"Атлетико Мадрид"-"Реал Мадрид". Анчелотти мырза, есеп 0:3!

07.02.2015, 19:32
"Атлетико Мадрид"-"Реал Мадрид". Анчелотти мырза, есеп 0:3!
Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 21:00 де Испания астанасы Мадрид қаласында, "Висенте Кальдерон" атты ғажап стадионда, "Атлетико Мадрид" пен "Реал Мадрид" футболшылары, осы маусымдағы 6-шы дербиді өткізу үшін алаңға шықпақ. Әдеттегідей, Еуропаның орталық ойынына матч алдында қысқаша шолу жасайтын боламыз. Мадридтік дерби-Испан Премьерасындағы ең негізгі ойындардың бірі. Екі түрлі мәдениеттің, екі түрлі стильдің, екі түрлі философияның шайқасы. Ғарыш пен жердің текетіресі. Мадридтің тағына талас. Екі команданың осы маусымдағы кездесуі Испан суперкубогінен жазда басталған-тұғын. Футбол әлемі, Әлем чемпионатынан енді ес жиып жатқанда Симоне мен Анчелотти шәкірттері Мадридте кезекті рет кім мықтыны анықтаған еді. Екі ойынның қорытындысы бойынша Испан чемпиондары басым түсті. Әрине, бәрі "Реалдағы" ауыс-түйісті меңзеген болатын. Бірақ, "Атлетико" командасы да бұндай процецессті бастан өткізіп жатыр еді. Бұнда қайсысы негізгі футболшыларды жоғалтты деп емес, қай бапкер тез арада команда жасақтай алады дегенге басты назарды аудару керек. Ал, бұл жағынан Симоне мен Клоппқа әлемде тең келер бапкер жоқ екені бәріне айдай анық. Сонымен: "Атлетико Мадрид-Реал Мадрид-1:0!"- деңіз. Кезекті кездесу Премьераның бірінші айналымындағы ойын. Бұл жолы, "Атлетико" тіпті "Сантьяго Бернабеудан" 3 ұпайды алып кетті. Тағы да айлакер Симоне алаңдағы миллондарды тұншықтырды. Ойыншыларды алаңда тығыз, бір-біріне жақын орналастырып, "корольдік клуб" желаяқтарына алаңда бір метр де бос жер кеңістік қалдырған жоқ. Команда өзінің чемпионға тән, Симонеге тән мінезін көрсетіп, тағы да "Реал Мадридті" тізе бүктірді. Сонымен: "Атлетико Мадрид-Реал Мадрид-2:0!"-деңіз. Одан кейін, талай уақыт өтті. "Реал" сол жеңілісінен кейін, қатарынан 22 рет алаңдағы қарсыластарын жасыл алаңмен тегістепті. Оның ішінде "Барселона" да бар. Бірақ, тағы да, тағы да Симоне бастаған жігіттері алдында Карло Анчелотти командасы жер шұқыды. "Корольдік клуб" үшін екінші кезектегі турнир Суперкубок пен Премьераның ойынында жеңілу бір басқа да, 1\8 финалда жарыс жолын тоқтату бір басқа. Мейлі ол, Испан кубогі болса да. "Висенте Кальдеронда" 0:2 есебімен есе жіберді. Қарымта ойында тас-талқан етеміз деген жоспарын, 7 жыл бойы Англия мен Италияда болған Фернандо Торрес өзінің әлі де тірі екенін еске салып, Анчелотти мен Роналду бастаған миллиондардың жоспарын күл-талқан етті. Әрине, дубль жасаған Торрестің еңбегі зор, бірақ "Реал Мадридтің" басты бас кесері, бүкіл матч бойы алаңның шетінде механизмнің істен шықпауын қадағалап, әрі-бері жүгіріп жүрген еді. Симоне маусымда үшінші рет Анчелоттиді жерге қаратты. Сонымен: "Атлетико Мадрид-Реал Мадрид-3:0!"-деңіз. Реал Мадрид - Атлетико Мадрид - 2-2: видео-обзор матча Сайып келгенде, Симоне емес, Анчелоттиге бүгінгі ойын қиынға соқпақ. Жарты маусым бойы басқаға қолданған қаруы, Симоне командасына келгенде істен шығады. Тығыз, мығым орналасқан қорғанысты командаға не істей алады? Қайткенде, саңылау табады? Бірақ, қарсыластан саңылау табамын деп, өз саңылауын естен шығармаса болғаны. Ойынға Серхио Рамос қатыса алмайтынын білеміз. Ал, стандартты жағдайда "матрасниктердің" қандай қауіпті екенін де білеміз.Сондықтан, ең бастысы айып добы, бұрыштама добы кезінде гол жіберіп алмаудың қамын ойлауы тиіс. Гол салып алған "Атлетиконың", у берсең де сағын сындыра алмайсың. Рамос-"Реал" қорғанысының тас қамалы еді. Онымен қоса, Марсело мен Пепе де алаңға шыға алмайды. Бүгінгі мадридтік дербиде "Реалдың" жеңуі екіталай. Анчелотти тактика ойлап тапса ғана мүмкіндік туар. Симонеден айласын асыра алатындай. Сондықтан, бар біліктілігінізді көрсетіңіз, сеньор Анчелотти! Есеп 0:3!   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ        
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×