Аяқдопшылар аламанға дайындалуда

04.03.2011, 17:25
Аяқдопшылар аламанға дайындалуда

Жексенбi күнi футболдан Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымы тұсауын кеседi. Биыл жиырмасыншы рет жалауын көтергелi отырған ел бiрiншiлiгiне Қазақстанның он екi командасы бақ сынайды. Былтырғы додада көш соңында қалып қойған Оралдың “Ақжайығы” мен Көкшетаудың “Оқжетпесiнiң” орнын биылғы маусымда Өскеменнiң “Востогы” мен Қызылорданың “Қайсары” басты. Ел бiрiншiлiгiне қатысатын он екi команда маусымаралық үзiлiсте оқу-жаттығу жиындарын түгелдей алыс-жақын шетелде өткiздi. Бiрi Балтық жағалауы елдерiне барып доп тепсе, ендi бiрi Қара теңiз жағалауын жағалап қайтты. Әйтеуiр, не керек, қыс бойы тыным таппаған командалар жиырмасыншы маусымға шамалары келгенше дайындалды. Ендi әр команданың алдында әртүрлi мiндет тұр. Бiр командаға осы маусымда алғашқы алтылыққа кiру мiндеттелсе, екiншi бiреуiне үздiк үштiктен орын алу көзделдi. Премьер-лига ойындарының көш соңында қалып қоймайық деген қауiп те кейбiр командалардың басына қара бұлт боп төндi. Қазақстан премьер-лигасының ойындары екi кезеңнен тұратынын ескерсек, алдымен он екi команда екi айналымды өткiзiп, үздiк алтылыққа енген командаларды анықтайды. Сондықтан да болар, елiмiздiң бiрнеше командалары биыл сол алтылықтың ортасынан ойып тұрып орын алуды жоспарлап отыр. Солардың бiрi – Алматының “Қайраты”. Қазақ футболының қара шаңырағына баланатын “Қайрат” биыл қайраттана ала ма? “Қайрат” десе iшкен асын жерге қоятын футбол жанкүйерлерiн осындай сұрақтың мазалайтыны анық. Соңғы рет 2004 жылғы футбол маусымында ел чемпионы атанған алматылықтар содан кейiн күрт төмендеп кеттi. Тiптi алматылық футболшылардың бiр кездерi төменгi топта ойнағаны да тарихта жазулы тұр. Ал былтыр “Қайрат” әупiрiмдеп жүрiп, жоғарғы топта қалды. “Қайрат” биыл қайраттана ала ма?” деген сұрақтың күн тәртiбiнен түспей тұрғаны да осыдан болар. Осы аптаның басында “Қайрат” футболшыларын Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов қабылдады. Биылғы аламанда “Қайрат” жейдесiн киетiн барлық футболшылардың басын қосқан әкiм алдымен “Қайраттың” бай тарихына терең үңiле келiп, командаға барынша көмек көрсететiнiн баса айтып өттi. “Биыл қаражат жағынан еш қиналмайсыңдар” дегендi де қосып қойды әкiм мырза. Несi бар, қырық жылдан астам тарихы бар командаға қолдау көрсетiлiп жатса, “бәрекелдiден” басқа айтарымыз жоқ. Тек ертеңгi күнi “Қайрат” доданың белортасында қайрат көрсете алмай жатса, әлгi уәделердiң барлығы желге ұшпасын дейiк. Әзiрге бiзге белгiлiсi, Алматы қаласының әкiмдiгi тарапынан клубқа 700 миллион теңге бөлi­нiптi. “Қайрат” клубын былтыр “ҚазРосГаз” компаниясы өз қолтығының астына алды. Қаржы жағынан демеушiлiк танытып отырған компания биыл “Қайратты” қаражатсыз қалдырмайтын шығар. Арнайы автобус бөлiп, былтырғы азын-аулақ қарыздарының орнын да өтеп бердi бұл компания. Команданың бас бапкерлiгiне Владимир Никитенко сынды бiлiктi маман отырды. Команда құрамына Руслан Балтиев, Мұрат Сүймағамбетов, Сергей Струков, Владимир Байрамов сынды тәжiрибелерi толысқан футболшылар шақырылды. Айтпақшы, Алматы қаласының әкiмi футболшылармен кездесуде команданың алдына үздiк алтылықтың қатарына кiру туралы талап қойды. “Қайрат” бұл талапты орындай ала ма, әлде топ соңында қалып қоя ма, оны маусым соңында бiлетiн боламыз. Белгiлiсi, “Қайрат” футболшылары жиырмасыншы маусымның тұсаукесер кездесуiн жексенбi күнi Өскеменде “Востокпен” өткiзедi. Одан кейiн алматылықтар 17 наурызда Талдықорғанда “Жетiсумен” ойнайды. Алматыдағы алғашқы ойынын “қайраттықтар” 17 наурыз күнi Қызылорданың “Қайсарымен” өткiзедi. Жексенбi күнi Қазақстан премьер-лигасының 1-турында мына командалар кездеседi: «Локомотив» (Астана) — «Жетiсу» (Талдықорған); «Ордабасы» (Шымкент) — «Тобыл» (Қостанай); «Тараз» (Тараз) — «Ертiс» (Павлодар); «Ақтөбе» (Ақтөбе) — «Атырау» (Атырау); «Восток» (Өскемен) — «Қайрат» (Алматы); «Шахтер» (Қарағанды) — «Қайсар» (Қызылорда). Төлеубек Әдiлбекұлы

toleubek@bk.ru
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×