский гол салып, командасын алға жетелесе, екінші таймда енді эллиндер басымдық танытып, Салпингидис гол салып, есепті теңестірді. Ойынның 74-минутында сол Салпингидис есепті еселей түскен. Бірақ, сол керемет пас берген командаласы ойыннан тыс қалды.   Алғашқы ойын нәтижесі бойынша, көптеген футбол мамандарының болжамы дұрыс келмеді. Мамандардың пікірінше, бүгінгі ойын 1-0 есебімен алаң иелерінің есебіне шешілуі тиіс етін. Бірақ, доп домалақ демекші, бәрі де мүмкін деген қағида орын алды. Өткенде ғана Армения құрамасымен жолдастық кездесу өткізген гректер сол ойында 1-0 есебімен жеңсе де, естеріңізде болса, армяндардың қақпасына тағайындалған екі бірдей голды сала алмаған болатын. 2 ойында 3 пенальтиді қарсыластарының қақпасына дарыта алмаған эллиндер келесі ойынға жақсылап дайындалып келу керек сияқты. Сонда да, ұтылып тұрып, есепті теңестіріп мінез көрсете білген гректерге жарайсың дегіміз келеді. Ал алаң иелеріне келесі ойындарда сәттілік тілейміз. Қайткен күнде де дүбірлі доданың өз жерінде өтуіне 25 млрд еуро жұмсаған поляктар ең болмаса топтан шығып жатса да жаман емес.

                                                                                                                                                                                                                                     Руслан БАҚЫТЖАН

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×