Джейдон Санчо «Манчестер Юнайтедке» ауысу туралы ойланып жатқанда, 17 жастағы америкалық жартылай қорғаушы Джованни Рейна Дортмундта ерекше өнерімен көзге түсуде. "Фрайбургпен" өткен соңғы кездесуде вундеркинд Санчоның орнына негізгі құрамда алаңға шықты. Сол ойында ол үш нәтижелі пас берді, сонымен қатар ең көп дриблинг жасаған ойыншы атанды.
Отбасындағы трагедия және "Нью-Йорк Сити" академиясына келуі
Рейна футбол отбасында дүниеге келді. Оның әкесі Клаудио Рейна «Рейнджерс», «Сандерленд», «Манчестер Сити» және басқа клубтарда ойнаған. Ал оның анасы Даниэль Эган АҚШ әйелдер командасында ойнады. Джованни 2002 жылы әкесі "Сандерленд" клубында ойнап жүрген кезде дүниеге келген. Клаудио өз ұлына «Рейнджерс» командасындағы бұрынғы серіктесі Джованни ван Бронкхорсттың есімін берді. 2007 жылы олар АҚШ-қа көшіп келеді. Ал Клаудио "Нью-Йорк Ред Буллзбен" келісімшартқа отырады.
Джованни он жасында үлкен қайғылы жағдайды бастан өткерді. Оның үлкен ағасы Джек 13 жасында ми ісігінің салдарынан қайтыс болды. Рейна ағасымен өте жақын болған, екеуі көбінесе америкалық футбол, баскетбол және футбол ойнайтын.
«Әрине, бұл Джованнидің бір бөлігі. Бұл бәріміз білетін нәрселердің бірі, бірақ біз бұл туралы үнемі сөйлеспейміз. Осындай оқиғалар бізді жақындастырады. Джованниде Джекке арнап салғызған татуировкасы бар. Ол оның бірінші татуировкасы еді. Және оны жасату үшін анасымен бірге барды. Татуировка - ағасын үнемі еске салады», - деді Клаудио Рейна The Athletic басылымына берген сұхбатында.
Ағасы қайтыс болған сәттен үш жыл өткеннен соң Джованни "Нью-Йорк Сити" академиясында жаттығуды бастады, оның әкесі сол жерде спорттық директор болып жұмыс істеді. Жастар құрамасының алғашқы матчында ол хет-трик жасады, ал бас бапкер Патрик Виейра Джоны Давид Трезегемен салыстырып, жас футболшының болашағын болжады. Рейна жарқырай бастады, бұл еуропалық клубтардың назарын аударды.
Джованни неге Дортмундты таңдады?
"Боруссия" клубының скауттары футболшыны алғаш рет 2017 жылдың күзінде Филадельфиядағы турнирде көрді. Джованниге Флоридадағы 16 жасқа дейінгі ұлттық құрама сапындағы табысты ойынынан кейін-ақ үлкен клубтар қызығушылық танытты. "Боруссия" оның ойынын қадағалап, 17 жасқа толғанын күтті. Сол кездің өзінде Рейна "Аякс", "Бавария" және бірнеше Премьер-Лига клубтарының назарын аударып үлгерген еді.
Футболшы 17 жасқа толғаннан кейін, әжесінің арқасында Португалия азаматтығын алды. Кристиан Пулишичтің, Усман Дембеле мен Джейдон Санчоның мансаптық өсуін жас ойыншыға үлгі ретінде көрсеткен Дортмундтық клубтың ұсынысын Джо еш ойланбай қабылдады.
«Мен әкеммен және агентіммен сөйлескенде айтқан ең маңызды әңгімем - бұл ойнау мүмкіндігі. Дортмунд мен үшін өте ыңғайлы орын болды, өйткені бұл алаңда Кристиан Пулишич пен Усман Дембеле сияқты жас ойыншыларға уақыт берілді. Мен клубтағы ең маңызды ойыншы болмайтынымды білдім. Бірақ мен өзіме сенімді болдым, егер көп жұмыс істесем және дайындалсам, негізгі құрамға кіріп, үнемі сол жерде ойнай аламын деп үміттендім. Қазір мен дұрыс бағытта келе жатырмын», - деді Джованни.
«Боруссияның» бас бапкері Люсьен Фавр бірден америкалық футболшыны негізгі құрамға тарта бастады. Бірақ Джованни Бундеслигадағы дебютін тек 2020 жылдың басында, клубтың негізгі командасына ауысқан кезде ғана жүзеге асырды. Ол алаңға "Аугсбургке" (3-5) қарсы матчта шықты. Ойыншының сол кездегі жасы 17 жыл және 66 күнді құрады, осылайша ол Германия чемпионатында ойнаған ең жас америкалық футболшы атанды.
Екі аптадан кейін Джованни Рейна "Боруссия" жейдесіндегі алғашқы голын соқты - «Вердермен» (3:2) болған кубоктық ойында. Бұл жолы ол Германия кубогы тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды.
"Боруссия" клубының шабуылшысы Эрлинг Холланд өз командаласының ойынына таңданып, Джоға «Американың арманы» деп мақтау сөздер жаудырды.
«Ол небәрі 17 жаста, осындай жасында ол доппен керемет ойнайды және осындай үлкен командада өнер көрсетеді... Оның қаншалықты сабырлы екендігі өте қызықты. Рейна мүлдем алаңдамайды, жай ғана бар қабілетін матчта көрсетеді. Керемет талант. Оның біздің командада болғаны қандай жақсы. Рейна әлемдік футбол элитасына енуі мүмкін. «Американның арманы», мен оны осылай атаймын», - деді Холланд ESPN арнасына берген сұхбатында.
Осы маусымда Фавр 17 жасар жігітті негізгі құрамда шығаруды жалғастырды. Мёнхенгладбахтың «Боруссиясына» қарсы Бундеслиганың 1-тур матчында (3:0) Джованни алаңға негізгі құрамда шығып, Германия чемпионатындағы дебюттік голын соғып, командасына пенальти әкелді. Ең қызығы, Рейна 17 жастағы «Боруссия» футболшысы Джуд Беллингемге нәтижелі пас шығарып берді.
Джо "Фрайбургке" қарсы матчта үш нәтижелі пас берді (4:0). Жас америкалық футболшы екі пасты Холландқа, бір пасты Эмре Джанға берді. WhoScored нұсқасы бойынша, Джованни матчтағы ең жоғары ұпайды алды (9,8 ұпай)
Рейна АҚШ ұлттық құрамасында ойнағысы келеді.
Рейна халықаралық деңгейде бірнеше елдің атынан шыға алады: Аргентина (әкесінің отбасы болғандықтан), Англия (сол жерде туды), Португалия (осы елдің азаматтығына ие) және АҚШ. Осы жылдың наурыз айында Джованни тек АҚШ құрамасында ғана ойнағысы келетінін мәлімдеді.
«Мен үшін бәрі түсінікті. Мен тек Америка Құрама Штаттарында ойнаймын. Бұл менің үйім», - деді 17 жастағы футболшы.
Джо бұған дейін де АҚШ-тың жасөспірімдер құрамасында ойнаған, енді ол 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында Кристиан Пулишичпен бірге ойнау үшін елдің басты командасына шақырту алуын асыға күтеді.
Біздің серіктес: FONBET