Бір ойыншың артық еді ғой, «Тобыл»

14.07.2011, 17:58
Бір ойыншың артық еді ғой, «Тобыл»

Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы Чемпиондар лигасының аясындағы алғашқы ойынын өткізді. Сырт алаңында Словакияның ең беделді клубы «Слованмен» шеберлік байқасқан жерлестеріміз 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

«Слован» Словакияның ғана емес, бүкіл Шығыс Еуропаның ең танымал клубтарының бірі болып саналады. 1919 жылы құрылған. Чехословакия мен Словакияның бірнеше дүркін чемпионы. 30 мыңнан астам көрермен сыятын «Тегельно поле» атты керемет стадионы бар (бірақ ойын басқа алаңда өтті). Бір сөзбен айтқанда, тарихы бай, ойыншылары қарымды. Бірнеше футболшысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Міне, жерлестеріміз кеше сырт алаңында осы клубқа қарсы өнер көрсетті. Дегенмен, шыны керек, жанкүйерлерімізде «Тобыл» өздеріне қажет нәтижеге қол жеткізеді-ау деген әлсіз де болса бір үміт ұшқыны болған еді. «Шахтер» мен «Ертістің» сәтті жолын қостанайлықтар да жалғастыратын шығар деп үміттенгенбіз. Бірақ «Слованға» шамамыз жетпеді. Әр таймда бір-бір голдан соққан алаң қожайындары 2:0 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен әлі де болса келесі кезеңге шығамыз ба деген үмітіміз сөнген жоқ. Сонымен, ойын барысы туралы аз-кем айта кетейік. Матч бір қарқында басталды. Тапсырма солай берілген бе, әйтеуір «Слован» бірден шабуылға лап қойып, дереу есеп ашып алуды ойлаған жоқ. Қонақтардың әрекетін бағып қана жүрді. Ал сырт алаңында басты назарды қорғанысқа бөлген «Тобыл» алаң иелерінен мұндайды күтпесе керек, не шабуылдарын білмей, не қорғаныста қаларын білмей, дал болды. Сөйтіп, ойын «Слованның» сценарийі бойынша жалғасып жатқан. Кенет әріптесінен пас алған алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Иржи Кладрубски алдында Қытай қорғанындай көрінген бірнеше қарсыласын елеместен, айып алаңының сыртынан допты шірене тартты. Қақпаға дәл бағытталған соққыны алаң сыртына қағып жіберудің орнына қақпашымыз Александр Петухов тура шабуылшының аяғына салып бермесі бар ма, қонақтар тарапынан мұндай тосын сыйды жібермеген Филипп Шебо есеп ашып кетті. Екінші тайм да тура біріншісіндей басталды. Дегенмен 67-минутқа дейін ғана. Анатолий Богданға қарсы тым дөрекі ойнаған Галенарды украиналық төреші кешірмей, бірден алаңнан қуды. Осыдан кейін жерлестеріміз есепті теңестірмек болып, алға ұмтылған. Бірақ қарымта шабуыл кезінде өздеріне гол жіберіп алды. Енді қарымта матч осы айдың 19-ында Қостанайда өтеді. Ал бүгін «Ертіс», «Ақтөбе» және «Шахтер» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойындарын өткізеді. Керекуліктер Грузияда «Металлургпен» айқасса, «Ақтөбе» Венгрияда «Кечкеметпен» шеберлік байқасады. Ал қарағандылықтар Ирландияның «Сент-Патрикс» клубын қабылдайды. Сөз соңында матчтың трансляциясы жайлы бір-екі ауыз сөз қоса кетуді жөн көріп отырмыз. Нақтысын айтқанда, болмаған трансляция туралы. Екі апта бойы жарнамасын берген «Қазақстан» ұлттық арнасы тек өздеріне ғана белгілі себептермен бұл ойынды көпшілікке ұсына алған жоқ. Түннің жарымына дейін сарыла күткен футболсүйер қауым ұлттық арнаны бір сыбаған соң ғана төсектеріне жатқан болар. Қайта «Еларна» жараған еді, өткен жолы уәдесінде тұрып, сырт алаңынан «Ягеллония» – «Ертіс» ойынын тікелей эфирде көрермендеріне ұсынған.

«Слован» (Братислава, Словакия) — «Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) – 2:0.Голдар: Шебо, 41. Геде, 81.Ескертулер: Кладрубски, 56. Галенар, 67. Багайоко, 90 — Джолчиев, 34. Кислицын, 79. Богданов, 83. Сливич, 90.Ойынның 67-минутында Галенар (С) алаңнан қуылды. «Слован»: Путноцки, Добротка, Грендел (Милинкович, 63), Галенар, Жофчак, Кладрубски, Багайоко, Геде, Штепановски (Колчак, 76), Гад, Шебо «Тобыл»: Петухов, Богдан (Юрин, 70), Бекрич (Богданов, 57), Волков, Сливич, Кислицын, Овшинов, Зебелян, Қуантаев, Жолшиев (Гридин, 64), Кучера Қосалқы құрамда: Герфорт, Костюк, Лотов, Малышев. Бас төреші: Виктор Швецов (Украина) Стадион: «Пасиенки» (5128 көрермен). Сергей Петренко, «Тобыл» футбол клубының бас бапкері: – Алда әлі бір матч бар. Жағдайды өз пайдамызға шешуге тырысамыз. Ал бұл ойында шәкірттерім тым нашар ойнады. Чемпиондар лигасында мұндай қателіктер кешірілмейді. Бір ойыншыға артық бола тұра, командамыздың гол жіберіп алғаны да ұят болды. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×