Аргентина. Аргентина. Сонау 1990-шы жылдан бері әлемдік додада, Аргентина футболының басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Италияда болған әлем біріншілігінен кейін, 20 жыл көлемінде бұл ел үшін дүбірлі доданың алтыны түгіл, жартылай финалы алынбас қамалдай. Марадонаның жарқын шағымен бірге, әлем чемпионатының жартылай финалы да келмеске кеткендей.
Аргентина 19 әлем біріншілігінің, 9-ына қатысқан ұжым. Оның екеуінде топ жарған болса, екеуінде күміс жүлде таққан.
Арман орындалады немесе ғажайып Марадона
1978 жылдың 25-ші маусымы Аргентина футболы үшін ерекше күн. Бұл күні 25 миллион халықтың арман-тілегі орындалды. Өз тарихында тұңғыш рет ғаламшардың үздік командасы атанады. Өз жерінде. Сол чемпионат Аргентина жерінде өткен болатын. ФИФА, Аргентина әлем біріншілігін өткізуге 4-ші рет өтініш жасаған кезде ғана рұқсат береді.
Бүкіл халық мерекені өткізуге тыңғылықты дайындалады. Негізі, ФИФА-ның 3 рет рұқсат бермегені бекер емес-тұғын. Ол жылдары, Аргентина десе, бүкіл әлемнің көз алдына соғыс, қырғын, адамның құқығы аяққа тапталған жабайы ел елестеуші еді. Әлемге, бәрі керісінше екенін дәлелдеу үшін, ұлтқа берілген мүмкіндік болатын.
Бас жаттықтырушы Сесар Луис Менотти, командаға ойыншыларды өткелеткен өткізгендей таңдап алып, үздіктердің үздігін командаға қосады. Алар асуын алған, кәрі футболшылардың көбісі әлемдік додадан тыс қалады. Менотти үшін, футболшының тәжірбиесі, жасы, өткені емес, футболды өзінің көзқарасымен қарағаны маңызды еді. Жаңа модель, жаңа тактикалар, жылдамдыққа бағытталған футбол. Сол маусымда Либертадорес кубогімен, клубтар арасындағы әлем біріншілігін жеңіп алған Бока Хуниорс командасынан ұлттық құрамада бірде-бір аяқдопшының болмауының өзі көп нәрсені аңғартады.
Бірақ, жүлделі чемпионаттың алғашқы минуттары альбиселеста үшін сәтті бастала қойған жоқ. Венгрияға қарсы ойынның 9-шы минутында өз қақпаларына гол жіберіп алып, жанкүйерлерді біразқ қобалжытқаны бар. Дегенмен де, қобалжу бес-ақ минутқа жалғасады. Бес минуттан кейін, Леопольд Луке голынан соң, есеп 1-1! Осы ойында-ақ Менотти шәкірттері жаңа ойын моделін көрсеткен еді. Жылдам, өте жылдам ойынның, жылдам аргентиналық футболшылардың қарқынына ілесе алмай, венгр футболшылары жиі-жиі ережеден тыс қылықтар жасайды. Нәтижесінде, екі футболшы алаңнан қуылып, матч аяқталуына 7 минут қалғанда Даниэль Бертони Аргентина үшін жеңісті голды қақпа төрінде тулатады.
Төрт күн өтеді. Буэнос-Айрес. «Монументаль» стадионы. Қарсылас, өз сөзің 80-ші жылдары айтатын, енді-енді ғана керемет команданың ұшы көрініп келе жатқан Франция. Бірінші таймда, футболшылар емес, көзге бас төреші түседі. Аргентиналық футболшылар тарапынан ұйымдастырылған психологиялық қысымға шыдамай, француздар қақпасына күмәнді пенальти белгілейді. Әрине, 11 метрден мүлк кетсін бе, команда лидері Даниэль Пассарелла допты қақпашы секірген қарама-қарсы бұрышқа бағыттап, есеп ашады. Екінші бөліктің 61-ші минутында Платини есепті теңестіргенімен, 13 минуттан соң бірінші ойында да көзге түскен Луке жеңіс голын соғып кетеді.
Соңғы турда, өзі сияқты Венгрия мен Францияның сағын сындырған италиялықтармен кездеседі. Екеуінде де 4 ұпайдан. Екеуі де, келесі этаптан орын алып қойғандықтан, түптен келгенде топтың бірінші орыны сарапқа салынған ойын еді. Тамаша Италияны тізе бүкітруге қанша тырысқанымен, қақпа кілтін таба алмай, оның үстіне қақпасына гол жіберіп, екінші орынды місе тұтуға тура келеді.
Екінші этаптағы топтағы қарсыластары Оңтүстік Америкадағы көршілері Перу мен Бразилия, және еуропалық поляктар. Оңтүстік Америкалық дербиде, Перу мен Бразилия кім мықтыны анықтап жатқанда, Аргентина Польшамен кездеседі. Марио Кампестың дублінің арқасында жеңіске жетеді. 2-0! Екінші ойын нағыз жан алып жан беріскен Бразилияға қарсы ойын. Есеп 0-0! Бірақ, футболда матчтағы есеп пен ойынның картинасы сәйкес келмей жататын кездер көп болады ғой. Бұл ойын да дәл солай. Есепке қарап, іш пыстырарлық ойын болыпты десек қателесеміз. Нағыз шайқасты ойын.
Ал, топтың ең соңғы ойындары финалға кім шығады, кім үшін кім таласадыны анықтап беруі тиіс болатын. Бразилия Польшаны 3-1 есебімен тізе бүктіргеннен кейін, Аргентина Перуды кем дегенде 4 доп айырмасымен ойсыратуы тиіс еді. Тиістісін еншілейді. 4 голды аз көріп, 6-0 мен талқандайды. Кейін, бұл есептің, жалпы ойынның төңірегінде өрбіген шу өте көп. Кейбіреулер, алдын-ала тағдыры шешіліп қойған ойын деп, қызыл кеңірдек болғанымен нақты дәлел ұсына алмайды.
Шешуші ойында, финалда Аргентина мен Голландияның жолы түйіседі. Қызу қолдаудың көмегімен, Аргентина футболшыларына қанат біткендей ойынды жоғары жылдамдықта, жоғары қарқынмен бастайды. Кемпестың 38-ші минуттағы голынан кейін, Аргентинаның бір доп басымдылығымен бірінші таймда аяқталады. Бірақ, Голландия да оңай шағылатын жаңғақ емес-тұғын. Екі жыл кәрі құрлықтың қоласын жеңіп алған бұл команда, жеңіліп жатқанда қандай айла-тәсіл қолданатының білетін ысылған ұжым еді. Екінші таймда аргентиналықтарды өз айып алаңына тықты да тастады. Үздіксіз шабуылдар өз нәтижесін бермей қойсын ба, 83-ші минутта дегендеріне жетіп, есепті теңестіреді. Кім біледі, 1950 жыл Бразилиядағы секілді, Аргентина үшін де 1978 жыл ұлт қасіреті аталушы ма еді? Егер де, голландиялық Нанинга 89-шы минутта футбол снарядын торға емес, қақпа бағанасына теппегенде... Әйткенмен, Аргентинаны құдай сақтады.
Қосымша уақыт. Бүкіл бір тайм бойы екі өкпелерін қолдарына алып, есепті теңестіруге бар күшін сарпыған голландиялықтарда күш те қалмаған болатын. 2014 жылдың, 24 мамырында, Лиссабондағы Атлетиконың күйін кешті қосымша уақытта. Кемпес 105-ші минутта алтын голын соқса, 115-ші минутта Бертони есепті еселеп, матч нүктесін қойады.
Аргентина тұңғыш рет осылай чемпион болады. ФИФА-ға 20 жыл жалынып жүріп, әлем біріншілігін өткізуге рұқсат алған халыққа, футболмен тыныстайтын, футболға деген махабаты ерекше халыққа бұл алтын үлкен сыйлық еді.
Арада 8 жыл уақыт өтеді. Әлем біріншілігі де тарихта екінші рет Мексикаға барады. Оған Аргентина да жолдама алады. Бұл чемпионатта Аргентинаны ешкім фаворит қатарына қосқан жоқ. 82-ші жылдың чемпионы Италия, азулы немістер, Платини бастаған француздар, бразилиялықтар. Осылардың бірі алтыннан алқа тағатындай көрінген. Онымен қоса, 78-ші жылғы Аргентина басқа, 80-ші жылдардың басындағы Аргентина басқа. Испаниядағы сәтсіздіктен кейін, Менотти орнынан кетеді. Орнына Карлос Билардо есімді маман келеді. Жаттықтырушы дипломы болса да, негізгі мамандығы гинеколог. Әрине, жанкүйерлер футбол басшылығының есі ауысқан екен деп еді. Бірақ, атақты жаттықтырушы болу үшін, өткенін атақты болуы маңызды емес деген жазылмаған ереже бар ғой..
Команда топтық турнирден қиналмай өтеді, 1/8 финалда Уругвайда тізе бүктіреді. Ширек финалдағы Англияға қарсы аты шулы ойын. Марадона атымен аталатын футбол матчы. 51-ші минутта Англияға қақпасына допты динамикада баспен бағыттағандай көрінгенмен, бейнеқайталауда баспен емес, қолымен бағытталғаны айқындалады. Бірақ, Бен Насер голды есепке алады. Ал, 4 минуттан соң, әлемдік додалардағы үздік голдардың бірі, мүмкін ең үздігін тағы сол Марадона тоғытады. Алаңның қақ ортасында әріптесінен пас алған Марадона, ағылшындардың бесеуін артта қалдырып, допты торда тулатады.
Жартылай финалда тағы Марадонаның дублі. Бельгия қақпасына.
Финал. Немістерге қарсы. Немістердің финал алдындағы бас ауыртарлық күрделі мәселесі бар еді. Марадонаға қалай кедергі болмақ? Қалай жаппақ? Бұл мәселенің шешімін неміс жаттықтырушылары мен футболшылары шешімін табады. Марадона гол соқпайды. Бірақ, дирижер ретінде керемет ойын өрнегін көрсетеді. Тартысты ойында, 3-2 есебімен жеңіске жеткен аргентиналықтар араға азды-көпті 8 жыл салып, әлемнің алтының қайтарып алады. Ал, бүкіл әлем Марадонаны үздік деп таниды.
Екі күміс
Екі күмістің бірін, 1930 жылы Уругвайда еншілесе, бірін, 60 жыл өткен соң 1990 жылы Италияда еншілейді.
(Жалғасы бар)
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ