«Бавария» – Қазақстан 4:0

08.04.2011, 18:11
«Бавария» – Қазақстан 4:0
Өткен сенбі күні футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа бiрiншiлiгiнiң iрiктеу тобындағы кезекті ойынын өткізді. Кайзерслаутернде өткен ойында еліміздің аяқдопшылары 0:4 есебімен немістерден тағы да ойсырай ұтылды. Қазақстан құрамасы осы уақытқа дейін бес ойын өткізіп барлығында да жеңілген болатын. Ең сорақысы, қазақстандықтар бес ойында да қарсыластар қақпасын дәл көздей алмады. Есесіне өз қақпасына 14 гол жіберіп алды. Шабуылшылары түк өндіре алмаған елдер қатарында Сан-Марино мен Люксембург бар. Алмания жерінде өткен ойында Қазақстан құрамасының су жаңа бапкері Беранек бастаған жігіттерден ешкім жеңіс дәметпеген еді. Үш реттен әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатында кубокты иемденген құрамаға қарсы ойнау оңай шаруа емес-тін. Дегенмен, көкейімізде ойыншыларымыз ұтылса да жақсы ойын өрнегін көрсетсе деген арман тұрғанын несіне жасырайық. Өкінішімізге қарай, Қайрат бастап шыққан команда «неміс мәшинесіне» қайрат көрсете алмады. Алаңда жан алысып, жан беріскен айқас болды деп айту өте қиын. Ойын бастала салысымен қақпамызға доп жіберіп алдық. Нәтижелі соққыны енді жарақатынан айыққан Клозе жасады. Бұл сұрмергеннің ұлттық құрама сапындағы 60-ншы голы еді. Жылдам голдан есеңгіреп қалған қазақстандық аяқдопшылар допты еркіне бағындыра алмай әлекке түсті. Құрамын «Бавария» клубының белді ойыншыларынан жасақтаған Йоахим Лев бапкердің тапсырмасы солай болды ма, немістер біздің қақпаға атой салуға құлықты болмады. Алайда, көресіні «Бавария» ойыншыларынан көрдік. Ойынның 25 минутында Томас Мюллер екінші голды тоғытты. Тайм аяқталуға санаулы минуттар қалған сәтте сол жаңағы Мюллер дубль жасады. Бұл жерде де қорғаушылардың қателігін атап айтпасқа амал жоқ. Бар мәселені ойынның бірінші бөлігінде шешіп тастаған немістер екінші таймда барын салуға тырыспады. Допты бақылауында көбірек ұстады демесең, Германия құрамасы жарақат алып қалмаудың қамымен жүрді. Ал, қазақстандықтар допқа жете алмай салпақтаумен болды. Бірінші таймда көзге түсе алмаған Нұрбол Жұмасқалиевті Беранек бапкер Мақсат Байжановқа алмастырды. Қақпаға беттеген біраз соққыға дер кезінде тосқауыл қоя білген Лорияның шеберлігін де атап айту керек шығар. Азат Нұрғалиевтың орнына Жамбыл Көкеев шыққанда барып ойынға аздап қан жүргендей болды. Ойыншылар арасында азда болса қысқа пас беру, комбинация ұйымдастыруға талпыныс байқалды. Бойшаң неміс қорғаушыларын алдап өтіп, Нойер қақпашыны да ұйқысынан оятқан осы Жамбыл еді. Жанкүйерлерді бір желпінтіп тастаған жігіттен «Уэмблидегі» ерлікті көбісі күткен-ді. Қақпашы шеберлік танытты. Ойын соңына жақындағанда Клозе тағы бір гол салып, барша Қазақстанды жерге қаратып кетті. Алғашқы ойынды тең есеппен, ресми ойынды ұтылыспен бастаған Мирослав Беранек құрамаға қандай өзгеріс алып келді? Енді, өзіміз байқаған чех маманының жетістіктерін тізбелесек (Егер жетістік деп айтуға тұрарлық болса). Бірінші, алғашқы сапта қаракөздердің көбеюі көңіл қуантты. Құрамаға деңгейі төмен өзге ұлтты тықпаламай Сымақов сынды мықтыларға шақырту берген бапкердің бұл әрекеті құптарлық. Ендігі кезекте Беранек бапкерге біртіндеп қазақтың доп тебетін жігіттерін жинақтау қалып тұр. Екінші, ойын стилінің өзгеруі. Қысқа қашықтықта пас беріп ойнау ұтымды комбинация жасауға қолайлы болмақ. Мысалы, осы әдісті қолданатын «Барселона» клубы қарсылас шыдатар емес. 3 маусым күні Әзербайжанға қарсы ойында кәрі құрлықтан келген маманның сынға түсер шағы болмақ. Егерде бұл маман айтарлықтай табыс алып келмесе, бас бапкерді көйлек секілді ауыстырудың орнына Қазақстан футбол федерациясына реформа жасау керек болады. P.S. Германия-Қазақстан ойынының 75-минутында оң қанаттан шабуылға шыққан Ұлан Қонысбаевтың аяғынан неміс қорғаушысы допты тартып алған сәттегі ызаланғандықтан сыбаған дауысы анық естілді. Ұлан ойыны үйлеспеген командасын сыбады ма, әлде шамасы жетпеген өзіне жыны ұстады ма, ол жағы бір өзіне аян. Абай Асанкелдіұлы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×