Бас бапкер болған журналист

04.07.2012, 06:45
Бас бапкер болған журналист

Біз кейде халық арасында жиі қолданыста жүретін сөздердің иесі кім екендігіне қарамастан тақырыпқа тұздық қылып пайдалана беретініміз бар. Тіпті, ойдан тіркес құрап, «Абай осылай айтыпты» деп көкитіндердің бөспесінің өтірік-расын оқыған азаматтар болмаса, көбі ажырата алмай жататын сәттер кездесіп жатады.

Негізі, көп елдерде комментатордың рөлін ардагер спортшылар атқарады. Әнине, ішіндегі сауаттысы мен сөзге шеберлері ғана. «Футболшы тек допты ғана аяғында ұршықша иіреді, сөзге шорқақ» деген кереғар пікір бар. Бірақ, іске де, сөзге де шебер спортшылардың ауызға ілігіп, журналистік қызметке дейін өскендер бар. Көргені мен түйгенін, жинаған тәжірибесі мен оқыған-тоқығанын саралап, тапқыр әрі дөп сөйлейтіндердің бірі – байырғы неміс футболының маманы Зепп Хербергер. Басқалар «Жер дөңгелек» деп назын білдіріп жатса, Зепп Хербергер алаңдағы ойынды назарына ала отырып, «Доп домалақ» деген тапқыр сөзімен тарихта қалды.

Бүгінде футболдың кейбір қағидалары мен заңдылықтарын мақалдап жеткізген жандар бар. Соның бірі – Зепп Хербергер. Осы бір неміс маманының ұшқыр ойлары мен тапқыр сөздерінен кейін спорт әлемінде жүрген жандардың барлығы футболдан философия іздейтін болды. Мәселен, Хербергер футболдың бұрынғы ережесіне салып, «Футболдың өлшемі 90 минут»  деп ертерек айтқанымен, оны кейінгілер «Футбол тек 90 минутқа созылмайды, футбол финалдық ысқырық естілгенге дейін ұласады» деп, негізгі уақытта тең тарқасып, экстра-таймға созылатын, тіпті соңы пенальтимен аяқталатын жағдаймен өлшеді. Дегенмен, бұл сөздің пайда болуына Хербергердің пайымы мұрындық болғанын да ескерген жөн.

Қазір футболдан мәртебелі турнирлер үзілмейді. Әр матч алдында бапкерлердің кездесуді өзінше өлшеп, алдын-ала болжап, баспасөз мәжілістеріндегі пікірлерін жиі құлағымыз шалады. Ішінде бірен-сараны болмаса, көбі «Кез-келген кездесудің өз қиындығы бар, өзіміздің кездесудің бас фавориті санамаймыз» дейтін жаттанды сөздермен шектеледі. Міне, осы ойды Хербергер «Ең қиын матч осыдан кейінгісі» деп дәл жеткізді. «Матчтың соңы дегеніміз – келесі ойынның бастауы» деп ойын бір сөйлеммен сабақтады.

Ойын аяқталады. Бірі жеңіліп, бірі қуанышқа бөленіп жатады. Сондықтан, жеңіс пен жеңілістің арасын жалғайтын қандай дүние болуы мүмкін?! Көп мамандар жеңіліске сылтау іздеп, қорғаныстың сыр беруін, ұстанған бағытының (тактика) жүзеге аспауын, төрешінің қателігін, ауа-райының қолайсыздығын, алаң шөбінің нашарлығын, командада көңіл-күйдің болмауын айтып көп сөйлесе, ол сұраққа Зепп Хербергер: «Футболдың төрешісі доп. Доп кімнің ыңғайына жығылса, соның бағының асқақтағаны. Ол үшін көп еңбек ету керек» деп жылы жапты. Жанкүйерлер сын садағына алып, асыра мақтап, жазықсыз даттап жатқанда: «Команда жеңу үшін алаңдағы 12-футболшы сіздер болуларыңыз керек» деп жұмсақ әрі қажетті сөз айтқаны бар. Бүгінде ол сөз де футбол әлемінде ауыздан түспейтін «аталы сөзге» айналды.

Зепп Хербергер 1897 жылы Мангейм қаласында туған. Неміс маманы мектепті бітіргеннен кейін  күн көру үшін қосымша жұмыс істеді. Бертін келе металлургия саласында қара жұмысқа жегіліп, болашақ футболшы алаңда емес, адамдар арасында өсті. 1916 жылы 19 жасында Бірінші дүниежүзілік соғыс қатарына алынып, от пен оқтың арасынан аман-есен еліне оралды. Ер жетіп, еңсесін тіктеген Зепп тұрмыстың ығына жығыла бермей, өзінің өмірлік арманына айналған футболмен айналысуды жөн санады. Тіпті, кіл үздіктерден құралған немістердің ұлттық құрамасының сапына да ілінді. «Вальдхоф Маннхайм», «Теннис-Боруссия» сынды клубтарда өнер көрсеткенмен, футболшы ретінде атағы алысқа бара қоймады. Бүгінде футболда мынадай қағида жайлаған: «Үздік футболшыдан үздік бапкер шықпайды» деген. Зепп Хербергерден үздік футболшы шықпады деу қиын, бірақ неміс футболының тарихында ойып тұрып орын алатын үздік бапкерлердің бірі болғаны рас. Ол 1954 жылы Германия ұлттық құрамасын Әлем чемпионы деген атаққа жеткізді. Бапкер ретінде немістермен Әлем чемпионатының финалдық турнирінде ең көп ойын өткізген нәтижесін бүгінде әлі ешкім қайталай алған жоқ.

Жалпы, немістер – бапкерді сырттан алдырмайтын бірден-бір ел. Үнемі өз мамандарының көмегіне сүйенеді. Әрине, Хербергердей сұңғыла, көріпкел бапкері бола тұра, сыртқа көз тігудің өзі сын.

Немістерді өрге сүйреген бапкерлер көп болған. Бірақ, Хербергерді өзгелерден ерекшелейтіні – оның тауып сөйлейтіндігі, футболшыларды сөзбен қайрап, ұшқыр ойымен қамшылайтын қасиеттері. Бұл аз десек, футболшы да, бас бапкер де болған Зепп теледидарда комментатор әрі спорт журналисі ретінде еңбек сіңірді. Зепп Хербергердің спорт журналисі, комментатор болғандығы жайында ғаламторда көп деректер кездесе бермейді. Алайда, ертеректе шыққан ұлы футболшылар мен ұлы бапкерлер туралы энциклопедияда оның тележурналист болғандығы да айтылған. Оны тек неміс футболының ғана емес, неміс спорт журналистикасының да негізін қалаушы жандардың қатарына жатқызатындығы сондықтан.

P.S. Біз неміс бапкеріне (футболшы, бапкер, тележурналист) тоқталу арқылы, журналистика кім-көрінген кеп есігін ашып-жауып кететін оңай мамандық емес, Зепп Хербергер секілді сұңғыла жандар ғана ауыз салатын, білім мен тәжірибені, талант пен талапты таразыға тартатын бірегей мамандық екендігін айта кеткіміз келеді.

Жандос БАЙДІЛДА

http://baydilda.yvision.kz/post/273063

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×