Бірінші кезең аяқталды

07.08.2013, 02:05
Бірінші кезең аяқталды

Бірінші кезең аяқталды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының бірінші кезеңі аяқталды. Наурыздан басталған 21-ші ел чемпионатында биыл 12 команда өнер көрсетті. Енді алдағы уақытта екі топқа бөлініп өзара мықтыны анықтайтын болады. Алғашқы алтылыққа мына командалар енді: «Ақтөбе», «Астана», «Шахтер», «Ертіс», «Қайрат», «Ордабасы». Бұл командалар енді жүлделі орындарға таласатын болады. «Тобыл», «Восток», «Атырау», «Тараз», «Жетісу», «Ақжайық» клубтары біріншіліктегі өз орындарын сақтап қалу үшін бір-бірімен күш байқасады.

Бірінші алтылық

Біріншілік басталмас бұрын «Ақтөбе», «Астана», «Шахтер», «Ертіс» сияқты командаларды футбол мамандары мен жанкүйерлер алғашқы алтылықтан көретіндеріне сенімді болған. Сол сенім үдесінен төртеуі де биыл шыға білді. Бұл командалар тек қана ел біріншілігі емес, еурододаларға қатысты («Шахтер», «Ақтөбе» жарысты жалғастыруда). Ал  «Ордабасы» мен «Қайраттың» орнына «Тобыл» мен «Таразға» көбірек сенім артылған болатын. Бірақ, соңғы екеуінің өнері биыл көңіл көңшітерліктей болмады.Тіпті екеуі де «орта жолда ат ауыстырды» ( екінші айналымда жаңа бапкерлер келді). Негізі қос ұжымда алғашқы турларды өте сәтті бастаған. Уақыт өте келе жеңілістен көз ашпаған «Тараз» турнир кестесінің соңында қалып қойды. Қостанайлық «Тобыл» тек соңғы турларда ғана ес жиып, қамшы басқанымен бәрі де кеш болды. Енді Нұрболдың командасы жүлдеге таласу үшін бір жыл күте тұрады.

Жоғары айтылған «үлкен төрттік» бір кездері Англия чемпионатының сәніне айналған «Манчестер Юнайтед», «Челси», «Арсенал», «Ливерпуль» дәуірін елестеді. Бәлкім, бұл күлкілі де болуы мүмкін. Біздің біріншілік деңгейі әлемнің №1 чемпионатымен салыстыруға келмес. Бірақ, бұл командалар қазіргі Қазақстан чемпионатының ең үздік ұжымдары деуге толық негіз бар. «Ақтөбе» мен «Шахтер», «Ертіс» биыл еурододаларда Қазақстан қоржынына ұпай салған командалар. Алдынғы екеуі жарысты әрқарай жалғастыру үстіне. Сондықтан екі команданы да топтық кезеңнен көреміз деген үмітіміз бар. Өкінішке орай, «Астана»  биыл бізді ұятқа қалдырды. Ал «Ертіске» тағар айыбымыз жоқ. Қаржылық қиындықтарға қарамастан азулы «Левскиді» айналып өтті. Біздің біріншілік жарты қадам болса да, алғашқы  жылжығанын еурододалардағы іріктеу сайыстары көрсетті.

«Ақжайық» пен «Жетісу»

«Ақжайық» биылғы біріншілікті өте сәтті бастаған команда. Бірінші турда ел чемпионы «Шахтердің» өзін 3:0 есебімен ұтып, талайды таңдай қақтырған болатын. Дегенмен ақшаның дәурені жүріп тұрған заманда қаржылық мәселе алғашқы орында екені белгілі ғой. Ойыншылардың жалақысы төленбей, «Ақжайық» пен «Жетісудың» ұпайлары шегеріледі. Қасықтап жинаған ұпайларын шөміштеп шашуларына тура келді. Әсіресе «Ақжайықтан» алты ұпай шегерілді.Бас бапкерден бастап, бірнеше ойыншылары өзге клубтарды жағалап кетті.  Әйтпесе, ең үздік сұрмерген Игорь Зенькович, болашағынан көп үміт күттіретін жас қақпашы Станислав Покатилов та осы команданың құрамында ойнаған болатын. Ал қазіргі кезде команданы жаттықтыруды Любомир Петрович өз қолына алды.

Жыл басында Омари Тетрадзеге сенім артқан Талдықорған командасы да Оралдың күйін кешті. Ойын жүйесі басқа командалардан кем болған жоқ. Топ бастаған «Ақтөбенің» өзі «Жетісумен» кездескенде білгендерінен жаңылған болатын. Бұл команда да маусымаралық үзіліс кезінде Алексей Щеткин, Евгений Аверченко, Эдин Юнузович, Сергей Скорых сияқты алдынғы шепте ойнап гол соғатын шабуылшыларынан айырылып қалса да, ешкімге оңайшылықпен беріле қойған жоқ.

Екі ұжымның да басты мақсаты премьер-лигадағы өз орындарын сақтап қалу болып отыр. Егер келесі жылы премьер-лигада қалып, қаржылық қиындықтары шешілсе, қос ұжымның алар асулары алда екені көрініп тұр.

Серияны бұзған Мұхтаров

«Орта жолда ат ауыстырған» команданың бірі осы шымкенттік «Ордабасы. Маусым басында Вахид Масудовпен бастаған оңтүстік командасы алғашқы жеті тур бойы гол соға алмай біраз ұятқа қалды. Кейінен Виктор Пасулько қайтадан тізгінді өз қолына алып, команданың ойынын дұрыстай бастады. Мамырдың 26-сында сырт алаңда «Астананы» ұтқаннан бастап, қатарынан жеті ойын жеңілістің не екенін білмей келді. Ал сегізінші кездесуде чемпиондар лигасына қатысып жатқан «Шахтермен» күш сынасты. «Кеншілердің» екінші құрамын 3:1 есебімен ұтқанымен, үш ұпай қарағандылықтарға қайтарылды. Бұл ойында «Ордабасының» капитаны Мұхтар Мұхтаров ескертулерінің шектен тыс асып кеткеніне қарамай, Қарағандыдағы ойынға қатысады. Кейіннен тәртіптік кеңес, бұл ойындағы жеңісті Кумыков шәкірттеріне жазды. Ал «Ордабасының» ойыншыларының ескертулерін санап, жауап беретін бапкері Тимур Ықсанов өз еркімен қызметінен кетті. Осылайша бір ғана Мұхтар Мұхтаровтың кінәсінан ұзаққа созылған серия үзіліп қалды...

Жұлдыздарды жинаған «Қайрат»

«Астанадан» басқа Қазақстан командаларын осы уақытқа дейін жергілікті әкімдер қаржыландырып отырды. Футболдан ақшасын аямай жүрген Сүлеймен Керимов, Роман Абрамович сияқты біздің елде де «Форбес» журналына кірген байлардың бар екені жасырын емес. Міне сондай байларымыз қазақ футболына инвестиция неге салмайды екен деп армандаумен келеміз. Дегенмен биылғы жылы сол арманымызға жетпесек те, аздаған қамқорлықтың бар екенін сездік. Айтпағымыз «Қайрат» командасын өз қарамағына алған «ҚазРосГаз» компаниясының бас директоры Қайрат Боранбаев жайлы. Бұл азаматтың келуімен тарихы тереңге клуб қайта тірілгендей болды. Әйтпесе, бірнеше жыл қаржыдан қағажу көрген алматылық клуб тіпті бір кездері Бірінші лигада өнер көрсеткен болатын. Енді міне Қайрат Советұлының келуімен атақты словакиялық бапкер Владимир Вайсс команданың тізгінін ұстады. Маусымаралық үзіліс кезінде талай жұлдыздар алматылық клубпен келісім-шартқа отырды. Түркияға кеткен Самат Смақов пен Давид Лория елге оралды. Финляндия футболының жарық жұлдызы Алексей Еременко,  армениялық Артур Едигарян, өзіміздің елде доп теуіп жүрген Жамбыл Көкеев, Виталий Ли, Антон Землянухин сияқты футболшыларда Вайсстың таңдауына ілінді. Қазіргі кезде клуб алғашқы алтылық ілікті.  Енді тек жүлдеге таласатын болады.

Қанша қазақ бар?

Қазіргі қазақ футболынындағы маңызды мәселенің бірі мемлекеттің негізін құраушы ұлт қазақтардың командалар құрамындағы аздығы. Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін 12 команданың ішінде қазағы көп команда бұл «Ордабасы» немесе «Тараз» емес қостанайлық «Тобыл» болып шықты. «Тобылдың» құрамында дәл қазіргі таңда 11 қазақ футболшысы өнер көрсетеді. «Ордабасыда» ­- 9, «Астанада» ,«Востокта» -  8,   «Таразда» -7, «Ақжайық», «Қайрат» - 6, «Шахтер», «Ертіс», «Жетісу» - 5, «Атырауда» - 4, «Ақтөбе»- 3. Осының ішінде қазағы аз команда батыс командалары «Атырау» мен «Ақтөбе». Еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбеде» Асхат Тағыберген, Абат Айымбетов, Алдан Балтаев сияқты үш «А» әрпінен басталатын қазақ футболшылары бар. Бірақ, үшеуі де негізгі құрамда өте сирек шығатын футболшы. Енді алдағы уақытта қарагөз қазақ футболшыларының жасыл алаңда көбеюіне барлығымыз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет.

Қорытынды

Ел біріншілігінде өнер көрсететін 12 команданың еш осалы жоқ. Сондықтан да болар алғашқы кездері тең ойындар көп болды. Тек екі-үш команданың қаржылық қиындықтары болмаса, бірінші кезең мәресіне ойдағыдай жетті. Жылдан-жылға бас жүлдеге таласатын командалардың саны арту үстінде.

Биыл қазақ футболының 100 жылдығы. Жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға мүлдем болмайды. Қазақстан футбол федерациясы әрбір жерде немістердің әдісімен балаларға футбол академияларын көптеп ашуда. Болашақта істеліп жатқан істің жемісін көріп, қазақ футболшылары үздіктердің қатарынан көрінеді деп сенейік!

22-турдың нәтижелері: «Шахтер» – «Ақжайық» – 4:0  Доп соққандар: Мұртазаев 42 (1:0), Габышев 52 (2:0), Зенькович 85 (3:0), Мұртазаев 90 (4:0). «Астана» – «Тобыл» – 2:1 Доп соққандар: Нөсербаев 64 (1:0), Бугаев 80 (1:1), Нұрдәулетов 85 (2:1). «Ақтөбе» – «Восток» – 0:1 Доп соққан: Алиев 36 (0:1). «Атырау» – «Тараз» –  3:1 Доп соққандар: Данилюк 23 (1:0), Стойчев 87 (2:0), Пейкришвили  90-пенальтиден (3:0), 90 (3:1). «Жетісу» – «Қайрат» – 0:0. «Ертіс» – «Ордабасы» –  2:0  Доп соққандар: Кулибали 41 (1:0), Аверченко 89 (2:0). Турнир кестесі 22-тур:

Орын

Клуб

О

Ж

Т/о

Ж

Д-а

Ұ

1

Ақтөбе

22

14

5

3

30-12

47

2

Астана

22

12

6

5

35-24

41

3

Шахтер

22

10

6

7

31-23

35

4

Ертіс

22

9

7

6

24-20

34

5

Қайрат

22

7

10

5

28-24

31

6

Ордабасы

22

8

6

8

20-20

30

7

Атырау

22

7

6

9

18-18

27

8

Тобыл

22

7

5

10

30-27

26

9

Восток

22

5

8

9

12-24

23

10

Жетісу

22

4

12

6

20-25

20

11

Тараз

22

4

6

12

19-29

18

12 Ақжайық

22

4

7

11

24-35

13

           

                                                       Бек Төлеуов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×