Осы аптада Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің отырысы болып, бірқатар мәселелер қаралды. Солардың ішіндегі негізгілері, ардагерлерге зейнетақы тағайындалып, ел чемпионатының регламентіне өзгерістер енгізілді.
«Қазақстан футболының ардагерлері» қоғамдық қоры ұсынған тізім бойынша аяқдобымыздың ақсақалдарына (13 адам) өмірлерінің соңына дейін ай сайын 30 000 теңге зейнетақы төленіп тұратын болды. Олар: 1. Тимур Сегізбаев (1941 ж.т., КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы); 2. Евгений Кузнецов (1941, КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы); 3. Юрий Беласиков (1937, КСРО спорт шебері); 4. Өмірбек Бекбосынов (1938, КСРО спорт шебері); 5. Геннадий Костюченко (1938, КСРО спорт шебері); 6. Роберт Антарян (1942, КСРО спорт шебері); 7. Виктор Абгольц (1944, КСРО спорт шебері); 8. Сейітжан Байшақов (1945, КСРО спорт шебері); 9. Борис Ищенко (1945, КСРО спорт шебері); 10. Владимир Чеботарев (1947, КСРО спорт шебері); 11. Владимир Болотов (1928, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы); 12. Анатолий Колибердин (1935, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы); 13. Болат Ғалиев (1940, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы). Зейнетақы тағайындауда ардагерлердің спорттық атақтары ескерілген. 63 жастан асқан спорт шебері немесе еңбек сіңірген жаттықтырушы деген спорттық атақтары бар ардагерлер де зейнетақыға ілікті. Қазақстан футбол федерациясының атқару комитеті ел чемпионаты мен кубогы жолындағы теңбіл доп додаларына біраз өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, 2010 жылғы Қазақстан кубогының финалында ойнаған екі клуб («Локомотив» пен «Шахтёр») 2011 жылғы ел кубогының бірінші сатысынан босатылды. Олар биыл кубок жолындағы доданы 1/8 финалынан бастайды. Ал биылғы ел кубогы 13 сәуірден бастау алады. Ал премьер-лигадағы командалар арасындағы дода 6 сәуірде басталатындығы бұған дейін бекітілген-ді. Осы орайда өткен жылғы ел чемпионы мен кубок иегері арасындағы суперкубок 2 наурызға белгіленгендігін де айта кеткен жөн болар. Ел чемпионатының бірінші лигасындағы командалар енді бір матчта төрт ойыншысын алмастыра алатын болып, қайта бекітілді (күзде үш ойыншы алмастыруларуы керек деген шешім қабылданған еді). Сондай-ақ бірінші лига клубтары өз құрамдарына 25 футболшы емес, 30 футболшы енгізіп, бекіте алатын болды. ФИФА-ның талабына сай, Қазақстан футбол федерациясы құрамында екі жаңа ұйым ашылды: Дауларды шешу палатасы және Этика жөніндегі комитет. Премьер-лигадағы басты өзгеріс мынадай – чемпионаттың бірінші кезеңі (бөлігі) аяқталған соң екі алтылықтағы (1-6 орындар және 7-12 орындар) командалардың ұпайлары қақ бөлінетін болды. Егер қандай да бір клубтың еншісіндегі ұпай тақ санға тең болса, онда оның жартысы үлкен жағына қарай дөңгелетіледі. Мысалы, бір команда чемпионаттың алғашқы бөлігінде 33 ұпай еншілесе, оны екіге бөліп (33 : 2 = 16,5), шыққан санды үлкен жағына қарай дөңгелетеді. Яғни бұл команда чемпионаттың екінші бөлігін 17 ұпаймен бастайды. Мұндай шешім чемпионаттың екінші бөлігін қызықты да тартысты ету үшін қабылданған. Негізі, құптарлық-ақ шешім. Дұрыс. Өйткені былтыр жүлделі орындарды сарапқа салатын алтылықтағы кейбір командаларды чемпионаттың екінші бөлігінде жан алып, жан берісіп ойнады деп айта алмаймыз. Мәселен, бесінші және алтыншы орындардағы командалар көшбасшылардың соншалықты ұзап кеткендігінен бәрібір жүлделі орындарға таласа алмайтындықтарын және қайтсе де алтыншы орыннан төмен түспейтіндерін біліп, жайбарақат күйде болғандай. Сол сияқты екінші алтылықтың бас жағындағы командалар өздерін аутсайдерлердің қуып жете алмайтындықтарын біліп, арқаларын кеңге салды. Ал ұпайды екіге бөліп тастау командалар арасындағы алшақтықты мейлінше қысқартады. Қазақстан футбол федерациясында қабылданған соңғы шешімдер мен өзгерістерге қосарымыз, жоғарыда аталған атқару комитетінің қараша айындағы отырысында инфляцияға және төрешілер ақысының өсуіне байланысты, сондай-ақ клуб менеджерлерінің біліктілігін көтеру мақсатындағы семинарлардың көбеюіне байланысты жарна сомасы да көтерілген. Ел чемпионатына қатысу үшін төленетін жарна премьер-лигада 25 миллион теңгеден 28 миллионға өссе, бірінші лига жарнасы 7 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін жоғарылаған.Автор: Нұрғазы Сасаев
Біздің серіктес: FONBET