ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

01.06.2014, 05:34
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   9-орын. АНГЛИЯ-1966 Негізгі құрам: Бэнкс – Коэн, Дж.Чарльтон, Мур, Уилсон – Стайлз, Болл, Б.Чарльтон – Хант, Херст, Питерс. Бас бапкер – Альф Рамсей. Sir-Alf-Ramsey  Футболды ойлап тапқан Англияның осы спорт түрінен қол жеткізген табыстары аса көп емес. Әрине, клубтық командалары талай халықаралық жарыстарда топ жарды, бірақ ұлттық құрама тек бір-ақ рет чемпион болды – 1966 жылы өз жерінде өткен әлемдік доп додасында алтыннан алқа тақты. А-66Сол жетістікке жеткізген майталман маман – Альф Рамсейге деген ағылшындардың көзқарасын адам түсініп болмайды. Бір жағынан, ол – аты-жөні британ футболының жылнамасына алтын әріптермен жазылған әйгілі бапкер. Англия құрамасының жан дегендегі жалғыз чемпиондық атағы – осы кісінің еңбегі. Сондықтан да оған жұрт тәңірідей табынуы керек. Екінші жағынан, ұлттық құрама тарихында дәл мұндай аяусыз сынға ұшыраған адам сирек! Оған тіпті Англия әлем чемпионы атанған соң да тыныштық бермепті! «Иә, біз алтын жүлдеге ие болдық, бірақ команда нағыз жеңімпазға тән ойын көрсеткен жоқ. Оның үстіне, Рамсей шабуылшыларды азайтып, алаң ортасын күшейткен соң, ағылшын командасының алғы шебі тартымдылығынан айрылып қалды» деп күрсінгендер аз болмапты. Бір жақсысы, бапкер мұндай әңгіменің бәріне назар аударып әуре болған емес. «Жеңісіміздің басты сыры, – депті ол бір әңгімесінде, – мен нені ойлау керектігін білдім. Нені ойлау керек? Біріншіден, өз командаң туралы. Екіншіден, өз командаң туралы. Үшіншіден, тағы да өз командаң туралы. Қарсыласы туралы ойлай беретін адам өзін де, командаластарын да сыйламайды. Яғни, мен тек Англия туралы ғана ойладым, оның ойынын қалай шыңдай түссем екен деп жарғақ құлағым жастыққа тимеді. Басқалармен мүлде жұмысым болған жоқ. Сондықтан да жеңген шығармыз». Алайда, чемпионаттың беташар матчында ағылшын арыстанының Уругвайға тісі батпады (0:0). Баспасөзден, мамандардан, жалпы жанкүйер қауымнан естімеген сыны қалмаған бапкер А.Рамсей одан қорытынды шығарып, кейінгі ойындарды сәтті өткізді. Францияны да, Мексиканы да бірдей есеппен (2:0) жеңген олар өз тобында бірінші орын алды. Ширек финалдағы Англия – Аргентина матчында төрешілердің алаң иелеріне аздап іш тартатыны байқалып қалды. Кездесу өте дөрекі болғаны сондай, төреші ысқырығы минут сайын естіліп, ойын қайта-қайта үзіліп қала берді. 38-минутта латынамерикалықтардың капитаны Антонио Раттин алаңнан қуылды. Азшылықта қалған Аргентина командасы 78-минутта доп жіберіп алып, ұтылып қалды. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Альф Рамсей аргентиналық футболшыларды «хайуандар» деп атады (дөрекілік жағынан өз жігіттерінің де қалыспағаны оны еш ойландырмаған секілді), ал бұл түптеп келгенде екі ел арасында қарым-қатынастың ушығуына апарып соға жаздады. Содан бері бұл құрамалардың әр кездесуі тартысқа ғана емес, жанжалға да толы болып келеді. А-66Жартылай финал (Англия – Португалия), керісінше, өте әдемі ойын болды. Француз төрешісі Швинтенің ысқырығы алғаш рет тек ойынның 22-минутында ғана естілді! «Онда да ысқырмай-ақ қоюға болатын еді, бірақ менің де алаңда бар екенімді білдіргім келді» деп әзілдеді кейін төреші. Бұл екі ғажайып ойыншының – Бобби Чарльтон мен Эйсебионың жұлдызды матчтарының бірі болды. Ағылшын екі, ал португалдық бір доп соқты. Сөйтіп, жалпы 9 доп соққан Эйсебио доданың ең мерген ойыншысы атанса, Б.Чарльтон өзінің інісі Джеккимен және Бэнкс, Мур, Херст сынды әріптестерімен бірге финалда да жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. БМ-66 Алтын кубок – капитан Бобби Мурдың қолында.   Ал Херст финалдық матчта үш доп соққан тарихтағы бірден-бір ойыншы саналады. Оның 100-минутта соққан голын (доп маңдайшаға соғылып жерге түскен-ді) немістер күні кешеге дейін мойындамай келді. Олар «доп қақпа сызығынан ары емес, бері түсті» деп дәлелдеуден танбайтын. Сол сәтте бас төреші швейцариялық Динсттің өзі де бір шешімге келе алмай, қапталдағы қазы Бахрамовқа жүгінген-ді. Кеңестік әзербайжан төрешісі «гол болды» деген байлам жасады да, немістердің қарғысына қалды. Арада қырық жылға жуық уақыт өткенде барып заманауи техниканың көмегімен Бахрамов шешімінің дұрыс екеніне бүкіл әлемнің көзі жетті. Финалда ағайынды Чарльтондар ерекше көзге түсті. Бобби шабуыл отына май құйып отырса, Джекки қорғаныс шебіне жетекшілік етті. Трибунада бұл екі жігіттің анасы Сисси Милбурн ханым Ұлыбритания премьер-министрі Г.Уилсонмен қатар отырыпты. Қақпашы Бэнкс немістерден гол жіберіп алған кезде, Уилсон мырза кейуананың құлағына: «Қақпаға тұра қоятын тағы бір ұлыңыздың болмағаны қандай өкінішті!» – деп сыбырлапты. Финал-66 Финал. Англия – Германия – 4:2. Бобби Чарльтон (№9) мен Франц Беккенбауэр.   Кубок пен медальдарды жеңімпаздарға ІІ Елизавета ханшайымның өзі тапсырды. 120 минут бойы жеңіс үшін жан алып, жан беріскен футболшылар, әрине, қатты шаршаулы еді. Сондықтан болуы керек, Англия құрамасының капитаны Бобби Мур кубокты алып тұрып, оны ханшайымның үстіне құлатып ала жаздады. Ал жартылай қорғаушы Стайлз тіпті кісі естімеген қылық танытты: маңдайынан сорғалаған терді үстел үстінде жатқан ханшайымның жеке қол орамалына сүрте салған ол түк болмағандай өз медалін мойнына тағып, кете барды. Оқыс жайт болса да, ханшайым сабыр сақтап, ештеңе демеді, ал ағылшын журналистері бұл көріністі жарты жыл жыр қылды. Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизавета бас бапкер А.Рамсейдің еңбегін ескеріп, оған «сэр» титулын тарту етті. Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×