ЖЕТІНШІ ЖҮЗДІКТІҢ САРДАРЫ

20.09.2014, 03:25
ЖЕТІНШІ ЖҮЗДІКТІҢ САРДАРЫ
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
Өткен жексенбіде қазақ футболын­да елеулі екі жаңалық болды: Андрей Финонченко өзінің Қазақстан чем­пио­наттарындағы Жүзінші голын соқса, Нұрбол Жұмасқалиев бұл көрсеткішті 155-ке жеткізді.
Екеуі де – айтулы оқиға. Өйткені «Айқын» газетінің биылғы 15 тамыз­дағы №145 санында елімізде мерген футболшылардың тым аз екені жөнінде «Мергені жоқ елміз бе?» деген сарап­тама мақала жариялаған едік. Тәуел­сіздіктің 23 жылында Қазақстанда бар­лық жоғары дәрежелі турнирлерді қоса есептегенде, небары 14 футболшы ғана 100-ден асыра гол соғыпты. Бұл өте тө­мен көрсеткіш. Елімізге мерген фут­болшының дәл қазір ауадай қажет екенін Еуро – 2016 іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Латвия матчында анық байқадық.Андрей Финонченко – Қазақстан чемпионаттарында соққан голдарының санын 100-ге жеткізген жетінші фут­болшы. Бұған дейін Андрей Мирош­ниченко, Олег Литвиненко, Нұркен Мазбаев, Мұрат Тілешев, Нұрбол Жұ­масқалиев және Ұлықбек Бақаевтар ғана осындай биікке қол артқан бо­ла­тын. Төмендегі сызбадан осы 7 мер­ген­нің көрсеткіштерін салыстырмалы түр­де бағалай аласыздар:Бірінші ескеретін мәселе – голдар­дың соғылу жиілігі. А.Мирошниченко 100 голды 8 жыл ішінде, онда да ара­сында 2,5 жыл үзіліспен соқты. Ол 1993 жылы – «Роторда», 1996 жылы – «Ладада» (Ресей), 1997 жылы «Копет-Дагта» (Түрікменстан) ойнап келді. Сонда Андрей Қазақстан чемпионат­тарындағы 100 голда 5,5-ақ жылдың ішінде соққан болып шығады. Бұл – өте тамаша көрсеткіш. Өйткені қазіргі қа­зақ мергендері 5,5 жыл ішінде чем­пионат қана емес, басқа турнирлердің бәрінде соққан голдарының санын 50-ге әзер жеткізіп жүр. О.Литвиненко да 1999 жылы 1 жылға айыпталып, фут­болдан тыс қалды. Әйтпесе оның нә­тижесі 1 жыл бұрын тіркелуге тиіс еді.
Екінші мәселе – мергендердің нәтижелілігінің ұқсастығы. Мысалы, Н.Мазбаев, А.Финонченко, Н.Жұмас­қалиев өздерінің алғашқы маусым­да­рында мүлде гол соға алған жоқ. Н.Маз­баев 1992 жылы «Фосфор» құрамында 15 матчқа қатысып, қанжығасын май­лай алмаса, А.Финонченко 2001 және 2002 жылдары, яғни екі маусым бойы 22 матч­та гол авторы атана алмады. Н.Жұ­масқалиев 1998 жылы «Нарын» сапында –13 матчты, 1999 жылы «Жетісу» сапында 24 матчты голсыз өткізді. Демек, болашақ рекордшылар мергендік жолға бірқатар ізденістен соң барып түсті. Үшінші мәселе – мергендер үшін ыңғайлы командалар қандай? Ми­рошниченко, Тілешев және Бақаев 100-голдарын «Ертіс» командасының сапында енгізді. Демек, павлодарлық команда – мергендер үшін ең қолайлы клуб. Ал Жұмасқалиев 100 голды бір ғана команда құрамында – «Тобыл» сапында соқса, кейін 10 голды «Локо­мотив» (Астана) құрамында жүріп енгізді. Яғни ең тұрақты мергеннің бірі деп Нұрболды атасақ дұрыс. Дәл сондай теңеуге бүгінгі қаһарман А.Фи­нонченко да лайық. Оның бір артық­шылығы – спорттық ғұмырын толық­тай «Шахтер» командасында өткізіп келеді. Финонченконың тағы бір же­тістігі – «Шахтердің» бұған дейінгі ұлттық чемпионаттардағы бас мергені Руслан Иманқұловтың көрсеткішін жаңартуы. Иманқұлов чемпионаттарда 98 гол соғып, 100-ге екі қадам жетпей қалған болатын. Мергендер үшін 100-гол соғуға ең ыңғайлы команда «Орда­басы» болып тұр. Бақаев пен Жұ­масқалиев 100-голды шымкенттік ко­манданың қақпасында тулатты. Ми­рошниченко да өзінің рекордын «Син­тезге» – тағы бір шымкенттік коман­даға соққанын ескерсек, оңтүстік­қа-зақстандықтардың қақпасы мергендер үшін құт екенін аңғарамыз. Екібастұз қаласының командасына («Батыр» және «Екибастузец-НК») қақпасына 100-голдар екі рет соғылды. Төртінші мәселе – «енді Финон­ченконың ізін қуған кім бар?» деген сұрақ. Ең өкініштісі, әзірше ешкім жоқ. І лигада ойнап жүрген Ә.Бөлешев (84 гол) келер жылы премьер-лигаға ора­лып, қақпа торын жиі бүлкілдетпесе, әзірше мергендерді іздегеніміз іздеген. Әлібектің ізін басып келе жатқан Қай­рат Әшірбековтің («Ордабасы») енші­сінде – 64 гол. Финонченкоға жету үшін қанша уақыт керек десеңізші...
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
СЫЙАҚЫ МӨЛШЕРІ МОЛ
Серіктес жаңалықтары
×