АРГЕНТИНА МЕН БРАЗИЛИЯ БАПКЕРІ ОТСТАВКАДАН АМАН

20.07.2011, 17:53
АРГЕНТИНА МЕН БРАЗИЛИЯ БАПКЕРІ ОТСТАВКАДАН АМАН

Аргентина және Бразилия құрамаларының бапкерлері Америка кубогындағы сәтсіздіктерге қарамастан өз қызметтерінде қала беретін болады. Екі елдің футбол басшылары да команда тізгінін ұстаған мамандарға әлі де сенім артатындарын мәлімдеді. Аргентина футбол қауымдастығының жетекшілері ұлттық құраманың бас бапкері Серхио Батистенің «альбиселестені» тығырықтан шығарар жол таба білетініне күмәнданбайды. Сол секілді, Бразилия футболын басқарып отырған азаматтар да «пенткампеондардың» Мано Менезес бапкердің арқасында алтыншы рет әлем чемпионы атанарына шәк келтірмей отыр. Ал мұхиттың арғы бетіндегі Америка кубогы-2011 тосын оқиғаларға толы болды. Жарыстың басты фавориттері саналған Аргентина мен Бразилия, тіпті жартылай финалға да өте алмай қалды. Лионель Мессидей талантты футболшысы бар Аргентина құрамасы осы турнирдегі құрамы ең күшті команда десек қателеспейміз. Алайда Марадонаның отандастары ширек финалда Диего Форландай мақтаулы футболшыны өмірге әкелген Уругвай елінің командасынан пенальти кезегінде ұтылды. Бұл ойында уругвайлықтардың қақпашысы Фернандо Муслердің есімі жиі ауызға алынды. Ол бірнеше рет Месси бастаған аргентиналықтардың қауіпті соққысына тосқауыл бола білді және пенальти тебу сәтінде тағы да шеберлік таныта алды. Аргентина құрамасының сапында Карлос Тевес мүлт кетті. Бразилия құрамасының жолына соңғы кездері табысты өнер көрсетіп жүрген Парагвай командасы бөгет болды. Пеленің отандастары да пенальти тебу барысында ұтылды, ең қызығы бразилиялықтардың бірде біреуі он бір метрлік нүктеден қақпаны дәл көздей алмады. Ал Америка кубогының жартылай финалында Венесуэла мен Парагвай, Уругвай мен Перу құрамалары өзара кездеседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×