“Манчестер Ситидің” жұлдызы Кевин Де Брюйне осы маусым аяқталған соң клубтан кететінін растаған. Танымал сарапшы әрі бұрынғы футболшы Джейми О’ Хара "Арсеналдың" бас бапкері Микель Артетаға күтпеген кеңес берді.
"Де Брюйнені Лондонға шақыру керек"
33 жастағы Бельгиялық жартылай қорғаушының “Ситимен” келісімі 2025 жылдың маусым айының соңында аяқталады. Клуб басшылығы оған жаңа келісімшарт ұсынбайтынын хабарлаған. Осыдан кейін Де Брюйне көбінесе АҚШ-тың футбол клубтарымен байланыстырылып жатыр, алайда өзі Англияда қалу мүмкіндігін жоққа шығармады.
“Мен барлық ұсыныстарды қарауға дайынмын. Ағылшын Премьер лигасында қалуым да мүмкін. Бұл жерде тек спорт емес, отбасы, өмір салты барлығын ескеруім керек,” – деді Де Брюйне.
Джейми О’Хара Sky Sports арнасында былай деді:
“Артета Де Брюйнеге телефон шалып, оны Арсеналға шақыруы керек. "Біз чемпион боламыз, саған шабуылшы алып келемін, сені Одегаармен бірге орталыққа қоямын." – деп айтуы тиіс. Де Брюйне — жеңімпаз, жеңіске қалай жетуді біледі, ол әлі де үздік ойыншы. “Арсенал” мұндай мүмкіндіктен айырылып қалмауы керек.
Соңғы екі маусымда "Арсенал" Премьер лигада екінші орынмен шектеліп жүр. Сондықтан тәжірибелі, жеңіс дәмін татқан ойыншыны алу — команданың чемпиондық арманына бір қадам жақындау деген сөз.