Мадридтік "Реалдың", ғаламшардың түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері, сүйікті командасының әр маусымның басындағы сүреңсіз нәтижелеріне көздері үйренген. Бұл жаңалық емес. Соңғы маусымдарда "Реалдың" чемпионаттың басында 3-4 ойының қатарынан жеңіп, көш бастағаны есіңізде ме? Бірақ, биылғы жағдай басқа. Нәтижемен қоса, ойынында химия жоқ. Командада идея жоқ. Чемпиондар Лигасының жеңімпазы деген атағы бар Анчелотти ұжымы, "Реал Сосьедад" секілді команданы 2-0 ұтып жатып, қатарынан 4 гол жіберіп тас-талқан болып жатса, мәселенің қиындығын білдірсе керек. Әрине, "Реал Сосьедад" мықтысы мықты, дегенмен де бұл команда Еуропаның үздік клубын осылай жеңетіндей космастық деңгейге жетпеген болар? Бар мәселе "Реалдың" проблемасында
Соңғы бір-екі ай көлемінде "Реал Мадрид" үшін жаны ашитын жанкүйерлердің де, басқаның да Перестың саясатын сынау ермекке айналды. Әрине, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас дегендей, негізсіз емес. Білесіз бе, Ресейде "Краснодар" деген команда бар. Құрылғанына бес жылдай уақыт болса да, керемет нәтижелерімен бірге, әдемі ойын өрнегімен бүгінгі таңда, бүкіл Ресейдің футбол сүйер қауымын тәнті етуде. Ойынына қарап сүйсінесің, ең мықты қорғаныс шабуыл деген қағиданы мықтап ұстанған. Еуропа Лигасында өнер көрсетіп жүр. Кеше ғана сырт алаңда, Еуропадағы қайсар командалардың бірі "Лилльмен" тең түсті. Тең түскені есепте ғана ғой, бүкіл мүмкіндіктерін пайдаланғанда, кем дегенде тағы екі гол салу керек-тұғын. Бұны неге айтып отыр дерсіз? Түсіндірейін. Жап-жас, буыны қатпаған команданың бұндай жетістіктерінің сыры неде? Қарапайым түсіндірсек, бес жасар баланың мектеп бітіріп жатқаны секілді таңғажайып ертегі ғой. Бүкіл нәтиженің, жеңістердің басында клуб призиденті Сергей Галицский есімді азамат тұр. Бизнес пен футболды ұштастыра білген, футболды жан дүниесімен сүйіп қана қоймай, оның қыр-сырын түсінетін жан. Әлеуметтік желідегі айтқан әрбір пікріне, ойына, сынына белді деген футбол коментаторлары да, эксперттері де қалай дөп басқанына таңғалып жатады. Мықты балалар футбол мектебін құрды, бүкіл құрам болашақта орыс ұлтынан болады деген жоспары да бар. Қаржыны да аямайды, ең бастысы, сол қаржыны қалай жұмсау керектігін біледі. Нәтижелі жұмсайды. Ал енді, Флорентино Переске қараңыз. "Реал Мадрид" неге 12 жыл бойы кәрі құрлықта үздік атанбады? Примьерада біраз уақыт "Барсаның" көлеңкесінде жүрді. Перес ешқашан команданы, жалпы футболды түсінген емес. "Реал Мадрид" анда-санда жеңіске жетіп, жанкүйерлерін бір серпілтіп жүргенінің себебі, білікті бапкерлердің арқасы. Ал, президент пайданың артынан қуамын деп, командаға қандай қиындықтар туғызып жатқанын байқамайды да.
Чемпиондар Лигасын жеңгеннен кейін, "Реал Мадридтің" алдында қарапайым ғана міндет тұрған. Команданы толықтай сақтап қалып, қосалқы құрамға бір-екі позицияға ойыншылар сатып алу. Команда салыстырмалы түрде кәрі емес, жас емес орта жаста. Оның орнына Перес не істеді? Екі ойыншыдан құтылып тынды. Иско, Илльяррамендилерді емес командаға өте маңызды ойыншы Анхель Ди Мария, орталық қорғаныстың тірегі Хаби Алонсомен қош айтысты. Әрине, Ди Марияның қадірін білмеді, түптеп келгенде Чемпиондар Лигасының финалын Анхельдың белсенді ойынының арқасында жеңген жоқ па еді? Роналду жарақаттың зардабынан еркін көсіле алмай жүргенде, Бэйлымыз қобалжып жүргенде, аргентиналық қой бірінші рөлді өз қолы мен аяғына алып, Атлетико қорғаушыларының басын шыр айналдырған. Негізі Перес футболда тіреуші жартылай қорғаушының маңызы команда үшін өте зор екенінен хабарсыз болар. Осы позициядағы ойыншыларға жаны қас. Сол баяғы Макелеле, интелегент Диарра. Ал Хаби Алонсо неге көзге сүйел болды? Жасы келді деп, сыртқа тебу дұрыс емес. Хабида кез келген команданың жартылай қорғанысын кемі 2 жыл жабатындай күш-қайрат бар. Әйтпесе, Баварияға не үшін керек болды. Теориялық түрде сатып алынған Кроос оны жоқтатпауы мүмкін. Бірақ, артқы жартылай қорғаушы деген аты болмаса, Тони Кроос қорғанудан гөрі шабуылдауды сүйетін футболшы ғой.
Артына тіркелген нөлдеріне қарасаң, санауға санын жетпейтін бағаға Хамес Родригесті алды. Әлемдік додада ғажайып өнер көрсетті, дегенмен шамадан тыс бағаланған футболшы. Футбол тарихында бір чемпионатта жылдам жарқ етіп жанып, чемпионаттан соң солай жылдам сөнген аяқдопшылар өте көп. Хамес Родригес ол Бэйл емес, қорғаныста да шабуылда да ойнай алатын, командаға тез сіңіп кететін. Колумбиялық үшін команданың бүкіл жүйесін өзгерту керек. Карло Анчелотти сондықтан 4-3-3 тен, 4-2-1-3 жүйесіне көшті. Бұнда, Хамес, Роналду-Бензема-Бэйл үштігінің артында ойнайды. Бірақ, алғашқы матчтардан көріп отырғанымыздай нәтиже берер емес. Президентін сыйға тартқан, Карло үшін қажетсіз сыйлығын командаға сіңдіру керек. Бұл да білікті бапкер үшін бас қатырарлық мәселе.
Бір маусым бұрынғыдай Анчелотти бәрін басынан бастауға мәжбүр. Жаңа команда құрумен айналысады. Бұл кейде ұзаққа созылатын процесс. Былтыр ол үшін 3 ай кеткен болатын. Тек сол уақыттан кейін ғана, командалық ойын пайда бола бастады. Төзім, жанкүйерлер тарапынан сенім керек. Уақыт та. Әрине, құрметті Флорентино Перес италиялықты жоқтан бар жасамадын деп, клубтан қуып шықпаса. Бизнес құмар президенттен бәрін күтуге болады. Мінсіз заттан мін тауып, бүтінді сындыруға шебер ғой. Фараби ӘБДІХАЛЫҚ