Неміс бапкері Юрген Клопп, маусым аяқталған соң, өзінің 7 жылын арнаған "Боруссиядан" кететінін мәлімдеді. Бундеслигадағы екі мәрте чемпион атағы, бір Германия кубогі мен екі Суперкубогі, Чемпиондар Лигасының финалы-7 жылдың ішінде дортмундық клубпен жеткен жетістіктері. Және де ең маңыздысы, әлемдегі ешбір командаға ұқсамайтын жарқын ойын өрнегі, миллиондар ғашық болған стиль, қорғаныстан шабуылды артық көретін футбол.
2008-ші жылдың жазы дортмундық клуб үшін ауыс-түйіспен басталған еді. Бундеслигадағы орнынан айырылып қалуға cәл-ақ қалған соң, клуб басшылығы Томас Долльды орнына босатып, "Майнцтің" жаттықтырушысы Юргенды шақырады. Алғашқы жылдары 5-6 орын, кейін қатарынан Бундеслигадағы екі алтын, кубок, суперкубок, талай талантты жастардың бағын ашу, Чемпиондар Лигасының финалы, әуелі Гётце, кейін Левандовскийдің кетуі-бәрі де осы 7 жылдың ішіне сыйып кетеді. Юрген келгенде "Боруссия" 13-ші орында(!) еді. Бұл сізге дайын "Бавария", "Челси", "Барселона", "Реал" емес.
Шындыққа тура қарасақ, "Боруссия" мен Клопптың айырылысар уақыты жетті. Батырға да жан керек. Темірдей төзім де сарқылады. Клуб басшылығына салсаң, Клоппқа мәңгілік сенуге дайын. Бірақ, әр жылы жетекші футболшыларыннан айырылып, бүкіл маусым бойы алпауыт клубтармен иық тірестіре қарсыласу қиын. Әр жыл сайын жеңістер жігер беріп, алға жылжуға мүмкіндік беретін. Бірақ, осы жылы иә жеңіс жоқ, иә командада ойын жоқ. Клооп шаршады, Қысымнан, футболшыларға кенедей жабысқан жарақаттардан, бәлкім, клуб саясатынан, болашаққа сенуден. Алдамшы үміттен. Ойлаңызшы, осы маусым командаға қарап қаншама рет үміттендік? Жеңісін көреміз де, бұрынғы "Боруссия" қайта оралар дейміз. Бірақ, келесі ойындарда ұнжырғасы түскен, шабуылдауы тозаққа айналған, қорғаныста баланың қателіктерін жіберетін, бойынан еркіндік кеткен команданы қайта көреміз. Команда үшін де, Клопп үшін еркін тыныс алудың кезі келді.
Юрген Клоппқа алғыс айтып, болашақта сәттілік тілей отырып, "Боруссияны" ендігі маусымнан бастап кім жаттықтырады деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Әрине, БАҚ өкілдері жазып жатқан үміткерлер көп, бірақ Томас Тухельдің жаздан бастап дортмундық ұжымды тізгіндеу мүмкіндігі өте жоғары.
Томас Тухель(Германия)
41 жас.
Жұмыссыз
Кейбір шетел басылымдары ресми жариялымды күтпей-ақ, Томас Клопптың ізбасары деп мәлімдеп қойды. Екі маманды байланыстыратын жайттар баршылық. "Майнцтан" Клопп кеткен соң, команданы қолға алып, ұзақ жыл баптаған осы жаттықтырушы еді. Клопп секілді өз философиясына футболшыларды сендіре білетін, ұзақ жылдар бойы бір команданы сабырлықпен ұзақ баптай алатын маман. Бірақ, соңғы бір жыл бойы жұмыссыз. Былтыр, "Майнцта" соңғы маусымын өткізіп, команданы 7-ші орында тұрақтатып, жылы қоштасқан еді.
Маңыздысы, және Тухельдің басқа үміткерлерден артықшылығы Боруссияның соңғы жылдардағы ойын өрнегін сақтап қала алады. Яғни, Тухель кезінде де ""Сигнал Идуна Парктің трибунасына 80000 жанкүйер апта сайын жиналады деген сөз. Тағы бір факт, Томас бүгін бос агент есебінде. Яғни, дортмундықтар ешбір клубпен келісім-шарт жүргізіп, қағазда бекітілген қаржыны төлеп жүрмейді, бастысы жаттықтырушымен жалақы мәселесін шешсе жетіп жатыр.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ