Зайнутдинов - 17 ойын, 4 гол

23.07.2020, 06:44
Қазақстан құрамасының ойыншысы Ресей біріншілігінде көз түсіп жүр.
Зайнутдинов - 17 ойын, 4 гол

Ресей премьер-лигасының соңғы, 30-тур ойындары кезінде "Ростов" "Зенитпен" кездесті. Санкт-Петербордың "Зениті" осыдан 2 тур бұрын Ресей чемпионы деген атақты жеңіп қойды. Сондықтан болар, Сергей Семактың командасы екінші құраммен шықты. Ал ойынның 18 минутында айып алаңының маңында ойын тәртібі бұзылды. Сол стандартты жағдайды орындаған Бахтиер Зайнутдинов кездесудің есебін ашты. Оның жойқын соққысы алдымен қорғаушыға, кейіннен қақпашыға тиіп барып торда тулады. 

Бұл Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы үшін 4 гол еді. Ресей премьер-лигасына өткен маусымда ғана ауысқан отандасымыз "Динамо" Мәскеу клубының қақпасына гол салған еді. Ал одан кейін атақты "Спартак" қақпасына 2 гол салып, дубль авторы атанды. Мұндай жетістікті Тимур Сегізбаевтан кейін ешкім жасамаған еді. Яғни, "Спартак" қақпасын екі мәрте дәл көздеген Қазақстан ойыншысы болмады. Валерий Карпин баптайтын "Ростов" дегенімен осы ойында жеңіліс тапты. Сердар Азмун мен Дриуссилердің қос голы "Зенитке" жеңіс сыйлады. Аталған ойыншылар кездесудің екінші таймында алаңға тыңнан алмасып еніп еді. "Ростов" Ресей чемпионатын 5 орында аяқтап, келесі маусымда Еуропа лигасында өнер көрсету құқығына ие болды. 

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×