«Атырау» бас бапкері міндетін атқарушы Қуаныш Қабдолов кезекті ойында «Ордабасыға» есе жіберіп, жеңіліс сериясы 8 матчқа ұлғайды.
– Біріншіден, біз бір аптада үшінші матчты өткізіп жатырмыз. Бұл командаға әсер етпей қоймайды. Бірінші таймда жоғары қарқынды ұстап тұрдық. Бірақ екінші таймда қорғанысымыз сыр беріп, допты бақылауда ұстай алмадық. Бұған дейін алаңға шықпаған футболшыларды ойынға қостық. Бізге ойын тәртібі қажет, доп үшін белсенді күрес жүргізу керек. Ашық айтқанда, қорғанысқа баса назар аударғанымызбен, шабуылды дұрыс ұйымдастыра алмадық. Қазіргі жағдайды түзетуге тырысамыз. Бұл оңай болмайды, бірақ тәртіпке келтіретін боламыз. Осы бағытта жұмыс істейміз.
Сөзін қорытындылай келе, бапкер командаға бір ғана сәтті матч, бір жеңістің үлкен серпін беретінін атап өтті:
– Бір ғана жеңіс команданың көңіл-күйіне, сеніміне зор серпін береді. Келесі аптада сырт алаңда өтетін «Тұранға» қарсы матчқа тыңғылықты дайындаламыз.