Бір жылда екі елді бағындырғандар

Қосанбай Уалихан
Бас редактор
23.07.2020, 06:15
Сонымен, футбол тарихында ұзаққа созылған маусым да ақырындап аяқталып келеді. Қазірдің өзінде бірнеше елде чемпион белгілі. Тек Италияда әлі нақты анықталмады. Бірақ «Ювентустің» чемпион болатынына ешқандай күмән жоқ.
Бір жылда екі елді бағындырғандар

Қазір чемпионатта топ жарған футболшылардың кейбірі тойлап жатса, кейбірі ЧЛ ойындарына дайындалуда. Ал кейбірі бір емес, екі бірдей чемпиондық атақты атап өтуде. Иә, иә. Сіз қателеспедіңіз. Биыл бірнеше футболшы екі елдің чемпионатында топ жарды. Түсінікті болуы үшін тарқатып жазайық.

Биыл екі елде чемпион атанған бірінші футболшы «Реалдың» қорғаушысы Альваро Одриосола. Ол бірақ қазір «Баварияның» намысын қорғайды.

16 маусым күні «Бавария» чемпион атанып, 27 маусым күні жүлдені төбелеріне көтеріп, шаттыққа бөленді. Ал «Реал» болса 17 шілде күні Испания чемпионы болды. Альваро болса маусымың бірінші айналымын өткізген мадридтік клубты әлеуметтік желі арқылы құттықтады.

«Реал» сапында қорғаушы 4 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берді. Бірақ тоғызыншы турда қызыл қағаз алып қалып (ол ойында «Реал» «Мальоркаға» жеңілді), содан соң «корольдік» клуб сапында бірде-бір кездесуге қатысқан жоқ.

Қыста Альваро көп ойнауға ниеттеніп «Баварияға» ауысты. Бірақ ол мұнда да қатырмады. Бар болғаны үш кездесуге қатысты. Оның біреуін үзіліске дейін өткізсе, екі ойынды үзілістен кейін ойнады. Жалпы ол Германия чемпиондары сапында 153 минут қана алаңда болды.

Дегенмен де, бұл көрсеткіштің өзі екі біріншіліктің чемпион деген медальін алуға мүмкіндік берді.

Одриосола биыл екі біріншіліктің чемпионы атанған жалғыз футболшы емес! Биыл екі медаль алатындардың қатарында мадридтік «Реалдың» қақпашысы Альфонс Ареоля да бар.

Қақпашы маусымды «ПСЖ» сапында бастап, алғашқы үш турда париждік команданың қақпасын қорғады. Содан соң оны «Реалдың» қақпашы Кейлор Навасқа ауыстырып алды. Зидан Ареоляны күзде үш ойынға қатыстырды. Сол үшін Ареоля да мойнына екі медаль тағады.

Айтпақшы, Мадридтен Парижге көшкен Кейлор Навас та Испания және Франция чемпионы. Костарикалық қақпашы «ПСЖ» қатарына қосыларға дейін үш рет матчқа қатысуға мүмкіндігі бар футболшылардың тізіміне қосылған. Бірақ алаңға шықпады. Дегенмен де соның өзінде ол чемпиондардың қатарында болады.

Биыл топ біріншіліктерде екі елде чемпион атанған басқа футболшылар жоқ. Алайда Марио Манджукич екі елде чемпион атануға мүмкіндігі бар. Хорват шабуылшысы маусымды «Ювентус» сапында бастап, қыста катарлық «Аль-Духаиль» сапына ауысып, бес ойынға қатысты. Бірнеше күн бұрын ол командадан кетіп қалыпты.

Қазір «Ювентус» те, «Аль-Духаиль» да өз біріншіліктерінде бірінші орында келеді. Егер бұл командалар чемпион атанса, Манджукич екі клубтан да чемпиондық медаль ала алады.

Өткен шаққа бір оралып көрейік. Футбол тарихында мұндай жағдайлар бұған дейін де тіркелген. Мысалы, Кингсли Коман. Франция құрамасының жартылай қорғаушысы 2015/16 маусымда «Ювентус» және «Бавариямен» Италия және Германия чемпионы атанған.

Либерияның президенті, атақты Джордж Веаның ұлы Тимоти Веа да екі елде қатарынан чемпион болды. Өткен маусымды ол «ПСЖ» сапында бастап, маусымның екінші жартысын «Селтик» сапында өткізді. Нәтижесінде екі елде де оның командасы топ жарды.

«ПСЖ» командасының тағы бір ойыншысы Леондро Паредес те екі елде бірінші орын алды. Париждік командадан бөлек ол «Зенитте» ойнаған еді. Сөйтіп ол Франция және Ресей чемпионы болды.

«Зениттің» тағы бір ойыншысында осындай атақ бар. Ол – Ярослав Ракицкий. Өткен жылғы біріншілікті «Шахтерде» бастап, «Зенитте» аяқтады.

«Лестер» чемпион атанған жылы құрамында Даниль Амарти деген футболшы болды. Алаңның ортасында ойнайтын Амарти қыста «Копенгаген» қатарынан ауысып келіп, Дания мен Англия біріншілігінің чемпионы деген атақты жеңіп алды.

Міне, екі елде чемпион болған біз білетін футболшылардың тізімі осындай. Егер Сіз мұндай ойыншыны білетін болсаңыз, пікірге жазып кетіңіз, құрметті оқырман!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×