Алтын доп. "Алтын тізімдегі" жаңа есімдер

04.11.2014, 04:58
Алтын доп. "Алтын тізімдегі" жаңа есімдер
Әр жылдың соңына қарай, футбол әлемі қай футболшы жылдың үздігі деген сұраққа бас қатыра бастайды. Кімнің үздіктігі жайлы желтоқсанның бірінде, үш үміткер қалған кезде ғана саралай бастармыз, ал бүгін алтын тізімде осы жылы ғана пайда болған футболшылар жайлы әңгіме қозғамақпыз. 1. Диего Коста( Испания, "Челси", Англия) Біз шын Костаны былтырғы жылдың екінші жартысынан бастап қана тани бастадық. Сол уақытқа дейін оған сәтсіздіктер жабысумен болды. Ізбе-із жарақаттар, әуелі Форланның, кейін Фалькаоның көлеңкесінен шыға алмай, қосалқы құрамда отыруы. Статистиканы қараңыз: 2006-2013 жылдар аралығында бар болғаны 67 гол ғана салады да, ал 2013-2014 маусымда жарақаттардан толық айығып, жаттықтырушы сеніміне ие болған кезде 36 голды қарсыластар қақпасына тоғытады. Осы жазда "Челсиға" ауысты. Жоғарғы деңгейін сақтап қала ма, жоқ па? Әзірге жаман емес. 9 голмен сұрмергендер қатарында. Мәселе тек голда ғана емес, оның ойынында. Нағыз танк. Кез келген қарсылас қорғанысын таптап өтетіндей талантты да, онымен қоса денені де, мінезді де берген. Жылдың сәтсіз сәтіне, "Атлетиконың" Чемпиондар Лигасының финалына шығуына айтарлықтай үлес қосып, ал финал алдында жарақат алып, ойынның 10-минутына таман-ақ алаңнан кетуіне мәжбүр болғанын жатқызуға болады. Ал, Әлем чемпионатын бүкіл командамен бірге сәтсіз өткізді. 2. Хамес Родригес(Колумбия. "Реал Мадрид", Испания) Әлем чемпионаты алдында Хамес Родригесты Франция біріншілгінің жанкүйерлері ғана білген. Ал, бір айға созылған чемпионатта 6 голымен үздік сұрмерген атанып, командасын ширек финалға алып шыққан соң, бүкіл әлем таныды. Жақсы ойыншыдан жұлдызды ойыншыға айналып шыға келді әлем футболының сахнасына. "Реалдан" шақырту алуы еңбегінің жемісі. 80 миллион ба, 8 миллион ба, 800 миллион ба ол "Реалдың" проблемасы. Дегенмен, ойынымен көңілден шығып жүр. Гол да салып жүр, әріптестерін нәтижелі пастарымен қамтамасыз етіп те жүр. Түсінікті, бұл ойыншы үштікке ене қоймас. 23 үздіктің арасына енгеннің өзі үлкен жетістік. Әлі жас, болашағы алда. Бүгінгі мақсаты білгенінен жаңылмай, осындай нәтижелі ойын өрнегімен көзге түсіп, команданың жетістігіне айтарлықтай үлесін қосып жүрсе болды. Жеке басқа арналған марапаттар ешқайда қашпас. 3. Серхио Рамос(Испания. "Реал Мадрид", Испания) Қорғаушы бола тұра, Рамостың бір ерекшелігі шешуші матчтарда гол салудың шебері. Чемпиондар Лигасының жартылай финалында "Баварияға", "Альянс-Аренада" екі гол салды. Ал, Лиссабондағы финалда корольдік клубты жеңілістен соңғы минуттарда кім құтқарып қалды? Әрине, Серхио Рамос. Сол кезде-ақ белгілі мамандар Рамостың "Алтын допты" иемденуі әбден мүмкін деген. Біз де келісер едік, егер де Әлем Чемпионатының финалында тағы екі гол тоғытқанда. Бірақ, "Испанияның" қандай күй кешкенін білеміз ғой. Пике-Рамос жұбы, чемпионаттағы ең осал орталық қорғаушылар жұбы деген атқа ие болды. Сондықтан, Рамос үшін де үздік 23-тің қатарына ену жетістік. 4. Карим Бензема(Франция. "Реал Мадрид", Испания) Кәрімнің айналасынан ешқашан да алып-қашпа әңгімелер кеткен емес. "Ол үздік командада ойнайды, талантты әріптестерінің арқасында ғана сұрмерген атанып жүр. Деңгейі төмен командада көрер ме еді?"-дегендей. Бәлкім оның да белгілі бір түрде шындығы бар шығар. Бірақ, өткен маусымдағы 24 гол, Чемпиондар Лигасындағы жеңіс, ұлттық құрамамен ширек финалға дейін баруы бұл да шындық. Әрине, 3 үміткердің тізіміне енбейді, әйтсе де әлемнің үздік 20 футболшысы қатарынан орын алуға әбден лайықты. 5. Тибо Куртуа(Бельгия. "Челси", Англия) Амалсыз кетті, қайта келіп Чехты қосалқы құрамға отырғызды. Осының өзі оның қандай қақпашы екенін көрсетеді. Ұзын бойы, ұзын қолдары көмектесері түсінікті. Бірақ, допты қақпасына екі соққының бірінде өткізетін талай ұзын қақпашыларды көріп жүрміз ғой. Тамсандырар қасиеті реакциясы. Жылдам ұшқан допка жылдам төселе кететін ғажап сезімталдығы. Нойермен бәсекеге түсе алмас. Қорғаушы-қақпашы Мануэль бүгінгі таңдағы ең үздік қақпашы(әлде қорғаушы? білмеймін, шатасып кеттім). Куртуаның да жеке басқа арналар жүлделері болашақта. 6. Хавьер Маскерано(Аргентина. "Барселона", Испания) Маскерано соңғы жылдарда үздік орталық қорғаушылардың бірі. Оның алдын ала қарсыластың ойын оқуы таңғалдырады. Сонымен қатар, артқы жартылай қорғаушының позициясында да ойнай алады. Өкінішке орай, қорғаушыларға "Алтын допты" көп бере бермейді. Ең соңғы рет Фабио Каннаваро иемденгені есімізде. Тағы бір себеп, футбол шабуылмен көрікті дегендей. Қорғаушылар гол салмайды, ол да бар. Әйтеуір, Маскерано гол салмайды. "Барселона" өткізген уақыт ішінде 4 өз атына жазды. Ол да Барселонаның қақпасына. 7. Анхель Ди Мария(Аргентина. "Манчестер Юнайтед", Англия) Әлемде тиісінше бағаланбайтын футболшы. Месси мен Роналду бір төбе, бұл бір төбе. Чемпиондар Лигасының финалын осы алып шықты десек қате айтпаспын. Белсенді ойының арқасында. "Атлетико" қорғаушылары Бэйлды да, Роналду дa тұсады, бірақ Ди Марияға қарсы айла таба алған жоқ. Матчтың үздік ойыншысы атанғаны бекер емес қой. Әлем чемпионатынң ширек финалында алмаған жарақаты болмағанда, кім біледі, Аргентина әлем чемпионы атанар ма еді.. Жазда "қызыл сойқандар" сапына ауысқан соң да, аргентиналық жартылай қорғаушы өзінің топ-футболшы екенін дәлелдеген үстіне дәлелдеуде. Жанкүйерлер де бізге "періште" келді деп қуанды. Артар үміт көп. Үштікке енуі қиын болар-ау. Енбесе өкінішті. Бірақ, бестіктен ойып тұрып орын алары даусыз. 8. Поль Погба(Франция. "Ювентус", Италия) Барзилия алаңдарындағы ең үздік жас футболшы. Маусым өткен сайын жақсы ойнап жүр. Бірақ, Месси, Роналду, Нойер секілді майталмандермен "Алтын допқа" таласуға әлі жастау. Родригес, Куртуа секілді бұл футболшының да болашағы алда. 9,10. Марио Гетце(Германия. "Бавария", Германия) Тони Кроос(Германия. "Реал Мадрид", Испания) "Алтын допты" неміс футболшыларының бірі алу керек деген теория қалыптасқан бұл жылы. Неге? Жауап біреу. Олар Әлем чемпионатын ұтты. Мәселенің бәрі "олар". Германия ұтты, Тони Кроос, Марио Гетце немесе Томас Мюллер емес. Бұлар сол жеңісті команданың, Лев мехизмінің жауапты бөлшектері ғана. "Алтын доп" командаға берілгенде, ол сөзсіз немістердікі. "Алтын доп" жеке адамның шеберлігіне берілетін баға, сыйлық. Әрине, екеуі де үздік 23-тің қатарында болуға әбден лайықты. Оған дауым жоқ. Гетце алтын голды салды, "Бавариядағы" бірінші маусымын да жақсы өткізді. Кроос "Баварияның" дирижері болды десек те болады, "Реал Мадрид" де жоғары деңгейін толық қанды көрсетіп жүрмесе де, уақыт өте келе өз деңгейіне жетеді. Дегенмен де, Иньеста, Яя Туре, немесе осы тізімге енбей қалған Ракитичтен жеке бастың шеберлігіне келгенде ұзап бұлар кете алмас. Міне, осы жылы "Алтын допқа" үміткерлер қатарына қосылған жаңа есімдер осылар. Үміткерлер. Негізі, "Алтын допқа" басты үміткерлер қатары Месси, Роналду, Нойер. Өткен маусымда клубта да, Әлем біріншілігінде де жоғары деңгейде өнер көрсеткен футболшыны таппайсыз. Мүмкін, Нойер? Бірақ, "Реал Мадридтен" екі ойында өткізген бес голы естен шықпайды. Роналду Чемпиондар Лигасын жеңді, рекорд орнатты, сұрмерген атанды. Бірақ, Бразилияда жарытып ештенке көрсете алмады. Оның обьективті себебі Португалияның осалдығы. Месси керісінше. Бразилияда үздік атанды. Не десек те, үздік үштіктің есімін 1-ші желтоқсанда білетін боламыз. Фараби ӘБДІХАЛЫҚ        
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×