Брюссельдегі Қазақстан қызы

09.10.2011, 01:55
Брюссельдегі Қазақстан қызы
Бұл мақала Брюссельден қазақ топырағына жетіп, жарыққа шыққанша, Бельгия және Қазақстан құрамалары арасындағы ойын да аяқталады. Десек те, матч қарсаңында­ғы баспасөз мәжілістеріне тоқтала кетсек.Батыс Еуропа уақытымен таңертең Бельгия құрамасының жаттығуы өтті. Футболшылардан бірінші болып жасыл алаңға Ван Бюйтен шықты. Ресейде ойнайтын Ломбардс бізбен орысша амандасты. Компани ойыншылардың артына қарай шықты. Бельгия жаттығуын бастамай тұрып, жаңбыр жай себелеп тұрған. Біраздан соң құйды. Жаттығу жұмыстарынан соң, Бельгия футбол федерациясы белді футболшыларын баспасөз залына бір-бірлеп әкеле бастады. Бәрінің да айтқандары «Қазақстан құрамасы қазір жақсы ойнап жүр, құрамдары өзгерген, түзде Түркияның екі аяғын бір етікке тыққан, ертеңгі ойын оңай болмайды» дегенге саяды. Содан соң бас бапкерлері Жорж Леекенс келді. Жорж мырза «Астанада жеңгенбіз, өз алаңымызда да жеңеміз» деп тым сенімді болуға тырысты. Ал «Қазақстан құрамасы сапындағы қай футболшылардан ерекше қауіп күтесіз?» деген сұраққа «мен ешкімді де бөле-жара атамайтын бапкермін» деп ешкімнің де аты-жөнін атамай қойды. Біз оның мұнысын ұнатыңқырамай, «мүмкін, сізге Қазақстан футболшыларының атын дұрыстап айту қиындық туғызатын шығар, біз түзеп отырамыз» десек те илікпеді. Біз мұны «Жорж мырза ешкімді жарнамалағысы келмей отыр» деп қабылдап, өз-өзімізді жұбатып жатырмыз. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, егер ол «мен Пәленбаевтан сескенемін» десе, ол әлгі футболшы үшін тамаша жарнама емес пе? Сол күні-ақ баспасөзде «Леекенс Пәленбаевтан қатты қауіптенеді екен» деген сөздер қаулап кетеді. Бельгиялық журналистер бізден Қазақстан құрамасы жайлы көп нәрсе сұрады. «Кім жарақаттанып қалды, кім келе алмады?» деген сұрақтардың бірінен соң бірін қоюмен болды. Өздерінен Т.Вермален («Арсенал», Англия), Т.Альдервейрелд («Аякс», Нидерланды), Ж-Ф.Жилет («Болонья», Италия), Е.Воссен («Генк») жарақаттанып қалыпты. Ал М.Феллани («Эвертон», Англия) және Н.Ломбардс («Зенит», Ресей) екі ескерту алғандықтан, алдағы ойында алаңға шыға алмайды екен. Кешкісін Қазақстан құрамасы әуелі баспасөз мәжілісін өткізіп, одан соң жаттығуға шықты. Журналистермен тілдесуге бас бапкер Мирослав Беранек және Андрей Карпович пен Серікжан Мұжықов келді. Біздің бапкер де тактикалық тұрғыдағы сұрақтарға ашылып жауап берген жоқ. Намысты қолдан бермеуге тырысатындықтарын шегелеп айтты. Карпович «біз қарсыласымызды жақсы білеміз, сыйлаймыз әрі құрметтейміз, оларға өз мақсаттарына жету үшін ертеңгі ойында жеңіске жету керек, бірақ біздің де өз мақсатымыз бен мұратымыз бар, біз де соған қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз» деп кесіп айтты. Серікжан көп шешіліп сөйлемеді. Әйтсе де қазақ тілінде қойылған сұрақтарға жауап берді. Соңғы ойындарда екінші таймда алаңға шығып, өзіне деген сенімділігі артып, құрама сапына кірігіп кеткендігін тілге тиек етті. Екі баспасөз мәжілісіне де Бельгиядағы әріптестеріміз келді. Осы елдегі «Қазақстан» телеарнасының және «Қазинформ» агенттігінің журналистері келді. Ал аудармашы қызметін өзіміздің отандасымыз Ирина Люсина атқарды. Ирина – кезінде «Мерей» клубының сапында ойнаған футболшы. Кейіннен Самараға кеткен. Бірақ көп ұзамай Бельгияға келіп, «Андерлехт» клубының сапында екі жыл ойнапты. Содан бері осы елде тұрады екен. Бірақ азаматтығын әлі өзгертпепті. «Мен әлі қазақпын» деп бәрімізді риза қылды. Отандастарымен кездескеніне қатты қуанып, мәз болды. Оны аудармашы қызметін атқарып беруге Бельгия футбол федерациясы шақырған екен. Баспасөз мәжілісінде бәрін де жергілікті журналистерге нидерланды тіліне аударып беріп отырды. Содан соң «Алматыдағы құрбыларыма жіберемін» деп, Қазақстан футболшыларымен суретке түсті. Әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы қыздарының барлығын таниды екен, кейбіреулерімен бірге ойнаған да. Автор: Нұрғазы Сасаев Ақпарат көзі: Алашайнасы газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×