"Ақтөбе-1994" ақтық сында

30.08.2011, 06:01
"Ақтөбе-1994" ақтық сында

Премьер-Лиганың 1994 жылы туған жас аяқдопшылары арасындағы доп додасының кезекті төртінші кезеңі өз аяғына жетті. Шымкетте өткен бұл кезеңде «Ақтөбе» де бақ сынады. Бұған дейін 25 ұпай жинаған жерлестеріміз Шымкеттен тағы бес ұпай еншілеп қайтты. Айта кетер бір жайт, Қазақстан-U17 құрамасына шақырту алғандықтан ақтөбеліктерге жас сұрмерген Абат Айымбетов көмектесе алмады. Десе де, балғын аяқдопшыларымыз көз ілеспес жылдам, тактикалық ойын көрсете алды. Алдымен «Тараз» ойыншыларымен өткен ойында қос ұжым да бір бірден көзге түсіп, ұпай бөлісті, командамыздағы жалғыз голдың авторы - Сәрсенбаев Ағзам. Екінші ойын күнінде «Жетісуды» 4:3 есебімен қапы қалдырды. Бұл ойында Сәрсенбаев Ағзам, Бондурко Роман, Ерназар Қазбек, Алашбай Ахат сынды балғындарымыз гол соғып, өз клубтарына жеңіс сыйлады. Кейін негізгі қарсыластарының бірі «Қайсармен» ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. Қызылордалықтарға ойынды ортадан бастауға мәжбүр еткен Әбілхайыр Саламат болатын. Ал ойынның соңғы күнінде жерлестеріміз алаң қожайындары «Ордабасыдан» жеңіліп, тізе бүкті. Ел Премьер-Лигасы секілді мұнда да командалардың жинаған ұпайлары екі есеге қысқартылып, сегіз-сегізден екі топқа бөлінеді. Әзірше топ басындағы «Қайсарда» 18 ұпай, олардан үш ұпай кем жинаған «Ақтөбе» бесінші сатыда.

Есет ТӨЛЕШ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×