Бүгінгі назар Барселона мен Парижде

12.03.2014, 20:56
Бүгінгі назар Барселона мен Парижде
artimg_101857571Кеше түнде Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алған қос клубты анықтап алдық. Бұлар: немістің "Бавариясы" мен испандық "Атлетико". Ешқандай тосын-сый да орын алмады. Ал бүгін 1/8 финал ойындары өз жалғасын таппақ. Жасыл алаңдағы майданда кім мықтыны өзара анықтайтын "Байер" мен ПСЖ, "Барселона" мен "Манчестер Сити". Ал енді осы жұптарды саралап көрейік.   Германиядағы кездесуде 0:4 есебімен "Байерді" тас-талқан еткен париждік клуб ширек финал мәселесін бірнеше апта бұрын шешіп тастаған еді. Ал бүгін нәтижені ұмытып, жәй ғана әдемі ойын көретін боламыз. Қарсыластың қорғанысын оп-оңай бұзып жаратын Златан Ибрагимовичтің өзі жанкүйерлердің басты назарында болатыны хақ. Оның үстіне швед биыл Чемпиондар Лигасының үздік мергені атағын алу үшін Криштиану Роналдумен жарысып келе жатқаны тағы бар. Алайда футбол тарихында өз алаңында күйреп жеңіліп, қарымта кездесуде сенсация жасап кеткен командалар аз емес. "Байерді" бүгін осылардың қатарына қосуымыз мүмкін бе? Жоқ, ливеркузендік клуб соңғы алты ойында бар болғаны 1 ұпай жинаған екен. Бұндай статистикамен "ПСЖ-ны" ұту, оның үстіне күйрете жеңу мүмкін емес, меніңше. Әлемнің белді әрі шулы бапкерлері Жозе Моуриньоның өзі париждік клубты Чемпиондар лигасының фаворитінің бірі санаған еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтайық, бұл жұптың жеңімпазы - "ПСЖ". Ал Хююпия шәкірттеріне келесі жылғы еврододаға дайындалу керек шығар. Кеше Испания астанасында өткен "Атлетико"-"Милан" арасындағы кездесу немен аяқталғанын білетін шығарсыз. Бүгін осы елдің басқа қаласында тағы бір матч өтпек. Соңғы жылдардағы Европаның үздік клубы "Барселона" өз алаңында манчестерлік "Ситиді" қабылдайды. Алғашқы ойын Пиреней түбегінен келген ұжымның пайдасына шешілген еді. Есеп - 0:2. Бір қарағанда, каталониялықтардың аса қобалжуына себеп жоқ секілді. Бірақ ағылшындықтар бұл жұптың тағдыры шешілген жоқ деп отыр. Демек нағыз тартыс алда болмақ. Тәжірибели Пеллегрини өз шәкірттеріне не айту керектігін біледі. Сенсация жасамаса, басқа қайран жоқ секілді. Оларға енді алаң иелерін 0:3 немесе 1:3 есебімен жеңу қажет. "Барса" соңғы үш ойынның екеуінде жеңілген болатын. Қаһарман Месси бастаған блауграна осы бір тайыз ойынды бір ретке келтіретін шығар бүгін. Сонымен жасыл алаңда өтетін "қан майданды" көргіңіз келсе, бұл матчты астана уақытымен 01:45-те КТК арнасынан жіберіп алмаңыз. Есет ТӨЛЕШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×