Бразилия «баптаған» өрендер қалт-құлт еткен қазақ футболын өрге сүйреуге қауқарлы ма?

26.09.2012, 18:30
Бразилия «баптаған» өрендер қалт-құлт еткен қазақ футболын өрге сүйреуге қауқарлы ма?
Жұмыр жерде ала допқа арбалған милиардтаған адам бар. Футболды кім жақсы көрмейді дейсіз. Әлем біріншіліктері мен Еуропа чемпионаттарын, қарт құрлықтың чемпиондар лигасын кірпік қақпай тамашалау қашанғы әдетіміз. Тарихқа үңілсек, сұрапыл соғыс кездерінде Германия мен Англияның әскерлері қаруларын жинап қойып, майдан даласын футбол алаңына айналдырған сәттер де болған. Нигерияның Биафра қаласында өштескен екі жақ әлем біріншілігіндегі Пеленің ойынын көру үшін атысты тоқтата тұрған. Бұл – елдерді достастыратын, ерлік пен елдікті әйгілейтін футбол деген ойынның құдіреті. Бір өкініштісі, қазақ футболы көрінгенге күлкі болып, әлі де көштің соңында келеді. Міне, бірнеше жыл болды ФИФА рейтенгісінде 137 орынның ар-жақ бер жағынан аса алар  емеспіз. Кеше Е.Ертісбаев «Қазақстан 2056 жылы футболдан әлем чемпионы болады» деп сәуегейлік жасапты. Қалай боларын кім білсін, әйтеуір, ел футболының көсегесін қайтсек көгертеміз деп, түрлі шараларды жасап та жатырмыз. Соның бірінде, теңбіл допқа үйірсек талантты да талапты жастарды жыл сайын Пеленің Отанында оқытып отыруға мүмкіндік алдық. 2007 жылы Мемлекет басшысының  Бразилияға ресми сапары кезінде еліміздегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболды дамытуға ықпалдасу келісіміне қол қойды. Осыдан соң Туризим және спорт министрлігінде арнайы жоба дайындалып, 2009 жылы Футбол федерациясының арнайы комиссиясының сынағынан өткен 26 жас өрен Бразилияда аяқдоптың қыр-сырын үйренуге аттанды. Жас жеткіншектер сол жақтағы «Оле Бразил» футбол академиясына түсіп, үш жылдай тәжірибе шыңдады. Қаржы бөлген агенттік үш жылда 83 миллион теңге жұмсапты. Мамандардың айтуынша, Бразилия жерінде біздің балалар өздерін тек жақсы қырынан көрсеткен. Былайша айтқанда, олар қазақ балаларының да доп тебе алатын дәлелдеген сыңайлы. Бразилия тәлімгерлері бізден барған жас футболшы Рауан Сариевтің техникасына тәнті болып, екінің біріне бұйыра бермейтін «Атлетико Минейро» клубына шақырту алғаны белгілі. Бірақ, кейін бұл командадан кетіп, одан кейін Бразилиядағы мықты клубтардың бірі Рио-де-Жанейроның «Ботафого» клубының ойыншысы атанды. Шыны керек, қазақ балаларынсыз да бразилиялық клубтардың таңы атып, күні батқан. Олардың өздерінің де талантты жеткіншектреі жетеді. Дей тұрғанмен, біздің жастарға Бразилияның құда түскені қуанышты жәйт. Жалпы біздің жастардың басты мақсаты футболмен тыныстаған Бразилияда жиған-терген тәжірибені өз еліміздегі клубтарда қажетке жарату болса керек. Расын айту керек, «Оле Бразил» түлектері оқу мерзімі аяқталып, елге келген соң шашырап кете жаздады. Кейін футболшылар «Астана-1964» командасына қабылданады деп шешілген еді, бірақ, «бразилиялықтарға» ол жақтан орын табылмады. Айтпақшы, «Оле Бразилда» оқып келгендерді көпшілік «бразилиялықтар» деп көкке көтереді. Сонау Латын Америкасында ала доптың әліппесін үйреніп, бір-бірімен бауырдай болып кеткен біздің «бразилиялық» балалардың елге келген соң да бастары бөлінген жоқ. «Алаңда өзара жақсы түсініседі, бұларды шашыратпаймыз» деген оймен   «Бәйтерек» атты футбол командасы құрылды. Тізгін жастарды сол жақта жаттықтырып келген бразилиялық маман Тиаго Казлоскиге берілді. Бұл команда биылдан бастап бірінші лигада ойнап жүр. Балғын футболшылар өздерін қалай көрсетіп жүр екен деп «Бәйтерек» командасының бапкері Мұзафар Абдулсаттаровқа жолықтық. Балалармен Бразилияда бірге болып, енді оларға «Бәйтерек» командасында бағыт-бағдар беріп жүрген бапкер футболшыларының мықты екенін айтып мақтанып қояды. «Академия түлектері небәрі 17-18 жаста болғандықтан олардың қатарына біздегі тәжірибелі ойыншылар қосылды. Команда бірінші лиганың ойындары басталуына бір ай қалғанда құралса да өз ойын өрнегін таба білді», – дейді команда бапкері Мұзаффар Абдулсаттаров. Тұңғыш рет бәйгеге түсіп отырған «Бәйтерек» биыл алғашқы бестікке ілігуді көздеген болатын, 22 турдың қорытындысы бойынша әзірге турнир кестесінде 5 орында келеді. Қарсыластарын 10 рет жеңіп, 3 рет ұтылған команданың қоржынында 39 ұпай бар. Барлығы 16 команда қатысып жатқан турнирде топ басында Алматы облысының «Іле-Сәулет» командасы, екінші орында «Астана-1964», үшінші Семейдің «Спартагы», оны өкшелей Өскеменнің «Востогы» келеді. Бұл маусым бір айдың көлемінде мәреге жетеді. Бір айта кетерлігі, 23 адамнан құралған «Бәйтерек» командасының 15-і «Оле Бразилде» тәлім алып келген жастар. Қалғаны жергілікті клубтың өкілдері. «Бәйтерек» клубының тізіміне енбей қалған «Оле Бразилдің»  он түлегі бүгінде бірінші лиганың өзге клубтарында өнер көрсетеді. «Бұл маусымдағы команданың басты мақсаты – жас спортшылардың тәжірибесін шыңдау және құрама команда сапына ілігуіне жағдай жасау»,-дейді Мұзаффар Абдулсаттаров. Бапкердің айтуынша, жас «бразилиялықтардың» әлі де жілік майы толған жоқ. 17-18 жастағы жас жігіттердің тісқаққан тәжірибелі футболшыларға қасқайып қарсы тұрып жүргенінің өзі де атап айтарлықтай жетістік. Аян Құсайынов, Берік Шайхов, Бағлан Бөрібай, Данияр Досанов сияқты футболшылар болашағынан зор үміт күттіреді. Команда бапкері Мұзаффар Абдулсаттаров: «Футболшылардың ешқайсысын бөле-жара айтқым келмейді. Бұл командалық ойын, бәрі де жарап тұр. Кәсіби футболдың не екенін түсінді. Кейбірінің аздап жарақат алғаны болмаса, маусымды ойдағыдай аяқтайтын түріміз бар», – дейді.   Әр ойында «Бәйтерек» сапында 5-6 «бразилиялық» алаңға шығып тұрады. Келесі жылдан бастап әр ойында алаңға шығатын «бразилиялықтардың» санын сегізге дейін жетуі мүмкін. Биылғы жылы тағы 26 жеткіншек Оңтүстік Америкаға бет алды, екі жылдан кейін «Бәйтерек» командасы толығымен академия түлектерінен құралмақ. Команданың шабуылшысы Берік Шайхов Бразилиядағы жаттығуларын былайша еске алды: «Ол жақта жас балалардың бәрі доп тебетін сияқты көрінді. Халықтың футболға деген махаббаты ерекше. Академияда жүргенде Бразилияның бізбен шамалас командаларымен ойын өткізіп, көбінде жеңіске жетіп отырдық. Пентакмпиондар елі деп үрке қарағанымызбен олар да ет пен сүйектен жаралған адамдар ғой. Академияның өзі шағын қалашық іспетті. Алаңсыз жаттығамын деген адамға барлық жағдай жасалған. Бастапқыда тілдерін түсінбей біраз қиналғанымызбен, кейін негізгі сөздердің бәрін үйреніп алдық».     Елге келген соң да жаңа команда болып жасақталған жас футболшыларға жағдай жасалып-ақ жатыр. «Бәйтерек» футболшылары республикамыздағы ең әдемі стадион «Астана-аренада» жаттығады. Соның қасындағы «Сарыарқа» велотрегінің қонақ үйінде жатады. Команданы Агенттіктің Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясы қаржыландырып отыр. Бұдан былай  командаға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тарапынан да қаражат бөлініп тұрады. Енді бірнеше жылдан соң «Бәйтерек» футбол командасы еліміздегі азулы команданың біріне айналары сөзсіз. Неге десек, жыл сайын «Оле Бразилде» оқыған жас өрендер «Бәйтерек» командасының сапына қосылып, жаңа леп, соны серпін әкеліп отырады. Қанша дегенмен, біз білетін Бразилияның футболы бөлек. Аты аңызға айналған Пеленің, шын шебер Роналдоның, ала допты ұршықша үйіретін Рональдинионың, соққысы жойқын Роберто Карлостың, қазіргі Рабиньо мен Неймардың елінде футбол өнерінен сусындаған жастар енді бірнеше жылдан кейін қазақ футболының кеудесін тік, абыройын асқақ ете алса нұр үстіне нұр болар еді. Еркебұлан ЕРҒАЛИ, ҰЛТ ТIMES газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×