"Ақтөбе" ойыншылары VIP-саунаға түсу үшін 3 млн теңге сұрады

06.03.2015, 01:10
"Ақтөбе" ойыншылары VIP-саунаға түсу үшін 3 млн теңге сұрады
"Ақтөбе" футбол клубының ойыншылары саунаға түсу үшін мемлекеттік бюджеттен 3 миллион теңге сұрап отыр. Мемлекеттік сатып алулар туралы порталда футболшылар жан рахаты үшін қажет нәрсенің барлығын сұраған. Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлайды. Goszakup.gov.kz сайтында "Футболшыларға сауықтыру және қалыпқа келтіру (монша, сауна) қызметтерін бөлу" туралы жазылған. Ақтөбелік ойыншылар жыл соңына дейін осы қызмет түріне қол жеткізбекші. Монша және сауна кешені үшін жылына 3 миллион теңге жұмсалады деп көрсетілген. Команда құрамындағы 35 адамға шаққанда, жыл сайын әрбір адамға 87 714 теңге, ай сайын 7 142 теңгеден келеді. Команда басшылығының айтуынша, саунадағы бір залдың құны сағатына 10-15 мың теңгеден аспауы керек. Яғни, люкс класты кешен қажет. Аталған кешенде сауна мен монша, 35 көлік сыятындай автотұрақ болуы керек. Сонымен қатар, кешен аумағы жасыл желекке оранып, көшелер жарықтандырылған болуы тиіс. "Бар аймақ қылқанды ағашпен, қайыңдармен, шетен жидегімен, жасыл желекпен көмкерілуі тиіс. Сонымен қатар, демалатын орындықтар болуы керек. Кешенде жақсы демалып, сауығу үшін кемінде үш сауна болуы қажет. 15-20 адамға арналған залда үлкен киім ілгіш шкаф, кондиционер, плазмалық теледидар және караоке болуы керек", - делінген порталда. Кешенде стильді дизайнерлік жабдықтар бар бөлме болуы қажеттігі де айтылған. Сондай-ақ, сауықтыру кешенінде фин саунасы мен орыс моншасы болуы керектігіне баса назар аударылыпты. Ароматерапия залы мен емен жапырағынан жасалған хош иісті сыпыртқылар да футболшылар үшін аса қажет екен. Одан бөлек, массаж жасайтын маманды да ұмытпаған. Команда басшылығы футболшылар үшін ерекше күтімдегі бассейн қажеттігін де айтқан. Басылым тілшісімен сұхбаттасқан өзге бір клубтың мүшесі "Ақтөбе" ойыншыларының қалауы тым қымбат екенін атап өтті. "Ақтөбеде" дубльдегі ойыншылардың әрқайсысына 200 мың теңге тұратын спорттық киім-кешек алып береді. Ал бізде дубль түгілі, негізгі құрамның ойыншыларына қажетті экипировка 120-140 мың теңгеден әрі аспайды", - деген ол басылым тілшісіне. Сондай-ақ, ол массажшы команда құрамында болатындықтан, оған босқа ақша шығындаудың қажеті жоқтығын айтты.   news.nur.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×