Болжам. Италияда тартыс қызып тұр

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
28.06.2020, 08:58
Жексенбі күні біршама матч бар. Бундеслиганы аяқтадық, енді үш лига қалды.
Болжам. Италияда тартыс қызып тұр

Кешегі болжамыма өзім ризамын. 5 матчтың төртеуін таптым. "Сельтаның" да сый жасайтынын ұққандай болыппын. Мына жазуды басыңыз.

"Вильярреал" - "Валенсия"

Испан Ла лигасының ең қызықты матчы осы. "Вильярреал" шабуылды мықты ұйымдастырады. Чуквезе, Бакка, Касорла үштігі тамаша үйлесімді. Соңғы матчтарда "сары сүңгуір қайық" көп гол салып жүр. Осы матчта да гол салатынға ұқсайды. "Валенсия" өткен ойында "Эйбарға" жеңіліп, масқара болды. Менің сол күні жасаған болжамымды құртып кетті. "Валенсия" үстінен салқын су төгілгендей кейіпте қалды. Енді жарқылдап шығатын кезі. Турнирлік кестеде бұл екеуінің ойынына біраз жағдай тіреліп тұр. "Жарқанаттар" да қарап қалмайды. Екі команда гол салады деген бәс пен жалпы матчтың тоталы 2,5 көп деп отырмын. Іштей әВаленсия" жеңсе екен деген тілегім де жоқ емес. Мен бұл команданың фанаты емеспін, бірақ сонау 2000 жылдардан бері ойынын үзбей көремін. Рубен Бараха, Жослин Англома, Гаиска Мендьета дәуірінен бері.

"Эспаньол" - "Реал" Мадрид

"Барселона" опық жеп қалды. Кеше "Селтамен" ұпай бөлісті. Менің кешегі болжамымды оқысаңыздар бәрін түсінесіздер. "Сельта" селт еткізеді деген едім. Дәл келді. Зинедин Зиданға ендігі жол оңайырақ көрінгенімен, бұл бір психологиялық ауыртпалық салатын нәрсе. Бар нәрсені пайдаланбағандарың не деп шығатын басшылық тұр, төбеден қарап. "Реал" жеңеді осы ойынды. Мадридтің оғландары 1:0 қылып ұтпайды, кем дегенде 2-3 гол салады. "Реал" тоталы 1,5 көп және жеңісін болжап отырмын.

"Милан" - "Рома"

"Рома" өткен матчта қатты шаршады. "Сампдория" әбден сілекпесін шығарды. Эдин Джеко болмағанда Рим әскері жеңілгелі тұрған. Бір батыр табылып, екі гол салды. Джеко енді қайта-қайта құтқара бермесі анық. "Милан" өткен матчты оңай жеңді, әрі бір күн бұрын ойнады. Тың команда өз алаңында ойқастағалы тұр. Оның үстіне бірінші айналымда "Рома" "Миланды" 2:1 жеңген. Айтпақшы бұл матчқа Златан көке Ибраөимович те шығып қалуы мүмкін. Демек, шоуға ұласқан бұл ойында екі команда да голсыз кетпейді деп отырмын. "Романың" бұрыштамалары да 5,5 көп.

"Наполи" - СПАЛ

СПАЛ ұйықтап қалған команда секілді. Әлі ояна алмай жүр. Бұлар ұйқыдан тұрамын деген кезде Серия А аяқталады-ау. Дженнаро Гаттузоның командасы сенімді ойнап жүр. Жеңісін алдым.

"Удинезе" - "Аталанта"

"Аталанта" өткен турда камбэк жасады. 2-0 жеңіліп тұрған матчты құтқарды. Дуан Сапата, Руслан Малиновский, Алехандро Гомес секілді сайыпқыранда тегіс сапта. "Удинезенің" парша-паршасын шығарып жіберуі мүмкін. Жеңісін де алуға болады, бірақ мен өзім "Аталанта" тотал 1,5 көп дегенді алдым.

"Парма" - "Интер"

Антонио Конте өткен жолы қателік жасады. Мықты ойыншыларына демалыс беріп, қосалқы құрамға қалдырды. "Сассуоломен" 3-3 тең түсіп қалды. Қола жүлдегер атанамыз деп жүрген бұл командаға қазір "Аталанта" қуып жетпекші. Осы турда барлық мықты ойыншылар алаңға шығады және "Интер" жеңеді. Лаутаро мен Лукаку қатар шықса, алынбас қамал жоқ. "Интер" жеңісі. Бірақ, шынын айтайын, "Парманың" да ойынын жақсы білемін. Карнелиус пен Жервиньо секілді мықтылары бар. Сондықтан, "Интер" 1,5 көп деген нұсқаны да көрген дұрыс. Әңгімемнен түсінген шығарсыздар. Екіойлы болып отырмын.

Айтпақшы, "Сампдория" мен "Болонья" бұрыштамадан үй тұрғызатын командалар ғой. Тоталдарын алыңыздар. Ал бұл матчқа қандай болжам айтасыздар, аладопшыл қауым?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×