Бауыржан ИСЛАМХАН: Жасыл алаң жақсармай, ел футболы дамымас

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
12.05.2020, 13:17
Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламханға 7 сауал қойған едік.
Бауыржан ИСЛАМХАН: Жасыл алаң жақсармай, ел футболы дамымас

1.     Бауыржан, чемпионаттағы үзіліс саған қалай әсер етті. Футболшылардың көбісі артық салмақ жинап, тұрақты жаттығулар болмағаннан қиналып жүр. Сенде бұл жағы қалай?

- Әлбетте, чемпионаттағы үзіліс футболшылардың барлығына жақсы әсер етті дей алмаймын. Бәрімізде ортақ проблема. Ол күнделікті ауыр жаттығулардың жоқтығы. Дегенімен, мен командамен онлайн жүйеде жаттығып жатырмын. Артық салмақ жоқ десем де болады.

2.     Баспасөзде саған Ресейден, Италиядан ұсыныстар түсіп жатыр деген ақпараттар шықты. Олардың біршамасы жалған секілді. Ал қыста сені Түркияның клубтары шақырғысы келіпті. Ол қаншалықты рас?

- Мен бұл сұраққа дәл қазір жауап бере алмаймын. Себебі мен дәл қазір «әл Айн» командасының ойыншысымын. Келісім-шартым да бар. Өзге командалардан ұсыныс түсіп жатса, ол агентімнің шаруасы. Маған нақты ұсыныстар түссе шешім қабылдап, оны бірден Сізге айтамын.

3.     Нұралы Әліп пен Айбол Әбікен секілді әріптестеріңді де агенттер Ресей чемпионатына ауысады деп айтып жатыр. «Қайратта» ойнайтын осы екі ойыншы жайлы пікіріңді білдірсең.

- Бұл екі ойыншының қарым-қабілетін мен жақсы білемін. Екеуі де шет ел біріншіліктерінде ойнай алатын футболшылар. Биыл «Қайрат» командасынан бірнеше футболшы өзге елдің чемпионатына ауысты. Сондықтан да, сол тізбекті Айбол мен Нұралы жалғастырады деп ойлаймын.

4.     Сені кумир тұтатын жастарға қандай ақыл айтар едің? (Өткенде бір сөзіңде айтып қалдың қазіргі жас футболшылар ағылшын тілін де меңгеруі тиіс деп)

- Мені кумир тұтатын жастарға айтатыным: футболда алға қойған армандарға жету үшін көп еңбек ету керек. Көп қиыншылықтар болады. Жарақаттар болады. Соның барлығына дайын болуларыңыз қажет. Сосын ағылшын тіліне тоқтала кетсем. Шет тілдерді жаттап, тілдік қорды байытып, дамытқанның еш артықтығы жоқ. Егер өзге біріншілікте ойнағыңыз келсе негізі ағылшын тілін білген дұрыс екен. Мен оны осы Біріккен Араб Әмірліктеріне келгеннен кейін ұға бастадым.

5.     Сосын қазір құрама командаға Роберт Бауэр, Юрий Медведев, Зуев секілді ойыншыларды шақыру жағы қарастырылып жатыр. Сен құраманың капитаны ретінде шеттен футболшылар шақыруға қалай қарайсың? Олар құраманы күшейтуі мүмкін ғой?

- Мен капитан ретінде айтарым қандай да бір футболшы болмасын, Ұлттық құрамаға алынды ма әнұранды жатқа айтуы тиіс. Қазақ елінің тарихын оқуы керек. Менің капитан ретіндегі басты талаптарым осы. Ал футбол алаңындағы мүмкіндіктерін бапкерлер өздері қарай жатар.

6.     Мысалы, өзіңнің әріптесің болған Жерар Гоу Қазақстан құрамасына шақырса, қуанар едім деп сұқбат беріпті. Осыған не дейсің?

- Жерар Гоу бұл елімізде ойнаған ең мықты шабуылшылардын бірі. Бірақ бұл жерде барлығы тек оған ғана байланысты емес. Тіпті бапкерлерге де. Өзге де көптеген құжат мәселесінде ақаулар бар. Сондықтан да, мен оған қарағанда жастарға көп көңіл бөлгім келеді. Қанаты қатайып келе жатқан қазақ жігіттері де бар ғой. Мысалы, Абат қазір ұлттық құрамаға дайын тұрған шабуылшы. Одан да өзге жастар шығып келе жатыр.

7.     Қазақстандық көп футболшы сұқбат бергенде еліміздегі жасыл алаңдардың сапасы нашар, осы мәселені бірінші кезекте шешу қажет деп жатады? Сен шет ел ареналарында көп ойнаған футболшысың. Осыған байланысты пікіріңді білсек.

- Жасыл алаңдар шет елде өте жоғары сапада деп айта аламын. Тек Қазақстанда бұл мәселе әзірге шешіле қояр емес. «Кайрат», «Ордабасы» туған қалам Таразда, Қостанайда алаңдардың сапасы жақсы. Сосын «Астана Аренадағы» мен Павлодар қаласындағы жаңадан салынып жатқан жасанды алаңдардың да өте сапалы екенін естідім. Солтүстік аймақтарымызға бұл өте жақсы деп ойлаймын. Мысалы мен ойнайтын Араб әмірліктерінің чемпионатында әзірге нашар алаң көрген жоқпын. Футбол ойнау үшін алдымен доп керек, сосын жасыл алаң керек қой. Жақын арада елімізде осы мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын.

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×