
«Атырау» клубына аудиторлық тексеріс жүргізіліп, біраз мәселелер анықталып отыр деген ақпарат бар.
Дәлірек айтсақ, «мұнайшылар» жейдесінде доп тебетін легионерлердің жалақы мөлшерін дұрыс көрсетпеу фактісі тіркелген көрінеді. Бұл туралы GOAL.KZ телеграм-арнасы «Ақжайыққа» сілтеме жасай отырып мәлімдеді.
Аудиторлық тексеріс барысында «Атырауда» келісімшарттағы шетелдік футболшылардың жалақысы 3 миллион көлемінде болғаны анықталған. Алайда, қағаз жүзінде бұл сома 200 мың теңге деп көрсетілген екен. Енді қазір бұл жағдайдың жай-жапсары анықталуда.
«Жалақы мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік бюджеттен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынса да, клуб жыл басында 8 легионермен келісімге келген. Келісмшартта олардың айлығы 200 мың деп көрсетілсе, іс жүзіндегі жалақы мөлшері 3 миллионнан асып түсіп отырған», - делінген телеграм-арнасының жазбасында.
«Атырау» ҚПЛ-дің тоғыз турынан кейін 4 ұпаймен он үшінші орында келеді. Келесі турда «мұнайшылар» «Қайсарды» қабылдайды. Бұл ойын 25-мамырға жоспарланған.
Біздің серіктес: FONBET