Алып командаға ауысуы мүмкін футболшылар тізімі. 1-ші бөлім

17.05.2015, 12:43
Алып командаға ауысуы мүмкін футболшылар тізімі. 1-ші бөлім
Әр жыл сайын ортаң қол командалар жұлдызды футболшыны баптап, маусым аралық үзілісте топ-клубқа қомақты қаржыға сатып олжаға кенелетіні қалыптасқан үрдіс. Бұл футбол маусымында да жаңа туған бірнеше жұлдыздардың есімін білдік, ойынына тәнті болдық. Әрине, арасында бір-екі маусымнан бұрын-ақ әлемге атағын жайған футболшылар да бар. Қазіргі командасының деңгейінен асып, кәрі құрлықтың қасқыр командаларына ұмтылып тұрғандар. Осыған орай, "Аладоп" сайты шетелдік ақпарат құралдарына бір шолып, кімнің қайда ауысар мүмкіндігін саралап, болашақты болжап, он футболшыны назарларыңызға ұсынып отыр. (Мақала екі бөлімнен тұрады.) 10. Карлос Бакка Жасы: 28 Клуб: "Севилья" Позиция: шабуылшы Ауысуы мүмкін: "Милан", "ПСЖ" Маусымдағы нәтижесі: 25(гол)+9(пас) Қатарынан екінші жыл Еуропа Лигасының финалына жолдам алған "Севильяның" бас мергені Бакканың деңгейі топ-клубқа ауысуға жетеді-ақ. Бір кедергісі футболшының жасы. Алдына үлкен мақсат қоятын командалар әдетте жас футболшыларды іздейді. Дегенмен, "Миланның" шабуылындағы мәселе жартылай қорғаушы Менезге қарап қалғанын, "ПСЖ"-дан Каванидің Туринге аттанғалы жүргенін ескерсек Баккада осы екі клубтың сапында өнер көрсетуіне мүмкіндік бар. Андалуссиялық клубтан талай мәрте команданың негізгі футболшылары кеткені есмізде. Алысқа бармай, Ракитичті еске түсірсек жетіп жатыр. Команда өмір сүріп жатыр, нәтиже былтырғыдан жаман емес. Онымен қоса Эмери бапкер мықты футболшыларды табудың, немесе өзі баптап-қағудың шебері. 9. Александр Лаказетт  Жасы: 23 Клуб: "Лион" Позиция: шабуылшы Ауысуы мүмкін: "Манчестер Юнайтед", "ПСЖ" Маусымдағы нәтижесі: 31+8 "Лион" футбол клубының түлегі биыл бүкіл Францияның әңгімесі. "Лионның" маусымның соңына дейін "ПСЖ"-мен алтынға таласқанының құпиясы-дәл осы жігіт. Кавани, Ибра секілді жатырдан сұрмерген болып туылған жұлдыздар арасынан сытылып шығып, Франция чемпионатының сұрмергендер көшін бастап тұр. Бар-жоғы 23 жасында. "Лионның" жазда Лаказетті ұстап қалуы өте қиын шаруа. Өз сапында көргісі келетін әсіресе Англияда жетерлік. "МЮ", "Ливерпуль", "МС". Жас футболшыларға құмар Арсен Венгер де бұл футболшыдан кет әрі емес. Немесе шекара аспай-ақ Парижден жылы орын тапса таңғалудың қажеті шамалы. 8. Мауро Икарди  Жасы: 22 Клуб: "Интер" Позиция: шабуылшы Ауысуы мүмкін: "Манчестер Сити", "Челси" Маусымдағы нәтижесі: 23+5 Аргентина сапында Гонсало Игуаиннің ізбасары деп бағаланған Мауро "Интерде" тамаша маусым өткізді. Былтыр 9 гол 22 жасар футболшы, биыл ол көрсеткішін 23-ке жеткізді. Бүгінгі таңда, бес жыл бұрын Чемпиондар Лигасын бағындырған "Интер" еурокубоктерден алшақ команда. Келесі маусымда команданың еурокубоктерде өнер көрсетпеуі-Икардидің кетуіне себеп болуы мүмкін. Дегенмен, клубтың Еуропа шыңына қайта өрлеуіне бар жағдай жасалуда. Сол үшін Роберто Манчини қайта шақырылды. Подольски, Шакири секілді футболшыларды маусым барысында сатып алды. Басшылық та  жазда транферге мол қаржы бөлетінін мәлімдеді. Сондықтан Икарди төзімге ерік беріп қазіргі командасымен қала ма, әлде Манчестер, Лондонға аттана ма? Футболшының алдында осы екі таңдау тұр. 7. Доменико Берарди Жасы: 20 Клуб: "Сассуоло" Позиция: шабуылшы Ауысуы мүмкін: "Вольфсбург", "Арсенал" Маусымдағы нәтижесі: 11+9 Былтыр "Милан" қақпасына бір ойында төрт гол салғаннан кейін Берарди әлем назарына ілікті. Екі маусым қатарына жасы енді 20-ны алқымдаған футболшы нәтижелі маусым өткізуде. Аутсайдер команданың сапында 20 жаста әр маусымда 10 голдан артық салу деген футболшының болашағы зор дегенді білдіреді. Бүгінде, "Арсенал" мен "Вольфсбург" қызығушылық танытып отыр. Екі команда да шабуылды бетке ұстайтын ұжым. Берардидің нағыз бағы ашылар жер. Дегенмен, футболшының жартылай туриндік "Ювентусқа" тиесілі екенін де ұмытпаған жөн. 6. Кевин Де Брюйне Жасы: 23 Клуб: "Вольфсбург" Позиция: вингер Ауысуы мүмкін: "Бавария", "ПСЖ" Маусымдағы нәтижесі: 17+25 17 гол, 25 нәтижелі пас. Таңдай қақтырарлық цифр. Бұл бельгиялық жас талантты бір кездері "ақсүйектердің" жүрегі Лэмпардтың ізбасары деп болжалған. Солай болар да ма еді.. Егер де, Жозе Моуриньо сенім артқанда. Көбіне алаңда бар жоғы білінбейтін Оскардан осы футболшы екі есе мықты. Енді, Жозенің өкінетін түсінікті. Бірақ, Де Брюйне Лондонға орaлғысы келмейді. Кевиннің бағы ашылған уақыт осы маусым. Команданың Чемпиондар Лигасына жолдама алуына септігін тигізді. "Вольфсбургтің" осы жігіт үшін 50 миллион еуродан кем сүрамауға толықтай құқығы бар. 25 нәтижелі паспен Мессидің өзі бұл маусымда мақтана алмайды. Еуропадағы ең үздік ассистент. Қақпаны тура көздейтін мергендігі тағы бар. Бірақ, ауысуға әлі ерте емес пе? Бір жарқын маусым өткізіп, келесі жылы басқа командаға ауысамын деп әлемнің жұлдызды сахнасынан ұшты-күйлі жоғалған футболшыларды тарих тізіп береді. Вольфсбург сенгендей сене ме? Сондықтан тағы бір-екі маусым "қасқырлар" сапында ойқастап, кейін барып орын ауыстыру жөнінде ойлағаны дұрыс болар. Келер маусымда "Вольфсбург" Чемпиондар Лигасында біраз жерге баруды көздеп отыр. Бундеслигада ғана емес, Чемпиондар Лигасында да нәтижелі ойнаса бағасы екі есе шарықтап өсетіні айтпаса да түсінікті. Бұл екі жаққа да пайдалы. Клуб мол ақша табады. Ал, Де Брюйне нағыз жоғары деңгейдің дәмін сезіп, өзіне деген сенімділік одан сайын артады. Сосын "Бавария" ма, "Реал" ма, "Барселона" ма.. Негіз құрамнан орын береміз деп өздері-ақ жалынатын болады.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ          
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×