«Астананың» Еуро арманы орындалды

15.11.2012, 23:17
«Астананың» Еуро арманы орындалды

Футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойыны елордада өтіп, жергілікті «Астана» Павлодардың «Ертісінен» 2:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп, ел кубогының иегері атанып, келесі маусымда еурододада бақ сынау құқығына қол жеткізді.

  Футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойыны елордада өтіп, жергілікті «Астана» Павлодардың «Ертісінен» 2:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп, ел кубогының иегері атанып, келесі маусымда еурододада бақ сынау құқығына қол жеткізді.  «Ертіс» биылғы маусымда күміс жүл­дегер атанып, көңіл күйі көтеріңкі болатын.Мұнымен шектелмей, ел кубогы дода­сы­ның финалына шықты. Ал «Астана» жүл­делі орындарға сына қаға алмай, соңғы турда қылышын тасқа ұрған еді. Сондықтан ел кубогы додасының ақтық ойыны аста­налықтар үшін соңғы мүмкіндікболатын, яғни кубокты жеңіп алса, келесі жылы еу­ро­додада өнер көрсететін болады.Онда биыл жүлдесіз қалғандарын жуып-шая алады. Тек кубокты жеңіп алса, болғаны...   Финалдық дода жақындаған кезде «Ер­тістің» бесаспап сұрмергені, өзбек ша­буылшысы Ұлықбек Бақаевтың ақтық сын­да өз клубына көмектесе алмайтынды­ғы мәлім болды. Финалдық матч алдын­дағы баспасөз мәжілісінде «Ертістің» бас бап­кері Талғат Байсуфинов 14 қараша күні Өз­бекстан құрамасы маңызды ойын өткі­зіп, Иран құрамасымен кездесетіндігін мә­лім­деді. Күміс жүлдеге қол жеткізіп, ел ку­бо­гының финалына шыққанша Өзбек­стантарапының Бақаевты ұлттық құрама­сы­ның сапына жіберу жөніндегі шақыр­туынажауап бермей келгендерін, бірақ көр­ші елдің маңызды ойыны тақаған кез­де бәрінсаралап, оны жіберуді жөн сана­ған­дарын тәптіштеп айтып шықты. Содан соң коман­да капитаны Сергей Ивановтың да ақтық матчта алаңға шықпайтындығын, сырқат­танып жүргендігін мәлімдеді. Шындығын айтсақ, белді екі ойыншы­сы алаңға шықпайды дегеніңіз «Ер­тіс­тің» екпіні бәсеңсіп қалады деген сөз емес пе деп аңтарылдық. Алайда Талғат Мару­анұлы «Ертістің» ел кубогын соңғы рет 1998 жылы жеңіп алғандығын, ал фи­нал­ға 2003 жылы шығып, жеңіліске ұшыра­ған­дығын тілге тиек етті. «Ендеше, сонша­ма жылдан кейін финалға шығып отырып, жеңісті қолдан бермекемеспіз» деп, ішкі күдігімізді сейілтті биыл өз командасымен жүлдеге іліккен жалғызотандық бап­керіміз. Мирослав Беранек болса өздерінің еу­рододада ойнағылары келетіндіктерін, ал финалдық матч соңғы мүмкіндіктері екен­дігін шегелеп айтты. Команда капи­таны Қайрат Нұрдәулетов ел чемпиона­тында жүл­деге іліге алмағандықтарын, енді со­ның қайтарымы ретінде ел кубогын жеңіп алып, келесі маусымда еурокубокта доп тепкілері келетіндіктерін әрі соған мүдделі екендіктерін баса айтты. Өйткені «Астана» шаңырағын көтеріп, керегесін тіккелі еурододада доп қуған жоқ.   Осы баспасөз мәжілісі өткен күннің ер­теңінде ойын да басталды. Елордада күн суытып, қар бұрқасындағанымен, «Аста­на-Арена» стадионының іші жып-жылы бол­ды. Жанкүйерлер сырткиімдерін ше­шіп тастап, бүріспей, еркін отырды. Төрешінің ысқырығы естілісімен-ақ «Ас­тана» бірден қамшыны басып, көсіле шапты. Ал «Ертіс» кібіртіктеп, бауырын жаза алмады. Бәлкім, сұрмерген Бақаев пен команда капитаны Иванов жетіспеді ме, әлде «Астана-Аренаның» жасанды же­легін жатсынды ма, жоқ, әлде ел чем­пио­натында көп күш жұмсап, титықтап қал­ғандары енді біліне бастады ма, әй­теуір, Кереку клубы өте жоғары қарқында ойнай алмады. «Астана» сапында да екі ойыншы жара­қатына байланысты алаңға шыға алмады. Оның бірі орталық қорғаушы В.Дмит­ри­ен­ко болатын. Бас бапкер оның орнына ко­ман­да капитаны Қайрат Нұрдәулетовті қойыпты. Ойын басталған бетте-ақ Қайрат әуелеп келген допты екі мәрте басымен әріптестеріне қолмен қойғандай етіп бере қойғанда «ұлттық құраманың капитаны бас­пен ойнауға төселіп алыпты» деп сүй­сіндік. Есімізге Қайраттың ұлттық құрама сапында баспен соққан голдарын түсіре бас­тадық.Сол кезде «Астана» айып соқ­қы­сын орындауға мүмкіндік алды. Әдет­тегідей Дамир Кояшевич теңбіл допты қақ­па алдына доғаша иіп, оны басқа емес, сол Қайрат баспен қақпаға тоғытты. Гол!   Осылай ойынның бесінші минутында-ақ «Астана» алға шығып, жасыл алаңда ал­шаңдай басты. Ал «Ертіс» еңсесін тіктей алмаса да, онысын сездірмей, қарсы ша­буылдарымен елордалықтардың қорға­ны­сын піспектеуге тырысты. Әсіресе екінші таймның басында «Астананы» тықсырып, біраз қыспаққа алды да. Бірақ ұйысып қал­ған құрақ шөпті қырқып түсе алмай жат­қан, жүзі қайтқан шалғыдай «Астана­ның» тығыз қорғанысын тесіп те өте алма­ды, «кесіп» те түсіре алмады, бұзып та кете алмады. Ал ойын аяғына қарай елордалық­тар­дың Кояшевич – Кетевоама – Нөсербаев ар­қылы өрбіген үш жүрісті үдемелі шабуы­лы Таңаттың жантая тепкен соққысымен аяқталып, теңбіл доп тор ішінде тулады. Гол! Есеп – 2:0. Бұдан кейін онсыз да ойыны мандымай жатқан «Ертістің» жүні жығылып сала бер­ді десек, артық айтпағандығымыз болар. Матчтан соң Мирослав Беранек мақ­саттарына қол жеткізгендеріне, биылғы мау­сымды тамаша жетістікпен аяқтаған­дарына риза екендігін білдірді. Енді ше, «Астана» алғаш рет еурокубокта доп теп­пек. Ал Талғат Байсуфинов ел чемпиона­тында да, кубок додасында да екінші бол­ғандарын,мұның тым жаман нәтиже емес­тігін, бірақ енді бірінші болуға тал­пыну керектігін тілгетиек етті. Ауа райының суып кетуіне байланысты финалдық ойын ал­дындағы дайындықтарының да үзіліп, толыққанды өтпегендігін сөз арасында ай­тып өтіп, өз қарамағындағы футболшы­лар­дың осындай барлық қиыншылыққа мойымай, қайсарлық көрсете білгендеріне риза екендігін білдірді. Жалпы, осы екі күнгі баспасөз мәжіліс­те­рі мен ақтық ойын барысында журналис­тердің көбі Талғат Маруанұлының ысы­лып, шыңдала түскендігіне тәнті болды. Байсуфиновтің журналистердің сұрақ­тарына қалай сауатты жауап беретіндігіне, өзін-өзі қалай ұстайтындығына, барлық жағдайды тез саралап, бағамдап отыра­тындығына көпшілік риза болды. Оның командасы жеңілсе де, көпшілік оған қол соғып, ыстық ықыласын білдірді.Баспасөз мәжілісінен кейін отандық журналистер Байсуфиновті жүрекжарды тілектерімен шығарып салса, ақтық ойын аяқталған соң стадионға жиналған кө­рер­мендер орын­дарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап, «Ер­тістің» бапкеріне құрмет-қошемет көрсетті.   «Астана» – «Ертіс» – 2:0 Голдар: Нұрдәулетов, 5. Нөсербаев, 82. «Астана»: Эрич, Нұрдәулетов (к), Бейсебеков, Лазаревски, Рожков, Кетевоама (Горячий, 90+2), Коробкин, Шахметов, Кояшевич (Қонысбаев, 89), Остапенко, Нөсербаев (Ивановски, 87). «Ертіс»: Котляр, Чернышов (к), Шомко, Кулибали, Чичулин (Яковлев, 75), Шабалин (Байжанов, 80), Юрин, Кучера, Говедарица, Малетич, Эссомба (Мальцев, 83). Төрешілер: Сламбеков (Алматы), Ходин, Шәріпов (екеуі де – Атырау) 11 қараша. Астана. «Астана-Арена». 11 500 көрермен.  

Нұрғазы САСАЕВ, Алматы – Астана – Алматы

Суреттер Қазақстан футбол федерациясынан алынды Авторы  С.Филиппов
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×