«Астанаға» жаңа бапкер келді

05.05.2012, 07:20
«Астанаға» жаңа бапкер келді

                 Биылғы маусымда «Астана» командасы сәтті өнер көрсетіп жатыр деп айтуға ауыз бармайды. VIII турдың қорытындысы бойынша елордалық команда қазір 7 ұпай жинап, турнир кестесінің 11-ші сатысына жайғасқан. Астаналық команда соңғы ойындарында жеңілістен көз ашпай келеді. Міне, енді сол елордалық командаға жаңа бапкер келді. Осыған дейін астаналық клуб ресейлік маман Юрий Красножанмен келіссөздер жүргізіп жатыр деп мәлімдеген болатынбыз. Алайда «Астана» командасының жаңа бапкері  Юрий Красножан емес, Мирослав Беранек болып тағайындалды.

Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері М.Беранек енді «Астана» командасының тізгінін де қолына алды. Бұл туралы клуб президенті Азамат Айтхожин хабарлады. Маман қазір жұмысына кірісіп те үлгерді. Енді бұл команда ІХ тур аясында «Астана аренада» қарағандылық «Шахтерді» қабылдайтын болады. 2011 жылы М.Беранек Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыруға келісім-шартқа отырған болатын. Оған дейін бұл бапкер белгілі чех клубы «Славия», одан кейін  «Кладно», «Хмель», «Брно», венгерлік «Дебрецен» және «Аль-Васл» (ОАЭ) командаларын жаттықтырған болатын. Сонымен қатар Чехия жастар құрамасының және Чехия ұлттық құрамасының көмекшісі де қызметтерін атқарған. Бапкерлік ғұмырында 2004 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2002 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионы, Венгрия чемпионаты жеңімпазы және Чехия кубогының иегері атақтарына қол жеткізген екен. Әзірге «Астана» мен М.Беранек арасындағы келісім-шарт мерзімі белгісіз. Дегенмен Беранек білікті бапкер екені де мәлім. «Астананы» алға сүйреп, жаңа тыныс пен тың серпін бере алар ма екен? Мұны енді келесі тур ойындарының еншісіне қалдырайық.  

­

                                                                                                                                                                                                                      Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×