Кеше Түркияның Анталия қаласында «Астана» мен «Гелиос» футбол клубтары арасында жолдастық кездесу болды.Онда Олега Протасов жаттықтыратын астаналықтар қарсыласын 1:0 есебімен ұтты. Бұл ойында соғылған жалғыз доптың авторы Қайрат Нұрдәулетов болды.
2002 жылы 1 желтоқсанда құрылған Харьков қаласының «Гелиос» командасы 2004/2005 жылғы маусымнан бастап Украина Бірінші лигасында өнер көрсетеді. Владимир Шеховцев жаттықтыратын харьковтіктер былтыр 18 команданың арасынан 15-орын алған болатын.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранектен шақырту алған астаналықтардың 10 ойыншысы бүгіннен бастап құраманың жаттығу жиынына қатысуда. Олар - қорғаушылар Қайрат Нұрдаулетов, Мұхтар Мұхтаров, Марк Гурман, Михаил Рожков, Евгений Горячий, шабуылшылар Таңат Нөсербаев, Сергей Остапенко, Сергей Гридин және жартылай қорғаушылар Ұлан Қонысбаев пен Марат Шаяхметов.