«Бавария» жеңісті жолын жалғастыруда

27.09.2015, 20:48
«Бавария» жеңісті жолын жалғастыруда

Мюнхендік «Бавария» неміс Бундеслигасының жетінші кездесуінде қатарынан жеңіске жетті. Бұл жолы Хосеп Гвардиоланың командасы сырт алаңда «Майнц 05» командасын 0:3 есебімен ойсырата жеңді. Ойын әдеттегідей қонақ команданың басымдылығымен басталды. Алаң қожайындары тек қорғанумен болды. «Бавария» алғашқы минуттардан-ақ өзінің бұл ойында үш ұпайсыз қайтпайтынын аңғартты. «Майнц» те оңай шағылатын жңғақ емес екенін байқатқандай болды. Бірінші тайм өзінің белортасына келгенде төреші ойланбастан «Майнц» қақпасына пенальти белгіледі. Нүктеге Томас Мюллер келіп, ойынға жиналған жанкүйерлер қуанышына орай мүлт кетті. Осы ойында неміс шабуылшысы өз ойынын таба алмады. Қалған уақытты «Майнц» сәтті қорғанумен өткізді. Үзіліс кезінде Гвардиола шәкірттеріне не айтатыны бізге жұмбақ болып қалады. Бірақ екінші қырық бес минуттықта Мюнхендік клуб өзгеріп шыға келді. Жиі шабуылдап, Лорис Кариус қорғаған қақпаның алдында ойларына келгенін істеді.

«Майнц» қорғаушылары қайда қарап жүргені белгісіз. Бас бапкер алаңға Мюллердің орнына Артуро Видальді шығарды. Мюллерге бұл ойында демалыс керек еді. Өйткені соңғы ойндарда Германия құрамасы шабуылшысының ойыны мүлде жүрер емес.  Соңғы «Вольфсбугпен» өткен матчта пента-трик авторы атанған Роберт Левандовский ойынның елу бірінші минутында Кингсли Команның берген пасын сәтті пайдаланып есепті ашты. Гол соққаннан кейін "Баварияның" қарқыны күшейе түсті. Артынша, Польша құрамасының шабуылшысы дубль авторы атанып, Бундеслигада соққан голдар санын онға дейін жеткізді. Екінші голды соққан «Бавария» өзін еркін сезіне бастады. Содан кейін үшінші голға да кезек келді. Кингсли Коман Дуглас Костаның  асырған добынан кейін есепті 0:3 ке жеткізді. Ары қарай ойында жеңіске жететіндеріне сенімді болған "Бавария" сәл болса да босаңсып басымдықты алаң қожайындарына беріп, қорғанысқа көшті.

Осылайша, Мюнхендік клуб кезекті үш ұпайына қол жеткізіп, Бундеслига рекордына бір табан жақындай түсті. 2012-2013 жылғы маусымда Юпп Хайнкестің жаттықтыруымен «Бавария» Бундеслиганың алғашқы сегіз матчында жеңіске жетіп, рекорд орнатқан болатын. Енді сол жетістіктерін қайталауға жақын қалды.

Әбілмансұр ҚАМАЗАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Туриндегі тарихи оқиға
Серіктес жаңалықтары
×