Қостанайлық “Тобылдың” бұрынғы жұлдызы, Сербиялық футболшы Зоран Тошич Әлем чемпионаты жайлы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Metaratings.ru сайтына сұхбат берген Тошич биылғы дүбірлі доданың деңгейін жерге ұрып, Ресей мен Сербия құрамаларының жоқтығы турнирдің сәнін мүлдем қашырғанын ашық айтты.
Зоран Тошичтің айтуынша, бұл екі алып мемлекеттің қатыспауы тек сол елдің жанкүйерлеріне ғана емес, жалпы Әлем чемпионатының сапасына орасан зор соққы болып тиген.
Сербия құрамасының бұрынғы ойыншысы өз елі мен Ресейдің футболдағы әлеуетін жоғары бағалап, егер олар турнирге қатысқанда жағдай мүлдем басқаша боларын жеткізді:
“Ресей мен Сербия құрамалары қатысқанда биылғы Әлем чемпионаты барлық адам үшін әлдеқайда жарқын, әлдеқайда қызықты болар еді. Біздің командалар бұл додада жай ғана қатысушы емес, жүлделі орындар мен плей-офф кезеңіне жолдама алудан басты үміткерлердің қатарында болар еді. Олардың бұған мүмкіндігі өте жоғары болатын.” — дейді Зоран Тошич.