Антонио Рукавина: «Мен бұған дейін ойнаған бірде-бір клубта мұндай адал жанкүйерді көрмеппін»

29.04.2021, 19:45
Антонио кешегі жеңісті Людмила Куфонинаға арнады.
Антонио Рукавина: «Мен бұған дейін ойнаған бірде-бір клубта мұндай адал жанкүйерді көрмеппін»

«Астананың» вице-капитаны Антонио Рукавина «Ақжайыққа» қарсы Olimpbet-Қазақстан чемпионатының 8-ші туры аясында өткен (1:0) жеңісті матч туралы ойымен бөлісіп, бұл жеңісті клубтың адал жанкүйері Людмила Куфонинаға арнайтынын айтты. Сербиялық футболшы ойынның күреске толы болғанын атап өтті.

- Тони, жеңіс құтты болсын! Қатарынан екінші рет 1:0 есебімен жеңіске жеттіңіздер, мұны сенімді нәтиже деп айту қиын. Командада қандай да бір мәселелер бар ма?

- Жоқ, қандай мәселелер болуы мүмкін? Команда ұпай жоғалтып, ұтылып жүрсе, онда әңгіме бөлек. Бізде ойын көп, кейде ойыншылар жетпей қалады. Сондықтан бүгінгі ойын да, бұған дейінгі матч та тартысқа толы болды. Ең бастысы, біз үш ұпайға қол жеткіздік. Осыған қоса «Тобыл» ұтылды, ал біз олардан ұзай түстік. Біз турнир кестесінде өз орнымыздамыз. Айтарым, бапкерсіз қиын екен. Жақын арада бәрі бұрынғыдай өз қалпына келеді деп үміттенемін. Ең бастысы, жеңіске жеттік.

- Сіз осы маусымда команда көшбасшыларының біріне айналдыңыз деуге болады. Келісесіз бе?

- Менің ойымша, біз бәріміз команда көшбасшысымыз. Мүмкін мен ең үлкені болғандықтан солай айтатын шығар. Бірақ бізде бір ғана көшбасшы болмауы керек, барлығы алаңда өз ісімен айналысуы қажет. Әрине, тәжірибелі ойыншы ретінде жас футболшыларға көмектесіп, кеңес бере аламын. Біз бәріміз кәсіпқоймыз, ортақ мақсат үшін ойнаймыз.

- Кеше клубтың адал жанкүйері Людмила Анатольевнаның өмірден озғаны белгілі болды...

- Мен бұған дейін ойнаған бірде-бір клубта мұндай адал жанкүйерді көрмеппін. Ол бәріміздің әжеміздей болып кетті, ол бізді өз ұлдарындай жақсы көрді. Өте өкінішті... Онымен жаттығу кезінде танысқаныма қуаныштымын. Бүгінгі жеңісімізді сол кісіге арнаймыз.

«Астана» ФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×