Бауыржан Исламхан: «Андрес Иньестаға ұқсағым келеді»

11.06.2013, 15:23
Бауыржан Исламхан: «Андрес Иньестаға ұқсағым келеді»
 
 

2013 жылдың ақпанында «Тараз» футбол мектебінің түлегі Бауыржан Исламхан Ресейдің «Кубань» командасына ауысты. Сол уақыттан бері 3 ай өтіпті. Бұл меже аралығында Бауыржан «Кубаньның» жастар құрамасында бірнеше кездесуге де қатысып үлгерді. Дегенмен, негізгі құрамға әлі де болса іліге алған жоқ. Жуырда футболдан Ресей біріншілігі аяқталған болатын. Сондықтан да Бауыржан елге оралды. Демалысқа емес. Өйткені, алда Қазақстан жастар құрамы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі аясында өтетін Болгария құрамасына қарсы матчқа дайындалуда. Ол – жастар құрамының капитаны әрі көшбасшысы. Осы орайда Массагет порталының тілшісі Бауыржан Исламханмен сұхбаттасқан болатын.

 

Бауыржан, Ресей жерінде доп теуіп жүріп, Қазақстанды, отбасыңды сағындың ба?

 

– Әрине. Елге оралғаныма өте қуаныштымын. Отанымды да, отбасымды да қатты сағындым. Елге келіп, ағайын-туыстарыммен, достарыммен жолықтым. Енді міне, сағынышым басылғандай.

 

– Бүгінде сен Қазақстан жастар құрамасының сапында Болгарияға қарсы дайындалып жатырсың. Алдағы ойын туралы өз ойыңды айта кетсең...

 

 

– Негізі біз достастық Кубогінде Болгария құрамасымен екі кездесу өткізген болатынбыз. Өкінішке орай, ол екі кездесуде ұтылдық. Сол үшін де алдағы кездесуде болгарлардан есе қайтаруға бар күшімізді саламыз.

 

– Сен Ресейдің ортаңқол командаларыңның бірі «Кубаньда» тер төгіп жүрсің. Ол жаққа үйренісіп үлгердің бе?

 

– Шыны керек, алғашында қиын болды. Өзге ел. Өзге менталитет. Өзге адамдар. Бірақ адамның басына салса, кез келген жағдайға үйреніп кетеді ғой. Мен де үйрендім. Менің «Кубаньға» ауысуыма басында ата-анам қарсы болған еді. Дейтұрғанмен, шеберлігімді арттыру үшін міндетті түрде басқа біріншілікке ауысым керек болды. Бүгінде ата-анам да, мен де бұл жағдайға үйресіп кеттік.

 

– Красноярға бардың. Жарақатыңнан айығып, толыққанды жаттығу жасап жүрсің. Десе де, сен әлі де болса «Кубаньның» негізгі құрамында алаңға шықпадың. Бұл жерде команданың бас бапкері Леонид Кучкаға ренжіген кезің болды ма?

 

– Жоқ. Бас бапкерге деген ешқандай ренішім жоқ. Жаттығуларда өзімді жақсы қырымнан көрсетсем, негізгі құрамға ілігемін деп ойламын. Жалпы, бәрі өз уақытымен болады ғой.

 

– Бауыржан, Ресей біріншілігі мен Қазақстан біріншілігінде қандай айырмашылық байқадың?

 

– Ресей футболының біздің елдегі футболға қарағанда деңгейі жоғары. Оны мойындау керек. Ол жақта ойын өте жылдам қарқында өтеді. Футболшылардың да деңгейі жоғары.    

 

– «Таразда» ойнап жүргеніңде ата-анаңмен бірге тұратынсың. Ал қазір Ресейде ата-анаң қасыңда емес. Жалғыз тұру қиын шығар?

 

– Оңай деп айта алмаймын. Бірақ үйреніп қалдым.

 

– Тағамдарды өзің әзірлейсің бе?

 

– Иә. Кейде асханалардан тамақтанамын.

 

 

– «Кубань» ұжымында шет елден келген ойыншылар көп. Бұл тұрғыда командаға сен қосылғанда қалай қарсы алды?

 

– Жалпы команда мені жақсы қарсы алды. Алғашында менің қайдан келгенімді ешкім де білмей қалды. Командаға қайдан қосылды дегендері де болды. Қазір барлық ойыншылармен доспыз.

 

– Команда қатарында ең жақын досың кім?

 

– «Кубаньның» үшінші қақпашысы - Эдуард Байчора.

 

– Ұмытып бара жатырмын, «Кубаньның» Еуропа Лигасына шыққанымен құттықтаймын. Енді сен алдағы уақытта Еуропа Лигасының топтық кезеңінде доп тепкен алғашқы қазақ футболшысы болатын шығарсың.

 

– Көп рақмет. Еуропа Лигасы туралы келер маусымда сөйлесейік. Өйткені, қазір мен де, команда да демалыстамыз.

 

– Краснодар қаласы қалай? Саған ұнады ма?

 

– Өте әдемі қала. Маған ұнады. Тұрғындары да, ауа-райы да жақсы.

 

 

– Соңғы кездері сен тер төккен «Тараз» командасында дағдарыс болып жатқан секілді. Турнирлік кестенің де соңғы жағында. Сенің ойыңша, бұл сәтсіздік немен байланысты?

 

– Нақты бір себебі бар деп айта алмаймын. Шыны керек, негізі мен бұл сұраққа жауап бермеймін. Жауап беруге хақым да жоқ.

 

– Ойыншы емес, футбол жанкүйері ретінде қай командаға жанкүйерсің?

 

– Нақты мынау команда деп айта алмаймын. Маған негізі «Барселонаның» ойын мәнері ұнайды.

 

– Ал футболдағы үлгі тұтатын ойыншың кім?

 

– Андрес Иньестаның ойын мәнері қатты ұнайды. Алаңда мен сол ойыншы секілі қимылдағым келеді. Ол дер кезінде пасты да береді, қақпаға соққы да жасай алады. Сонымен қатар, алаңды тамаша көре алады.

 

– Қазақстанда да, Ресейде де сені көбісі "Батори" деп атайды екен. Неге олай атайды?

 

– Иә, көп дастарым, командаластарым, тіпті ата-анам да солай атайды. Олай атауының бір себебі бар. Бірақ ол құпия болып қалсын.

 

– Әңгімеңе рақмет!

 

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

массагет

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×