Аты аңызға айналған «Жеңіс» клубы қайта жанданбақ

04.04.2021, 03:10
Команда биыл Екінші лигада өнер көрсетеді деп күтілуде
Аты аңызға айналған «Жеңіс» клубы қайта жанданбақ

Бірнеше күн бұрын елордалық футбол жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық желіні жарып жіберді: Қазақстанның аты аңызға айналған клубы, үш рет чемпион атанып, біздің елдің атынан Чемпиондар Лигасында алғаш рет өнер көрсеткен "Жеңіс" клубы Екінші лигада бақ сынамақ. Осыған байланысты Meta-ratings.kz сайты қайта құрылған клубтың директоры Ахмад Амировпен сұхбаттасты.

- Ахмад, "Жеңістің" қайта жандануы туралы ақпарат пайда болды, бірақ жобаның артында нақты кімнің тұрғанын анықтау оңай болған жоқ. Ал біз сіздің жаңадан құрылған клубтың директоры екеніңізді білдік. Сондықтан логикалық сұрақ туындайды: сіз кімсіз?

- Қайдан келдіңіз деп айтқыңыз келе ме? Мен елорданың тумасымын. Бала кезімнен бастап "Жеңіске" жанкүйер болдым, клуб мектебінде тәрбиелендім және барлық Целиноград тұрғындары сияқты клуб жабылған кезде қатты алаңдадым. Менің футболдағы тәжірибем де аз емес. 2014 жылдан бастап 2015 жылдың ортасына дейін Қазақстан футбол федерациясында жұмыс істедім, ұлттық құрамаларымыздың өз алаңындағы халықаралық матчтарын ұйымдастыруға жауапты болдым. Қазақстанның әуесқой лигасында қызмет атқардым, сонымен бірге өзімнің "Север" деп аталатын әуесқой командамды басқардым. 2018 жылы қалалық футбол федерациясының вице-президенті болып тағйындалдым және қазіргі уақытқа дейін осы қызметте жұмыс істедім. "EXPO Cup - 2017" турнирінің ұйымдастыру комитетіндегі тәжірибемді де айта аламын. Жалпы, мен футболда бұрыннан жұмыс істеп келемін. Соңғы жылдары өз қаламың футболын дамытуға тырыстым.

- Онда "Жеңіс" туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл жоба қаншалықты маңызды?

- Естеріңізде болса, бұл жоба екі жыл бұрын жанкүйерлердің бастамашыл тобы жергілікті футболдың түлектері Давид Лория және Максим Жалмағамбетовпен байланысқа шыққан кезде басталған болатын. Олардың көмегімен біз сүйікті клубымызды жандандыру үшін керемет жұмыс атқардық. Бастама бүкіл елде, тіпті одан тыс жерлерде де үлкен резонанс тудырды. Әрине, бұл қала әкімдігінің де назарынан тыс қалмады. Бізді кездесуге шақырды, жобамызды тыңдады, клубты жандандыру бағдарламасына, оның құндылықтары мен мақсаттарына шолу жасадық. Бұл идея қала басшылығына ұнады. Содан бері біз біртіндеп клубты қайта құруға дайындалдық, осындай үмітпен өмір сүрдік. Жақында әкімдік біздің жобамызды мақұлдады, біз оған өте қуаныштымыз.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Команда "Астанамен" бәсекелесіп, тағы да Еурокубокте өнер көрсеткісі келе ме? Сіздің жоспарларыңыздың ауқымдылығы қандай?

- Біз "Астанаға" немесе Нұр-Сұлтанның басқа клубына бәсекелес болмаймыз. Біздің басты міндетіміз - жергілікті футбол тәрбиеленушілерін дамыту. Сондықтан, біз тек өзіміздің өңірде тәрбиеленген футболшылармен ойнауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл бильбаолық "Атлетикке" ұқсас болады.

Алдағы жоспарларға келетін болсақ, біз әзірге басқа ҚПЛ клубтарымен бәсекелесуді ойлап отырған жоқпыз. Біз аяғымыздан нық тұруымыз керек, біз Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін қызықты болатын, демеушілер тарта алатын және жанкүйерлермен жұмыс істейтін клуб болғымыз келеді. Тағы да қайталаймын: жалпы мақсат - бұл жергілікті балаларға кәсіби футболшы болу мүмкіндігін сыйлау.

- "Астана" клубы бар емес пе?

- Біз бәріміз "Астананың" алдына үлкен мақсаттар қоятын елдің жетекші клубы екенін білеміз. Жас және тәжірибесіз футболшыға бұл клубтың негізгі құрамына кіру өте қиын. Қалалық федерацияда жұмыс істеген соңғы үш жыл ішінде мен бір қиын жағдайды көрдім: футбол мектебін бітіргеннен кейін команда таба алмауына байланысты көптеген жігіттер әуесқой футболға барады, қала біріншілігінде ойнайды. Бұл дұрыс емес, олардың арасында талантты жігіттер көп. Бұған қарап менің жаным ауырды. Біздің балаларда мүмкіндік болуы керек. Біз оларға соны ұсынғымыз келеді. Екінші лигаға қатысу - бұл керемет мүмкіндік.

- Мұның бәрі керемет. Бірақ жақын арада ойнауға дайынсыз ба? Сізде жаттықтырушы, команда, локация бар ма?

- Біз қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз, белгілі жергілікті мамандармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. "Астана", №8 СДЮСШОР клубтарының тәрбиеленушілеріне және қала біріншілігіндегі үздік ойыншыларға мүмкіндік береміз. Біз "Астана Аренада" ойнаймыз.

Уақыттың аз екенін түсінемін, және біз маусым басталғанға дейін толық дайындықтан өтуіміз екіталай, бірақ бапкердің шеберлігі бізге жақсы ойнауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

- Екінші лига - бұл жобаның шегі ме, әлде клубтың мақсаты жоғары ма?

- Әрине жоқ! Біз дамығымыз келеді, өскіміз келеді. Әрине, біз тек Екінші лигамен шектелуді көздемейміз. Бірақ қазір болашаққа деген жоспарларды жариялау мүлдем дұрыс емес. Біз біртіндеп прогрессивті қозғалыстар жасағымыз келеді. Тағы бір рет қайталаймын: біздің міндетіміз - Нұр-Сұлтан тұрғындары мақтан тұтатын берік және тұрақты клуб құру. Мұны қалалық әкімдіктің жақсы түсінетіндігіне қуаныштымыз. Біз шынымен де клубты бұрынғы деңгейіне қайтарғымыз келеді. Естеріңізде болса, 2006 жылы жергілікті командада бес тәрбиеленушіміз өнер көрсетті, олар біздің клубтың атынан ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Ал қазір тек Исламбек Қуат қана негізгі құрамда жүр. 15 жыл бұрын біз өзіміздің жерлестерімізді мақтан тұттық. Осы мақтаныш сезімін қайтару - біздің арманымыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×