
Деңгейі жөнінен екінші дәрежелі турнирдің бүгінде ойнатылған 3 кездесуінде сенсация тіркелмеді.
“Оңтүстік Академиясы” - AKAS
12-турдың алғашқы матчында “Оңтүстік Академия” алматылық AKAS-ты қонақ қылды. Шымкенттің “Намыс” стадионында өткен кездесудің есебі 36 минутта ашылды. Алқайдаровтың пасынан нәтиже шығара алған Ануар Төлепберген ұзақ үзілістен кейін қайта гол авторы атанды. Бірінші таймның қалған бөлігінде қос тараптан айтарлықтай қауіпті шабуылдар орын алмады. Таблодағы есеп 1:0 күйі қала берді. Екінші кезеңде алаң иелері ширақ қимылдап, қарсыласты жиі шабуылдармен мазалап тұрды. Соның нәтижесінде пенальти орындауға мүмкіндік алды. Нүктеге келген Мағжан Тоқтыбай “Паненка” әдісімен допты қақпаға дәл бағыттады. Сөйтіп есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл нәтиже ойынның соңына дейін сақталды. Алаң иелері сан басымдылығы аз болса да, жеңісті уысынан шығармады.
“Түркістан” - “Ақтөбе 2”
Алғашқы ойынмен қатар Түркістанда жергілікті команда “Ақтөбе” жастарын қабылдады. Бұл командалар Бірінші лиганың биылғы маусымының аутсайдерлері. Екеуі де турнирдің түбіне жайғасқан. Бүгінгі ойын қос ұжымға жағдайды сәл де болсын жақсарту үшін мүмкіндік еді… Алайда апама жездем сай “Түркістан” мен “Ақтөбе” тең нәтижеге қанағат қылды. Матч барысында өз қақпасына автогол жіберген “Ақтөбе” төрешінің соңғы ысқырығына дейін есепті теңестіріп үлгерді. Осы кездесуден кейін аутсайдерлер 5 ұпайдан жинап, турнирлік кестенің 12 және 13 орнында тапжылмастан қалды.
SD Family - “Екібастұз”
Күннің ойындарын қорытындылаған SD Family - “Екібастұз” кездесуінде шабуыл көп болғанымен, гол көп тіркелмеді. Бас-бастарына 20-дан астам соққы жасаған командалар матч бітерге санаулы минуттар қалғанда, 1 допты қақпа торына кіргізді. 19 жастағы Альхам Нұрлан “Екібастұз” сапынан ерекшеленіп, өз ұжымына 3 ұпайды сыйға тартты. Айтпақшы ойын барысында бас төреші командаларға бас-аяғы 10 сары қағаз көрсетті. Осылайша бұл матч чемпионаттың ең ескертуге толы кездесуі болып есептелді. Айта кетейік, бұған дейін “Хан-Тәңірі” - “Алтай” ойыны хаттамасында 8 сары қағаз көрсетілгендігі жайында мәлімет жазылған болатын.
Біздің серіктес: FONBET