«Алтын доп» Мессиге бұйырды

11.01.2012, 18:56
«Алтын доп» Мессиге бұйырды
ФИФА - 2012 жылдың ең үздіктерін анықтады. Теңбіл доптың теңдессіз шеберіне тиесілі «Алтын доп» сыйлығы қатарынан үшінші мәрте Аргентина ұлттық құрамасы мен Испанияның «Барселона» клубының ойыншысы Лионель Мессиге бұйырды. Сөйтіп, Лионель Месси атақты француз ойыншысы Мишель Платинидің нәтижесін қайталап, қатарынан үшінші мәрте «Алтын допты» иеленді. Платини жоғарыдағы атаққа 80-жылдардың бел ортасында қол жеткізген болатын. Қазылар алқасының бұл шешіміне ешкім наразылық айта алмайды. Өйткені аргентиналық жігіт, расында да, бүгінгі таңдағы теңдессіз футболшы. Ол «Барселонаның» осындай биік белестерді бағындыруына сүбелі үлес қосқан азамат екенін төрткүл дүние жанкүйерлері бірауыздан мойындайды. Былтыр каталониялықтар Испания біріншілігі мен Чемпиондар лигасында топ жарып, клубтар арасындағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірген жоқ. Сол кеште тағы бірнеше номинациялар бойынша жүлделер табыс етілді. Әйелдер арасында жапониялық Хомаре Сава шебер футболшы ретінде танылды. Ең білікті бапкерге тағайындалған сыйлықты «Барселонаның» бас жаттықтырушысы Хосеп Гвардиолла олжалады. Сонымен қатар әлем құрамасы анықталды. Бұл тізімге мына футболшылар енді: Касильяс («Реал»), Дани Алвес («Барселона»), Пике («Барселона»), Серхио Рамос («Реал»), Видич («Манчестер Юнайтед»), Иньеста («Барселона»), Хаби Алонсо («Реал»), Хави («Барселона»), Месси («Барселона»), Криштиану Роналду («Реал») және Руни («Манчестер Юнайтед»). Дайындаған Ғалым СҮЛЕЙМЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×