Бельгияға бара алмайтындар біршама

05.10.2011, 19:29
Бельгияға бара алмайтындар біршама

Кеше футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттығу жұмыстарын өз көзімізбен көріп, бас бапкермен тілдесіп қайттық.

7 қазан күні Қазақстан ұлттық құ­ра­ма­сының Брюссельде Бельгия футбол­шы­ларымен кездесетіндігін білесіздер. Бұл – 2012 жылғы Еуропа чемпионатының елек­тік додасы аясындағы матч. Футбол­шы­ларымыз осы матчқа Талғардағы база­да біраз күн жаттықты. Талғардағы базаның табиғи жасыл желекті алаңдары да іске қосылыпты. Бұған дейін футболшыларымыз жасанды алаңда жаттығып жүретін. Енді сол жасан­ды алаңның ар жағынан, тауға қарай тағы екі алаң салынып, қолданылуға беріліпті. Екеуі де – табиғи жасыл желекті алаңдар. Біріншісінің көгалы дайын, айнала жүгіретін жол төсемдері де төселген. Бірақ алаң жие­гінде әлі де құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде. Ал одан әрі орналасқан алаңда біздің футболшылар доп теуіп жүр екен. Бас бапкер Мирослав Беранектің нұс­қауы бойынша футболшыларымыз айып добын орындау мен бұрыштан доп көтеру­ге машықтанып, осы ойын өресін жетіл­діруге көңіл бөлуде. Әр түрлі ойын өрнек­тері (комбинациялар) бірнеше қайталанып, футболшылар соны дұрыстап орындауға тырысты. Бұдан соң құрама сапындағы ойыншылар екіге бөлініп, доп қуды. Ең аяғында гимнастикалық жаттығулар өткі­зіл­ді. Жаттығу жұмыстарынан соң футбол­шы­лармен қысқа-қысқа тілдестік. Бәрі де Бельгияның осал қарсылас емес екендігін тілге тиек етіп, әйтсе де намысты қолдан бер­­меуге тырысатындықтарын баса айтты. Жарақатынан айығып, құрама сапына қай­та оралған Андрей Карпович те Брюс­сельде аянбайтындықтарын, табан тірескен дүлей додаға дайын екендіктерін біл­дірді. Футболшылар тарқаған соң, бас бапкерге лап қойдық. Сұрақтарымызды жаудыртып жатырмыз. Мирослав Беранек әдеттегідей асықпай, бәріне де жауап бере бастады:

– Иә, құрама сапында бірнеше ойыншы жоқ. Ұлан Қонысбаев, Таңат Нөсербаев, Сергей Остапенко жарақаттарына байла­нысты Бельгияға бара алмайды. Содан соң Юрий Логвиненко да сапта емес. Өйткені ол екі ескерту алғандықтан, Брюссельдегі ойында алаңға шыға алмайды. Сондықтан бұл ойыншылардың бәрі Астанада Австрия құрамасымен болатын ойынға дайын­далады. Ал Хайнрих Шмидтгаль бізге Бель­­гияда қосылады. Ол Германиядан тікелей Брюссельге келеді. Казбек Гетериев жарақаттанып қалыпты, бұл жолы да бізге көмектесе алмайтын болды.

Қарсыласымыз туралы не айтуға бола­ды? Бельгия құрамасы – деңгейі біршама жоғары, қарымды команда. Ойыншылары Англия, Испания, Германия, Нидерланды секілді Еуропаның деңгейлері аса жоғары чемпионаттарында ойнайды. Австрия да осал емес. Бапкері ауысқан. Ол өз құрамаларының сапына жаңадан бірнеше ойыншы қосты. Енді ол ойыншылар өздеріне берілген мүмкіндікті пайдалану үшін бар күш-жігерін салады. Жаңа бап­кердің көзіне түсіп, құрама сапында қалу үшін аянбайды. Біз Бельгиядан қайтқанда ұзақ сапар шегеміз. Ал Австрия Астанаға Бакудан келе салады. Тиіп тұр. Жол соғып шаршамайды. Қазіргі бар ойымыз – тек Бельгиямен болатын ойын. Әзірше табиғи жасыл желекте жаттығып жүрміз. Брюс­сельден ұшып кел­ген соң, Австриямен болатын ойынға дайындалып, екі күн ғана жасанды желекте жаттығу өткіземіз. Ал «Астана-Арена» стадионының таба­нын­дағы жасанды желек екенін білесіздер. Мұның бәрі – осы екі ойын алдында ай­тарым. Қалғанын ойын көрсетеді. Өз кезе­гімізде қолдан келгеннің бәрін жасап, дайындалып жатырмыз, – деді.

Қақпаны кімге сеніп тапсыратындығын ашып айтпады. Яғни қарамағында қақпа­шыларды әлі де тексеретін шығар. Ал Александр Мокиннің бұл жолы құрама сапына не үшін шақыртылмағандығын сұрағанда: «Ол Түркия және Әзірбайжан құрамаларымен болған ойындарда қателіктер жіберіп қойды», – деп кесіп айт­ты. Содан соң Марат Хайруллиннің де сенім үдесінен шықпай жүргендігін қын­жыла сездірді. Міне, бүгін Бельгияға аттанып кеткен ұлттық құраманың жалпы жағдайы – осы. Өкініштісі – бәріміз жабыла сенім артқан Казбек Гетериевтің осымен екінші рет (үшінші матчта) ұлттық құрамаға қол ұшын беріп, көмектеспей отырғандығы. Бұл жолы жарақат алып қалыпты. Хош дейік. Әйтсе де, әлбетте, жарақат алған ойыншы құрама сапына келсе керек-тін. Содан соң оны ұлттық құрама дәрігерлері тексеріп, өз шешімдерін шығаруы тиіс еді. Жоқ, әлде Гетериевтің жарақаты шынымен өте ауыр болды ма екен?! Жарайды, тырнақ астынан кір іздемей-ақ қоялық. Гетериевсіз де таңымыз атып, тауығымыз шақырар. Ал Каз­бекке тезірек айығып кетіп, «Алания­ның» Ресей премьер-лигасына оралуына көмектес дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Қазекемнің «өзіңнен тумай, ұл болмас» дегені осыдан ба екен...

Автор: Нұрғазы Сасаев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×