Болжам бұрыш

17.11.2010, 00:07
Болжам бұрыш
Футбол.кз сайты әр апта сайын Еуропаның үздік біріншіліктеріне болжам жасап, футбол төңірегіндегі білімі бар мамандарға сөз береді. Ең алғашқы шолуды - Димаш МҰРАТБЕК жасайды. СІздер осы кездесулер өткен соң маманның "сәуегейлігіне" өз бағаларыңызды пікір ретінде қалдырсаңыздар болады. Сонымен... Осы уик-эндте Англия, Германия, Испания және Италия чемпионаттарында өтетін ойындарға қысқаша анализ. Ең қызықты және тартысты өтетін Англия премьер-лигасынан бастасақ: Өткен тур көшбасшы командалар үшін сәтсіз өтті деуге болады, тек «Арсенал» ғана сырт алаңда «Эвертонды» 2:1 есебімен жеңіп, 2-ші орынға көтерілді. Манчестерлік екі команда да ойындарын тең нәтижемен аяқтады. Қалалықтар өз жанкүйерлерінің алдында «Бирмингеммен» тең түсті, есеп 0:0, ал қызыл сойқандар сыртта «Астон Вилламен» ұпай бөлісті. Турдың басты сенсациясы Лондондағы «Стмэфорд Бридж» стадионында тіркелді, «Челси» «Сандерлентке» 3:0 есебімен жеңілді. Атақты «William Hill» букмекерлік кеңсесі «Сандерленд» жеңісінің коэффициентін 1:15 деп бағалаған болатын. Бұл турдың басты кездесуі «Арсенал» мен «Тоттенхэм» арасында өтпек. Букмекерлер «Арсеналдың» жеңісіне 1,65, тең ойынға 3,75, ал «Тоттенхэмнің» жеңісіне 5,4 коэффициентін беруде. Меніңше, бұл ойында Арсенал жеңіске жетуі тиіс. Қазір «Арсенал» бабында, өткен аптада сыртта қатарынан екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Оған өз алаңындағы соңғы кездесуде «Ньюкаслдан» жеңілгенін қосыңыз.  Канонирлердің өз жакүйерлерінің алдында сол жеңіліс тек кездейсоқтық екенін дәлелдеуге тырысатыны анық. Құрамына келетін болсақ жарақаты бар ойыншылар тек қақпашы Альмуния мен қорғаушы Вермаленді атап өтуге болады, ал қалғандары сақадай сай. Команданың басты үміті Фабрегас қазір қайта бабында. Қақпада Фабяньски Венгердің сенімін ақтап жүр, тіпті Вулверхэмтонмен өткен кездесуде ең үздік футболшы атанды. «Тоттенхэмге» келетін болсақ, бұл команда ойынын ала-құла өткізіп жүр. Реднаптың командасы қарашаның 24-інде чемпиондар лигасында «Вердермен» маңызды кездесу өткізеді. Қанша жерден мойындамағанымен ол ойынға күшін сақтайтыны белгілі, ал «Арсеналдың» чемпиондар лигасындағы жағдайы жақсы. Менің болжамым 3:1 есебімен Арсенал жеңеді. Келесі ойын «Манчестер Юнайтед» – «Уиган». Букмекерлер «МЮ»-дің жеңісіне шүбә келтірмейді, «Уиганның» жеңісіне коэффициент –15. Рунисіз қазір манкуняндықтардың шабуыл шебінде сәл қиыншылықтар бар екені белгілі, дегенмен өткен турда «Астон Вилладан» 2:0 есебімен ұтылып жатқанда, «Манчестер» шабуылының күшін бирмингемдіктер ғана емес күллі жұрт сезінді. «Уиган» соңғы екі кездесуін сәтті өткізді, «Ливерпульмен» тең түссе, «Вест Бромвичті» 1:0 есебімен жеңді. Қорғанысы мығым команда, өз алаңында тәуір ойнайды, ал сыртта, оның үстіне «Манчестерге» шамасы жетпес, болжам – 2:0. «Бирмингем» - «Челси»  кездесуі көп сұраққа жауап беруі тиіс. Аристократтардың уақытша тоқырауы меніңше, негізгі футболшылардың ойыннан тыс қалуына байланысты. Қанша дегенмен, Лэмпард, Терри, Эссьен және Алекстердің  рөлі «Челси» үшін өте маңызды. Лэмпард жарақатынан айықты, оны бұл ойынан көріп қалуымыз ықтимал, ал Эссьен дисквалификациясына байланысты әлі екі ойын жібереді. Таза британдық стильде ойнайтын команда «Бирмингем», құрамы да кілең британдықтар. Жазда сатып алынған серб Жигич пен беларус Глебтің бұл команданың ойын стиліне үйренісе алмауы да сондықтан болуы мүмкін. Соңғы ойында 65-ші минутта Жигичті Глеб алмастырды, екеуі де көзге түсе алмады. «Бирмингемнің» қорғанысын «Манчестер Сити» бұза алмағвн, ал енді «Челси» қайтер екен? Болжам – 1:1. Соңғы кездері сынға ұшырап жүрген Р.Ходжсон мен А.Грант өзара Ливерпульде кездеседі. Бұл ойында сөзсіз Ливерпуль жеңіске жетуі тиіс. Джо Коул мен Лукас ойынға қатыспайды, ал Джеррард, Кейт, Торрестер «Вест Хэмнің» қорғанысын бұзуға шамалары жетеді. 3:0 Ливерпуль. «Болтон» – «Ньюкасл» тең командалар бірін-бірі жеңе алмай, итжығыс түсуі мүмкін. «Вест Бромвичпен» «Стоук Сити» арасындағы кездесу де, «Блэкпул» – «Вулверхэмптон» матчы да сол шамада өрбиді. «Блэкберн» –«Астон Вилла» 1:0, «Фулхэм» – «Манчестер Сити»: егер ойын 0:0 есебімен аяқталса, онда Манчинидің отставкаға кеткені туралы хабарды естуіміз ықтимал. Тәртібі нашар Балотелли тағы да ойыннан тыс жүр, ал Адебайор секілді шабуылшыны іске асыра алмауы Манчиниге деген сенімсіздікті күнен-күнге үдетуде. Соңғы кездесу дүйсенбіде «Сандерленд» пен «Эвертон» арасында өтеді. Дәл қазір «Сандерленд» басымдау – 2:1. Неміс бундеслигасы ең бір болжамға келмейтін чемпионаттардың бірі. Мұнда ойын нәтижесі күтпеген жерден шығып жатады, сол себепті қай команда қанша доп сала алатыны жайлы болжағанымыз дұрыс болар. Турдың басты кездесуі Леверкузенде өтеді, онда жергілікті «Байер» Мюнхеннің «Бавариясын» қабылдайды. «Бавария» негізгі құрамының жартысы жарақат алып, уақытша істен шығып жатқанда, олардың  көлеңкесінде қалып жүрген футболшылар тіпті тамаша ойын көрсетіп, мюнхендіктер ірі жеңістерге жетіп жүр. Рибери, Роббен, Ван Боммель, Клозе, Олич сияқты футболшылар емделу үстінді. ОЛар жоқта Тимощук, Гомес сияқты футболшылар керемет нәтижелерге қол жеткізуде. Өздеріңіз қараңыздар соңғы бес кездесуде Гомес 7 доп соқты, оған чемпиондар лигасындағы хет-трикті қосыңыз. Чемпионатты өте нашар бастаған «Бавария» қазір жағдайын біраз түзеп алды. «Байер» бір қалыпты жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Алаң иелері жеңілмейді деп ойлаймын. Чемпионаттың қазіргі көшбасшысы Дортмундтық «Боруссия» «Фрайбургқа» қонаққа барады. Бір қызығы «Фрайбург» әр ойында гол соғады, оның көбісі сенегалдық сұрмерген Сиссенің еншісінде. Бұл жігіт 12 ойында  қарсыластар қақпасына 10 доп енгізген. Жалпы турнир кестесінің 4-ші сатысында келе жатқан бұл команда тең ойын дегенді білмейді, не жеңеді, не жеңіледі. Дортмундтықтар болса қатарынан 11 ойын жеңілістің ащы дәмін татпаған, оның 10-ында жеңіске жеткен. 0:1 Боруссия жеңеді. «Шальке» – «Вердер», былтырғы жылдары бұл екеуінің ойыны турдың басты кездесуіне саналатын, ал биыл тек қатардағы жай матч. Чемпионат алдында «Шальке» 16-шы орында жүреді дегенге адам баласы сенбес еді. «Вердер» тіпті түсініксіз, бірде ойсырата жеңсе, келесі жолы дәл солай жеңіліп жатады. Жақында «Штутгарттан» 6:0 есебімен тізе бүкті. Екеуі де чемпиондар лигасында маңызды кездесу өткізеді, бұл жағынан тең жағдайда. 16-шы орында орналасқан «Шалькеге» бұл ойында жеңіс қажеттірек. 2:0 «Шальке». Алдыңғы жеті турда жеті рет жеңіске жетіп таң қалдырған «Майнцқа» көз тиді-ау деймін, соңғы бес ойында 4 рет жеңіліс тапты. Бұл жолы олар турнир кестесінің 17-ші сатысында келе жатқан Менхенладбахтың «Боруссиясына»  қонаққа барады. «Боруссия» да соңғы кездесулерін қарқынды өткізуде, егер «Майнц» тағы жеңілсе, онда бұл команданың бәйгеге шапқан байтал екеніне көзімізді жеткіземіз. Менім пайымдауымша тең ойнай білмейтін Майнц 3:1 есебімен тізе бүгеді. «Штутгарт» – «Кельн» кездесуі алаң иелерінің жеңісімен аяқталуы тиіс, ал «Ганновер» – «Гамбург», «Нюрнберг» – «Кайзерслаутерн» және «Санкт-Паули» – «Вольфсбург» матчтарында жеңімпаз анықталмай тарасуы ықтимал. Англияда үлкен төттік деп жатса, бұл елде үлкен екі команда бар, олар «Реал» мен «Барселона». Әрине Испания примерасы да қызыққа толы. «Реал» мен «Барселонаның» аяқ алысына қарап, олардың бірінші екі орынға ие болатынына күмәнданбаймын, белгісізі қайсысы қай орынға ие болатынында. Корольдік клуб Бильбаоның «Атлетикосын» қабылдайды, шамамен 3:0. Каталондықтар «Альмериямен» қонақта кездеседі, қиындау болады. Орталық кездесу «Вильярреалмен» «Валенсия» арасында өтеді. Чемпиондар лигасына берілетін тағы екі жолдама үшін таласатын командалар осы екеуі және «Севилья» мен мадридтің «Атлетикосы» болып есептеледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл кездесудің маңызы зор, әрине. Тең түсер мүмкін, 1:1. «Севилья» – «Мальорка» шамамен 3:1, «Реал Сосьедад» – «Атлетико» 1:1, «Депортиво» – «Малага», «Хетафе» – «Сарагоса», «Эспаньол» – «Эркулес» кездесулерінде алаң иелерінің жеңісі. «Леванте» – «Расинг», «Осасуна» – «Спортинг Х» тең түсулері ықтимал. Серия А. Көшбасында көптен бері бұл дәрежеге қолы жете алмай жүрген «Милан», олар соңғы турда «Интерден» басым түсіп, чемпиондыққа үміткер екендігін дәлелдеді. Осы сенбіде «Милан» «Фиорентинаны» қабылдайды. Ч.Пранделли ұлттық құрама тізгінін ұстағалы «Фиорентинадан» қауқар кете бастағандай, «Миланды» тоқтата алмас. «Рома» «Удинезені» қабылдайды, мұнда да алаң иелері жеңіске жетуі тиіс. Жексенбіде «Ювентус» «Дженоаға» қонаққа барады және біраз қиналады. Сол сияқты «Интер» де сыртта «Кьевомен» кездеседі. «Интерге» жеңіс ауадай қажет, 2:0 Бенитес шәкірттерінің пайдасына. Қалған матчтарға: «Парма» –«Лацио» 0:0, «Катания» – «Бари» 2:0, «Лечче» – «Сампдория» 1:0, «Чезана» –«Палермо» 0:0, «Брешия» – «Кальяри» 2:0, «Наполи» – «Болонья» 3:1 – деп сәуегейлік жасап көрейін.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×