«Челсидің» бұрынғы футболшысы мансабын аяқтады

29.09.2022, 21:47
Бразилиялық футболшы Чемпиондар лигасында «Барселона» қақпасына тамаша гол соққан еді.
«Челсидің» бұрынғы футболшысы мансабын аяқтады

«Челсидің» 35 жастағы бұрынғы жартылай қорғаушысы Рамирес футболшы ретіндегі мансабын аяқтағанын жариялады. 

«Ойлана келе, мен кәсіби футболдан кету туралы шешімімді жария еткім келеді. Ең алдымен, маған бағыт-бағдар беріп, жоғары спорттық нәтижелерге жетелеген Құдайға мың да бір шүкіршілік етемін. Өзім ойнаған барлық клубтарға рахмет айтамын. Бұл командаларды және олардың жанкүйерлерін әрқашан жүрегімде сақтаймын. Сондай-ақ Бразилия құрамасына екі әлем чемпионатында ойнау мүмкіндігін бергені үшін алғыс айтамын, бұл маған қуаныш сыйлады.

Мен бірге жұмыс істеу бақытына ие болған барлық командаластарыма, қызметкерлерге, жаттықтырушыларға және директорларға алғыс айтамын. Отбасыма, анама, балаларыма, бауырларыма және шынайы достарыма рахмет. Осы жылдар бойы қасымда болып, менің әрбір жеткен жетістігіме қуанғаны үшін мың алғыс. Бұл маған күш және мотивация берді Барлығы үшін рахмет, футбол!» — деп жазды Рамирес өзінің әлеуметтік желілерінде.

Еске салайық, Рамирес мансабында лондондық «Челси», лиссабондық «Бенфика», қытайлық «Цзянсу Сунинг», сондай-ақ бразилиялық «Палмейрас», «Крузейро» және «Жоенвиль» командаларында ойнаған.

Жалпы клуб деңгейінде 494 матч өткізіп, 73 гол мен 55 нәтижелі пастың авторы атанды. Ал Бразилия құрамасы үшін 51 ойынға қатысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×