Туриндегі тарихи оқиға

26.09.2015, 17:24
Туриндегі тарихи оқиға
Футболдан Италияның «А» сериясында тарихи оқиға орын алды. Туриндік «Ювентус» биылғы жылы Италияның жоғарғы дивизионына кірген «Фрозиноне» командасымен ұпай бөлісті. Матч алдында мамандардың барлығы қарт сеньораның жеңісіне сенімді болған. Бірақ алаңда барлығы да басқаша жағдайда өрбіді. Бірінші тайм тек қонақтардың қорғануымен өтті. Алаң қожайындары болса, шабуыл үстіне шабуыл жасап Никола Леали қақпасының кілтін таба алмады. Погба бастаған жігіттер тек екінші қырық бес минуттықта ойындағы есепті ашты. «Ювентус» сапына биыл қосылған Симоне Дзадза өзінің осы маусымдағы алғашқы голын соқты. Осыдан кейін «Ювентустің» шабыуылы үдей түсті. Бірақ қақпашының сенімді ойыны қонақтарды мүмкін болатын голдардан сақтап қалды. Кейбір жағдайларда қақпа бағанасы жаңадан қосылған клубқа өз көмегін көрсетті. Алаң иелері қанша тырысқанымен «Фрозиноне» қақпасынан саңылау таба алмады. Арасында қонақтар да қарымта шабуылға шығып тұрды, бірақ шабуылда түк шықпады. Қақпашы Нето да ойынға араласып отырды. Бір қарағанда «Ювентус» жеңісті қолдан бермейтіндей болып көрінген. Бірақ төреші қосқан қосымша минутта барлығы өзгеріп кетті. Бұрыштама добынан кейін «Фрозиноне» командасы есепті теңестіріп кетті. Бұл соғылған гол тек «Ювентус» жанкүйерлерін ғана емес, бүкіл Италияны таң қалдырды. Осылайша, «Ювентус» тағы да ұпай жоғалтты. Ал «Фрозиноне» үшін бұл күн тарихта қалатыны сөзсіз. Өйткені бұл команда «А» сериясындағы өзінің алғашқы ұпайына қол жеткізді емес пе!

Әбілмансұр ҚАМЗАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×